Әкімдік "үй соғып жатып алтын тауып алды" деген видеоға қатысты пікір білдірді
2019 ж. 24 қазан
5596
0
Алматы облысының әкімдігі ер адамның алтын тиындар қазынасын тауып алды деген видеоға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
WhatsApp мессенджерінде алтынға толы құмыраның табылғаны туралы видео таралып жатыр. Мессенджерде таралған ақпаратта оқиғаның Алматы облысы Қалжат ауылында болғаны айтылады. Сондай-ақ, видеоның сипаттамасында құмыраның ішінде 47 келі алтын болғаны айтылады.
Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің өкілдері осы жағдайға байланысты пікірі білдірді.
"Иә, Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылының тұрғыны шынымен де өз ауласынан құмыра тауып алған. Ол құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатып, тауып алған", - деді облыстық әкімдік баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел.
Оның айтуынша, құмыра табылған уақытта облыс әкімдігінің мәдениет басқармасының өкілдері акт толтырып, табылған заттарды зерттеу үшін барған.
"Зерттеу нәтижелері дайын болғанда, біз оның қай тарихи кезеңге жататынын айта аламыз", - деді Ғалымұрат Жүкел.
Баспасөз қызметі жетекшісінің айтуынша, құмыраның іші бос болған.
"Құмыраның ішінде 47 келі алтын болды деген ақпарат - таза фейк және бұл жағдайға еш қатысы жоқ", - деді ол.