ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ЖАҢҒЫРТУҒА ЖОЛ АШҚАН ЖОБА
2017 ж. 13 желтоқсан
2676
0
Аман Әбен – 1995 жылы 15 тамызда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Бала кезден өнерге бейім жас талант 2007-2012 жылдар аралығында саз мектебінің баян сыныбында тәлім алады. №5 қазақ-орыс орта мектебінде білім алған ол 2013-2017 жылдары Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің колледжіндегі «Эстрадалық ән салу» мамандығын бітірген. Өнер әлеміне ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, сатирик, журналист Жарылқасын Дәулеттің жетекшілігімен, сатира сардары Үмбетбай Уайдинның ақ батасымен қадам басқан Аманға Алла жар болып, алдыңнан Ақ жол ашыла берсін демекпіз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алып, дамудың даңғыл жолына бет бұрдық. Ел өміріне рухани серпіліс туған бүгінгі күні қазақтың ән өнерінде тың туындылар мен жаңа жобалардың дүниеге келе бастауы әрбіріміздің көңілімізге қуаныш ұялататыны сөзсіз. Қазақ ән өнерінің тасын өрге домалатуды көздеген осынау интеллектуалды жобалардың бірегейі – ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, сатирик, журналист Жарылқасын Дәулеттің тікелей бастамасымен дүниеге келген жоба. «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Ұлы Абай атамыз айтпақшы ән әлеміндегі есті әндердің қатарын көбейтуді көздеген жобаның жұмысы жемісті болғай деп тілейміз.
Жарылқасын Дәулет, жоба авторы:
– Жұрттың барлығы қазір әншілерге еліктеп, әншілер не істесе соны істеуге талпынатын болды. Біреулер біліп ерсе, енді бірі ешнәрсенің байыбына бармай-ақ, адасып еріп кете береді. Осындай алмағайып заманда жақсы сөзімізді көпшіліктің көкейіне ән арқылы жеткізіп көрсек деген ниетпен осы жобаны қолға алып отырмыз. Мұндағы мақсат – қазақтың ұмытылып бара жатқан салт дәстүрі мен құндылықтарын заман талабына сай қайта жаңғырту. Жобаны жүзеге асырушы жас әрі талантты әнші – Аман Әбен. Бірлесе қолға алған дүниеміз жас әншінің табиғатына толықтай сай келеді.
Ақтолқын Тажикова, жобаның жетекшісі, әрі ART-директоры:
– Аман Әбен – қазақтың ән әлеміне қосылған жаңа есім. Ол ең біріншіден өзінің көпшілікке жағымды дауысымен және өзгелерге ұқсамайтын ерекше үнімен ерешеленеді. Сондай-ақ, ол қазақ эстрадасына жарты жолдан келіп жәй ғана қосыла салған жан емес, өзінің музыкалық бағытта арнайы кәсіби білімі бар маман. Сондықтан да, біз бірге жұмыс істеуді еш ойланбастан бастап кеттік. «Болайын деген баланың, бетін қақпа, белін бу» демекші жүрегі өнер деп соққан жанды қолдап, оның биік шыңнан көрінгенін қалаймыз.
Ғалия Шаудырбаева, журналист:
– Жарылқасын ағам ізденімпаздығымен тәнті етіп келеді. Мына жаңа туындысы бата сұрасаң, тілек айтатын, қонақ келсе, ет аспай, қалалық даяр асқа сүйрейтін қазекемді тәубесіне түсіретін ән болыпты.
"Бешбармақ жеп кет" дегеннен дұрысы ет жеп кет қой. "Ет жеп кеттің" ар жағында төрін қонақтан арылтпаған бабамның пейілі жатыр. Қазақылығымызды сақтағымыз келсе осындай әндерді жиі тыңдайық.Аман Әбеннің дауысы да сондай жағымды. Жарылқасын ұстазымның үмітін ақтарына сенемін.
Оның тырнақалды туындыларынан-ақ, болашағынан мол үміт күтуге болатындығын бағамдайсыз. Мәселен, оның жақында ғана тыңдарманға жол тартқан «Ет жеп кет» әні халықтың ықыласына бөленуде. Аталмыш әндегі «Қазақ көрсем болды үйіме, Шақырғым кеп тұрады» деген жолдарда қазақтың бауырмал, қонақжайлығы туралы айта келіп, бүгінгі қоғамның кеселінің бірі –ағайынның бір-біріне жат болып бара жатқандығын басты назарға ала отырып, жаhандау деп жұтылып бара жатқан жастарға батаның маңыздылығы, жүректің кеңдігі, көңілдің дархандығын ән арқылы түсіндіруге тырысады. Әлеуметтік желіде мәселенің байыбына бармай жатып, әннің тақырыбына қарап, әнді сынға алып жатқандар да бар. Бұл тұрғыда біздің айтарымыз – ең әуелі зер салып әннің сөзін толық тыңдай білсек. Қаны қазақ, жаны қазақ кез-келген жан осындай қоңыр үнді қонақжайлылығымызды арқау еткен әнді түсінбеуі мүмкін емес деп ойлаймыз. Бірақ, бұл әрине, Аман Әбен шырқаған әндердің басы ғана. Алда талай тың туындылар өмірге келері анық. Қазіргі таңда тынбай ізденіс үстінде жүрген әншінің биік шыңдарды бағындырары сөзсіз.
Абылайхан ЕСІМОВ
qazaquni.kz