Қазыбек ИСА. Әблязов неге қазақ тіліне қарсы билікпен ауыз жаласты
2011 ж. 21 қыркүйек
1387
10
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТАҒДЫРЫНЫҢ ШЕШІЛМЕУІ – МИНАНЫҢ ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРЫЛМАУЫ...
«Самарқанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» дегендей, біз қазақ тіліне қарсы билік пен іштегі кейбір оппозиция өкілдерін сынап жатқанда, сырттағы «сырттан» Әблязов та қазақ тіліне қарсы Ертісбаевтың ертегісіне қосылып, шын пиғылын жасыра алмай қалды... Елдің көзін жеткізу үшін Әблязов үндеуін сөзбе-сөз келтірейік: «...Сіздердің орыс тілінің мәртебесін жою арқылы қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде қолдау көрсету туралы талаптарыңыз – ұлтаралық қатынастардың ушығуына, елден орыстілді азаматтардың кетуіне, біздің еліміздің шетелдегі беделінің түсуіне әкелетін қадам,»-деп, Ертісбаев аузына түкіріп қойғандай, биліктің 20 жылдан бері айтып келе жатқан жаттанды жарамазанын соғады. «Сіздер осыны қалайсыздар ма? Олай болмаса, онда өздеріңізге екі сұрақ қойыңыздар – қазақ тілінің мүшкіл халіне кім кінәлі және не істеу керек?» деп, бәрімізге белгілі жауап – бүгінгі билікті айыптайды... Әжептәуір саясаткер деп жүрген Әблязовтың сөздері бір-біріне кереғар. Ол қазақ тілінің мүшкіл халіне биліктің кінәлі екенін айтады. Оны, әрине, Әблязов айтпай-ақ елдің бәрі жақсы біледі. Енді билік кінәлі болмағанда Шаханов кінәлі емес қой, мемлекеттік тілдің дамуына... Сөйте отырып, Әблязовтың өзі осы үндеуінде сол биліктің кінәсін – мемлекеттік тіл туралы саясатындағы «орыс тілін төмендетуге болмайды, қазақ тілі не болса, ол болсын» деген ұстанымын айна қатесіз қайталайды. Біз мемлекеттік тілді білмей, ұлттық мүддемізді талап етпей жүре берсек, шетел алдындағы беделіміз керемет болады екен де, ал Конституциялық заңды талабымызды – қазақ тілінің қарыштауын қаласақ, шетел алдындағы абыройымыз аяқ асты бола қалады екен... Бұл қандай мазақ?! Қазақ елі қазақ тілін қажетке жаратқаны үшін сыйламайтын шетелдіктердің атасына нәлет! Өздері заңсыз өз тілдерін біледі де, заңды мемлекеттік тілін білгісі келген мемлекеттен кеткісі келетін, ұлтаралық қатынастарды ушықтыратын орыстарға «жолың анау» дейміз барлық дамыған елдер секілді. Ең алдымен өзіміз еліктейтін Ресей секілді... Бұл не масқара, ауыз жаласа қалған Ертісбаев пен Әблязов мырзалар?!. «Қазақ тілінің мүшкіл халіне кім кінәлі және не істеу керек?»-деген Әблязовты «толғандырған» екі сұрақтың жауабы - 138 зиялының ашық хатында айқын айтылғандай, биліктің Конституцияға орыс тілін қабаттастырып, елді шатыстыратын 7 баптың 2-ші тармағын енгізуі кінәлі. Енді «не істеу керек?» дегенге жауап – ол бапты алып тастау керек! О, бұл билігіңнің де, оппозицияңның да жанын алатын талап. Өйткені екеуі де – орысқұл. Ертісбаев пен Әблязовтың сөздері неге егіздей ұқсас? Әншейінде билікке қарсы Әблязов енді неге ұлтшыл оппозицияның ұранына емес, биліктің арсыз ариясына қосылады?.. Бұдан шығатын қорытынды – билікке орысшыл оппозиция келген күнде де, тілдің, ұлттың бүгінгі жағдайы өзгермейтіні белгілі болды. Қайта бұл күнімізге де жылап көрісеміз бе деген қауіп ұялайды... Бүгінде біздің мемлекеттік тілге байланысты сынымызға ұшыраған саясаткерлердің «адвокаттары» ақталу үшін айтып жатқандай, олар біздің «ескі қарсыластарымыз» емес... Мұқтар Әблязов кеше шетел асып кеткенде, кезінде оның қолынан жем жеген Ерғалиевалар енді «Свобода слова» газетінде сыртынан беталды сойып жатқанда оларды біраз кінәлап жазғанымыз бар еді... Сондықтан болар, «ЦентрАзия ру.» порталындағы «Тяжела и неказиста. Жизнь информационных холдингов» (14.02.2011.) атты бүкіл БАҚ-қа жасаған сараптамасында Алмас Бекбердиев : «По сравнению с другими изданиями газету "Жас қазақ үні" можно назвать поистине независимой. Владелец и главный редактор газеты – поэт Казыбек Иса. Является членом политсовета партии "Ак жол". Несмотря на это, он не подпадает под полное влияние никакой партии или клана»-деп баға бере отырып, «Однако в последнее время газета "Жас қазақ үні" работает в интересах партии "Алға", а точнее, М. Аблязова» деп те жазады. Енді бүгін сол Мұқтар Әблязовтың қазақ тіліне қарсы билікпен ауыз жаласқан әрекетін көрген соң қалай ішің жылиды... Немесе, біз қазақ тілінің намысын қорғап, сынағанда ғана көре қалатын Болат Әбілов кезінде бірнеше рет «Жас қазақ үні» газетінің «Жыл адамы» болғанын білмейтін де болуы керек... Ал шын пиғылдары әшкере болған жалған оппозицияның «ұлтшылдар биліктің тапсырысын орындап отыр» деген оттауына «Жас қазақ үні» газетінің өткен нөмірінде «АТА ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТПЕЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ – СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕН ДЕГЕНМЕН БІРДЕЙ…» атты мақалада ( www.qazaquni.kz ) нақты жауап бергеміз. Әжептәуір деген Әблязовтың өзі ауылдағы таптаурын айыптаудан шыға алмай: "Ұлтшылдар Президент әкімшілігі тапсырмасын орындап отыр" деп соғуы да оның ұлттық мүддеге қарсы көзқарасын бүркемелеуі деп білемін. Ол өзі қамқорлық жасайтын k+ арнасындағы менің журналист Қасым Аманжолға берген сұқбатымда да "бұл биліктің тапсырысы емес" екені соқырға таяқ ұстатқандай айтылғанын көрмесе, немесе қазақша түсінбесе Әблязов үшін аталмыш мақаладан үзінді келтіре кетуге де болады: " Өздерін оппозицияшылдармыз деп көрсеткісі келетіндер ел алдында ұлттық мүддеге қарсы шын мәніндегі пиғылдары әшкере болғасын, оны қалай бүркемелеу керектігін әдеттегі жолмен айқындап алыпты… Өздеріне қосылмағандарға қолданатын ескі әдістері: «олар биліктің тапсырмасын орындап отыр» деген жала таратуды енді ұлт зиялыларына да қолдануда. «Тіл туралы үндеуді Шаханов тобы биліктің тапсырмасын орындап, негізгі күрделі мәселелерден, Маңғыстау мұнайшыларының ереуілі т.б. оқиғалардан ел көңілін аударып алып кету үшін жасап отыр», т.б. неше түрлі өсектерді соғуда. Тіпті, тісі саясатпен сарғайған сақа саясаткерлердің ішінде де өзім хабарласқан кейбіреулері «мен осылай ойлаймын» деп, үндеуге қол қоюдан бас тартуда… Бұған не дерсің? Сонда олар үшін мемлекеттік тіл мүддесі – мемлекет мүддесі – тұтас ұлт тағдыры мен намысы екінші, үшінші кезектегі мәселе екен, әйтеуір негізгі емес екен… Ғасырлар бойы күткен Тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірегейі – әркім қастер тұтуы тиіс мемлекеттік тіл туралы бұндай сөз айтқан саясаткерлерді, мейлі билікте болсын, мейлі оппозицияда болсын, өзге елдерде, мысалы Өзбекстанда ит қосып қуады… Қасым Аманжол бастаған журналистердің де маған негізгі қойған сұрақтары осы «биліктің тапсырмасы» туралы болды. Мен бұған таңғалдым. Тілім деп, ұлтым деп шырылдап жүрген әлемге әйгілі ақын Мұқтар Шаханов қалай биліктің тапсырмасын орындайды, егер ең бірінші ол кісіге мен шығып, Үндеу жайлы ұсыныс жасасам… «Орыс тіліндегі екі-үш басылымның сынына бола Мәдениет министрлігі тіл туралы заң жобасынан негізгі бапты алып тастады. Біз қайта қостыру үшін осы күйіп тұрған мәселеге үн қатайық» деп телефон шалдым. Мұқаң өзінің шаршап жүргенін айтып, «Онда өзің жаз мәтінін, кейін талқылап, зиялыларға қол қойдырамыз» деді. Осылай басталды Үндеу жариялау бастамасы. «Жалын» журналы редакциясында ел зиялылары жиналып, үндеу мәтіні талқыланды. Маңызды деген мәселелер қосылды. Бар болғаны сол. Бұл жерде мені «билік» деп ойламасаңыздар, ешқандай жоғарының нұсқауы болған жоқ деп кепілдік бере аламын. Егер билік өзі тапсырма берсе, Үндеуге Президент кеңесшісінен бастап, тайлы-таяғына дейін қарсы шыға ма? Шахановтың үстінен неше түрлі жала материалдар да қаптап жатқанын жақсы білесіздер… Өтірік болса да, қисын деген болсайшы? Ал біреудің тапсырмасын орындайтындай Мұқтар Шаханов «Алжасқан» жоқ…"КОНСТИТУЦИЯНЫ ӨЗГЕРТУ ЖАЙЛЫ САУАЛ -
КІМНІҢ КІМ ЕКЕНІН АНЫҚТАЙТЫН ДЕТЕКТОР
Меніңше, осыдан бастап, біздің қожайын тілінде сөйлеуге құмар құлдық құлқындыларымызды «орысқұл» деп атау керек шығар... «Отар кезіндегі орысқа құлдығынан арыла алмай жүргендіктен, қожайын тілінде - орысша сөйлеп, орысша ойлайтын, орыс тілін қорғап, орысша өмір сүретін құлақкесті құл» деген сөзден шыққаны анық аңғарылып тұрған жоқ па? Сонда 138-дің Ашық хатына қол қоймай, қазақ тіліне қарсы шығып, орыс тілінің жолында өлетін саясаткерлер Ертісбаев, Мәми, Мұхамеджанов, Алдамжаров, Әблязов, Әбілов, Ж.Қуанышалин, М.Тінікеев, Бақыт Сыздықова, Бибігүл Төлегенова, Дүйсенбек Нахимов, Ж.Мамай, А.Омарова және тағы басқалардың аттары аталғанда тіл ұшына «орысқұл» деген атау орала кететін болады... «Мәңгүрт» дегенге балама, синоним деуге де болатын бұл атау үшін терминкомнан ақы сұрамайтынымды Мәдениет министрлігіне ескертемін... Өттерің жарылып кетсе де айтайық, қазір «қазақ тіліне қарсы емеспіз, дамуы керек, бірақ орыс тілінің мәртебесі жойылмасын» деген билік пен оппозициядағы қаптаған орысқұлдардың осындай екіжүзділік, көзбояу «қағидаларының» тура мағынасы, яғни қазақша аудармасы - «қазақ тіліне қарсымын, өле берсін, орыс тілі жасай берсін» деген сөз. Осы сөзді және «мемлекеттік тілге түгел өту үшін әлі де уақыт керек» деп, өздерін «отыз жылда тіл үйренетін» Қожанасырдың есегімен теңестіретіндер жиі айтатын оттау сөзді айтушылар – мемлекеттік тілге және мемлекетке қарсылар. Бұл – Отанға опасыз Орысқұлдардың оттаубайы! Бұны түсінбейтін қазақ ақымақ емес. Өйткені тең ұсталуы мүмкін емес Тіл Таразысында өзінің конституциялық заңды орынын 20 жылдан бері антиконституциялық орыс тіліне беріп қойған қазақ тілі дамуы үшін... орыс тілі кемуі керек. Бұл табиғи һәм тарихи және ғылыми заңдылық. Онсыз, бірін өсіріп, бірін кемітпесең, 100 пайыздық өлшем заңдылығына қалай қарсы шығасың... Ол елді алдау емес, ең алдымен өзіңді алдау! Ел соған миы жетпейтіндей сауатсыз емес... Әсіресе, дәл қазір... Себебі, орыс тілі туралы Конституцияның 7-ші бабының 2-ші тармағын алып тастау жөніндегі біздің биліктен талабымыз қазір кімнің кім екенін дәл анықтайтын детекторға айналды. Өйткені, биліктегі де, оппозициядағы да өп-өтірік «елім, тілім», деп еңірегенде етегі жасқа толатындардың екіжүзділіктері әшкере болуда. Біздің саясаткерлер мен қайраткерлерге, қаламгерлерге, мәдениет пен өнер өкілдеріне, жалпы зиялыларға сауын айтып, сауал салып жатқан «Ұлт зиялыларының Үндеуіндегі Конституциядан орыс тілі туралы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастау талабын қолдайсыз ба?» деген жалғыз сұрақ олар үшін ертегідегі жан алғыш жалғыз көзді дәуден де қорқынышты болуда. Біздің «мазасыз» телефондарымыздан қашу , «өзім хабарласамын» деп жалтару, электронды поштаға, тіпті sms-ке де жауап бермеу үдеп тұр... Біз әжептәуір үміттеніп жүрген жас саясаткер Жанболат Мамай да, Әблязов пен ертісбаевтардың қазақ тіліне қарсы сөздерін айна-қатесіз қайталап, екіжүзділігін білдіріп қойды. Ол қазақ тіліне қарсы майданның жалауын ұстап тұрған әблязовтық «Республика.инфо» порталына берген жауабында өзінің 138-дің хатын оқымай қол қойғанын, егер оқыса да, өмірі қол қоймайтынын «мақтанышпен» мәлімдейді. «Моя позиция остается прежней: государственный язык развивать нужно, но не в ущерб другим языкам. Я также считаю преждевременным влезать в Конституцию и лишать русский язык официального статуса.» Яғни, жоғарыда айтып кеткеніміздей, «қазақ тіліне қарсы емеспіз, дамуы керек, бірақ орыс тілінің мәртебесі жойылмасын» деген билік пен оппозициядағы қаптаған орысқұлдардың осындай екіжүзділік, көзбояу «қағидаларының» тура мағынасы, яғни қазақша аудармасы – «қазақ тіліне қарсымын, өле берсін, орыс тілі жасай берсін»деген сөз. «Республикалық» тілшінің мұрнынан сүйрегеніне бұзаудай телпеңдеген Жанболаттың сауатсыздығы һәм біржақтылығы «бұл хатқа неге билік ұйымдасқан түрде бірден назар аударып отыр, ал бұрын бұлай хат жазғанымызда олай болмап еді. Сондықтан бұл биліктің ісі»» деп, беті бүлк етпеуінен көрінеді. Әрине, көсемі Әблязов айтқан «анықтамадан» айнымау керек қой... Ау, бұрынғы қаптаған ашық хаттарда орысқұл билік пен оппозицияның ең жанды жері – Конституцияның 7 бабы 2 тармағын алып тастау болып па еді?.. Бұл бір. Екіншіден, қазақ тілділердің қарқынынан қауіптенген Жанболатты қазақ тіліне қарсы 5000-дай орыстілділердің ұйымдасқан түрде бірден шабуылы ойландырмайды? Неге? Одан соң «Конституцияны өзгерткенше, қазақ тілінде оқулықтар, сөздіктер жазу керек» деген бұрынғы қарсыласы, орысқұл Айгүл Омарова секілді түкке тұрғысыз, елді алдайтын, мемлекеттік БАҚ күнде жазатын бос мылжыңды езгілейді. Ол қазақша оқулық,сөздіктерді Конституцияның 7 бабы 2 тармағын алмай, ешкім де керек етпейтініне осылай дегіштердің миы жетпегені ме? Ақырында Ж.Мамай жеп отырған «жемін» ақтап, бір-ақ тынады: «Бәрі «Халық майданына» қосылу керек» дейді. «Халық майданын» басқаратын Әблязовтардың қазақ тіліне қарсылығы биліктен, ертісбаевтардан да асып тұрса, кім қосылады? Сөйтіп, мемлекеттік тілді бірінші орынға қоймайтындар, орысқұлдығын, өзінің қазақ тіліне қарсылығын « ең алдымен билікке қарсы күресу керек» деп, «ең оңай, жеміссіз арзан әдіспен» ақтап алуға тырысады. Осылайша,Маргаританың мақамынан шыға алмаған Мамайымыз да «Мақтаған қыз тойда бүлдіреді...» дегеннің өзі болып шықты... Ал қазақы қаны бар деп жүрген Қыдырәлі Болмановтың қазақша қуыршақтар жасағанын қос қолдап қолдаймыз. Бірақ қуыршақ жасаушы Қыдырәлінің биліктің қуыршағына айналып кеткені өкінішті... «Жас қазақ үні» газеті 2004 жылы қазақ тіліне қарсы дауыс берген Парламент депутаттарын әшкерелеп, қара тізімді жария еткенде қоғам бір дүр сілкініп еді. Бұл тізімді барлық басылымдар жарыса көшіріп басып жатты. «Егемен Қазақстанның" өзінде әйгілі тарланбоз Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, «Жас қазақ үні» газетін оқы!»деп айқай салды. Осы бас газетте белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиевке: «Сіздің қазақ тіліне қарсы шыққаныңызды «Жас қазақ үні» газетінен оқып білген соң, бұндай партия қатарында бола алмаймын» -деп жазып, партиялық билетін қайтарып берді... «Қазақ әдебиеті» газеті: «Жас қазақ үні» газеті қоғамды бір мақаламен-ақ түртіп оятты» деп жазды. Енді міне, кімнің кім екенін білетін тағы бір кезең ,сын сағаты туды... Тағы да зор сілкініс тудырған... тағы да қазақ тілінің ауыр тағдыры... Негізі, мемлекеттік тілді білмей келгеніне Қазақстан азаматтары кінәлі де емес. Өйткені, олардан ешкім мемлекет ретінде мемлекеттік тілді талап етіп жатқан жоқ қой... Бұл жерде бәріне басты кінәлі - билік. Әйтпесе, Тәуелсіздік алған жылдары өзге ұлт өкілдері заңды тіл талабына көніп, барлығы тіл үйрену курстарына барып, балаларын қазақша балабақшаларға бере бастап еді... Жақсы басталып келе жатқан осы үрдісті тоқтатып қойған биліктің өзі. Үкімет төрағасы болған Қарамановтың кезінде Тіл туралы заңға қара дақ салған, мемлекеттік тіл рөлін төмендеткен бір қаулы шықты да, жұрт босаңсып сала берді. Ал бәрін бүлдірген сол, Конституциядағы 7-ші баптың 2-ші тармағы... «Ауруын жасырған өледі» деген керемет мақал бар... Минаны жоқ деп жасырғаннан... ол жарылмай қалмайды... Оны залалсыздандыру керек. Оның бір-ақ жолы- Қазақ елінде тек бір ғана қазақ тілін мемлекеттік тіл ету! Ұлтаралық қарым-қатынас тілі дегенің де, ресми тіл дегенің де – мемлекеттік тілдің атқаратын шаруасы. Оған өзге ұлт өкілдерінің басым бөлігі қарсы емес. Тек өзіміздің биліктегі де, оппозициядағы да мемлекеттік һәм ана тілдеріне миы жетпейтін орысқұл қазақтар қарсы. Биліктің елді 20 жыл алдап келгені жетеді!.. Мемлекеттік тілдің тағдыры шешілмей қала беруі – ақырындап жарылатын минаның залалсыздандырылмай, қауіпті сағаттың жақындай беруі болып табылады. Желтоқсан көтерілісінде ары үшін малын да, жанын да садаға қылатын қазақтар алаңға «қарнымыз ашты» деп шыққан жоқ, «қадіріміз қашты - тіліміз, ұлттық мүддеміз қор болды» деп шықты. Бұны білуге билікке көп ақылдың керегі жоқ. Иә, тек құлдық пиғылдан арылтатын намыс пен жігер ғана керек. Әблязовтың «әліппесін» тыңдамай, қазақстандық өзге ұлт өкілдеріне: «Сіздерді 20 жыл бойы мемлекеттік тілді міндетті үйренуден заңсыз айырғанымыз үшін кешірім сұраймыз»- деп, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында тәуелсіз де, басты қадамға баруы керек. Сонысымен де, мемлекет – мемлекет емес пе?!. Егер шынымен де, Тәуелсіз ел болсақ... тек осылай етуге тиіспіз!«Жас қазақ үні» газеті
www.qazaquni.kz