Ауыл жастарына шектеу қойғысы келетін Божконың Мәжілістен кетуін талап етемін - Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ
2017 ж. 19 қыркүйек
6412
43
Мен - Тәуелсіз Қазақ елінің азаматы, Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Божконың қызметінен кетуін талап етемін!
Біздің Мәжілісте өз аузына ие болмайтын, яки ойын дұрыс жеткізе алмайтын осындай тұлғалардың отырғанына намысым келеді. Азат елдің Парламентіне жайғасып алып, бұқара халықтың есебінен күн көре отырып, сол халықтың ашуын ғана келтіретін депутаттардың барына ұяламын.
Сіздің ауыл жастарының қалаға келуін шектеу керек деген сөзіңіз шынайы депутатқа, әсіресе, Халық "қалаулысына" лайықты сөз емес.
Сол ауылдан келген жастардың бірі - менмін. Астанаға арман қуып келдік. Жұмыс істесек, ауылдағы ата-ананы, туған-туысты асырасақ, сәті түсіп ауыл-аймағымызға көмектессек деп келдік. Қолдан келгенше осы елдің керегіне жарасақ дедік. Сол ойымыз бірте-бірте орындалып та келеді. Ауылдан келе тұра, осы қаланың аз қамтылған төл тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсетемін.
Мен мемлекетке 1) зейнетақы жарнасын төлеймін, 2) міндетті медсақтандыру ақысын төлеймін. Біріншісіне келсек, зейнетақы ақшамыздың қайда кетіп жатқанын өзіміз білмейміз. Әзірбайжанға кеткен 70 млрд-тан кейін зейнетақы қорына еш сенімім жоқ. Екіншісі, мен тәуелсіз Қазақ елінің азаматы ретінде, неге, не себепті тегін медициналық қызмет ала алмаймын? Неге мемлекет мені тегін медқызметтен шектейді? Неге мен жұмыс істемесем де, міндетті түрде медсақтандыруға ақша төлеуім керек?
Сонымен бірге, мен жеке кәсіпкер ретінде мемлекетке табысымның 10 пайызын беремін.
Мен көлік иесі ретінде жыл сайын сол көлік үшін мемлекетке салық төлеймін.
Мен пәтерімнің коммуналдық төлемдерін де мемлекет есебіне ай сайын кешіктірмей аударамын.
Менің және мен секілді ауылдан келген талай қазақ баласының осындай бітпейтін салықтарынан Сіз, Божко мырза, ай сайын миллиондап айлық аласыз.
Неге?
Сіздің ауылдан келген мен секілді қазақ балаларынан қай жеріңіз артық? Және сізді асырап отырған адамдарға қалаға келу-келмеу туралы үкім айтатын сіз кімсіз?
Жауап берейін. Сіз - халықтың құлысыз. Сіз халыққа қызмет ету үшін сол жерге барғансыз. Сіз халықтың сөзін сөйлеу үшін депутат болдыңыз.
"Күшік асырап ит еттім, Ол балтырымды қанатты" дейді әулие Абай. Егер сіз бізге, өз Иелеріңізге қарсы шықсаңыз, сіздің орныңыз Парламент емес!
Сіз депутат ретінде Қазақ елінің БІР АУЫЛЫНА ТИТТЕЙ БОЛСЫН КӨМЕК КӨРСЕТТІҢІЗ БЕ? ЖОҚ!
Сіз депутат ретінде неге ауылдың бір баласын ӨЗ ҚАРЖЫҢЫЗҒА ТЕГІН ОҚЫТПАЙСЫЗ? Ол сізге "даром" керек емес!
Сіз депутат ретінде Мәжілісте АУЫЛДАҒЫ проблемаларды бір рет болсын көтердіңіз бе? Оны да мен естімедім!
Мен ЖОҒАРЫ БІЛІМІ ЖОҚ, ауылдан келген қарапайым ғана қазақ баласымын. Ал сол ауылдан менен де білімпаз, менен мың есе зерек, ойы ұшқыр жастар кеп жатыр. Олардың бұл қалаға, бұл елге берері менен де, сізден де әлдеқайда көп екеніне кәміл сенемін. Тіпті, осы қалалардың инфрақұрылымын, құрылысын, жолын, бәрі-бәрін денсаулығын сарп етіп дамытып жатқан, салып жатқан байшыкеш депутаттардың "золотой" балалары емес. Осының бәрін маңдай терімен адал атқарып жатқан ауылдың жастары. ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ!
Сондықтан, сіздің ауыл жастарына қатысты айтқан сөзіңізді білімсіздік белгісі деп санаймын.
Сіз өз сөзіне, өз ісіне жауап бере алатын тұлға болсаңыз, өз еркіңізбен Мәжілістен кетуіңіз керек!!!
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні