Қазыбек Иса. Билік халықты көшеге шығуға мәжбүр етпеуі керек...
2009 ж. 24 қыркүйек
16752
90
«ТІЛ ТУРАЛЫ» ЗАҢНЫҢ 20 жылдығына байланысты Республика сарайында өткен
«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОЛДАУ» АКЦИЯСЫНДА СӨЙЛЕНГЕН СӨЗ.
Әлемде жалғыз ел бар, мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлемейтін, ол – Қазақстан. Әлемде жалғыз ел бар, Мемлекет басшысы – мемлекеттік тілде сөйлемейтін, өзі бір кезде отары болған шетелдің тілінде сөйлейтін, ол да Қазақстан. Өз мемлекетінде өзінің мемлекеттік тілінің мүшкіл халіне акция өткізетін, оған өліп-талып, зорға қол жеткізетін ел де осы Қазақстан.
Өзін отарлап алған бір кездегі қожайын елдің тілінде сөйлеуге құмарлық- құлдық психология, бейшаралық! Біздің елдің басшылары шетелге шыққанда, тіпті мынау тілі түсінікті өзбек пен қырғыз еліне барса да басқа бір шет мемлекеттің – Ресейдің тілінде сөйлеуі менің намысымды келтіреді.
Тілімізге қарасақ, біз әлі Ресейдің губерниясы секілдіміз. Бұл ешқандай дипломатиялық жетістік емес. Бұл – дипломатиялық дімкәстік. Бұл – сыртқы саясаттағы сауатсыздық, рухани кембағалдық. Бұл – ұлттық намыстан жұрдайлық, мемлекетшілдіктің, патриоттықтың жоқтығы. Қарапайым сөзбен айтқанда, күшігінен таланған бейшаралық. Біз Ресейге барғанда да қазақ тілінде сөйлеуге тиіспіз.Сонда олар Қазақстанның осыдан 18 жыл бұрын Тәуелсіздік алғанын есіне түсіруі мүмкін…
Мен 80-жылдары студент кезімде ойлайтын едім, «Неге біз орыс тілінде сөйлеуге тиіспіз?»-деп… Неге өзге ұлттар қазақ тілінде сөйлеймейді? Жауап белгілі – бодан едік. Біздің тіліміз құл елдің тілі еді…
90 жылдары, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары менің балам маған осы сұрақты қойды: – Неге біз орыс тілінде сөйлейміз, олар неге қазақ тілінде сөйлемейді?-деп. Мен ол кезде болашақтан үмітті едім. Бес-алты жылда солай болады деп сеніммен жауап бердім. Бірақ бұл кезде де біздің тіліміз әлі бодан елдің тілінен аса қойған жоқ еді…
Енді міне, Тәуелсіздік алғанымызға да, Тіл туралы заңымызға да 20 жыл болғанда, осы сұрақты маған баламның баласы қоюда: -Біз неге орыс тілінде сөйлейміз. Мемлекеттің тіліміз бейшара тіл ме, әлде мемлекетіміз бейшара ел ме?
Мен бұған не деп жауап беремін? Біз бұған не деп жауап береміз, халайық? Бұл – 70 пайыздай, яғни 10 миллион қазақтың сұрағы! Ал бұған Елбасы жауап беруі тиіс. Өйткені бізде бәрін Елбасы шешеді ғой. Бір партиядан құралған Парламентке бәрібір. Жат десе жатады, тұр деп айтуды ұмытып кетсе, жата береді. 2004 жылы Парламенттің 90 пайызы, оның ішінде қазақтардың 90 пайызы өз ана тіліне, мемлекеттік тілге қарсы шықты. Біздің “Жас қазақ үні” газеті дауыс берудің стенограммасын жариялап, масқара қылған сол 90 пайыз әлі отыр парламентте. Ертең сол 90 пайызға “Ресейге қосылмасақ болмайды екен” десе, түгел қолдайды. Өйткені, тілін қорғамаған парламент елді қорғай ма? Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін де ойлауымыз керек… Енді нұротандық парламент осы қара таңбадан арылу үшін мемлекеттік тіл туралы мықты заң қабылдауы керек.
Бір кезде ұлтшылдық үшін арыстар кетсе, енді ұлтшылдықпен мақтануға тиіспіз. Өйткені тәуелсіз елміз.
Тәуелсіздік баянды болу үшін біз ұлтымызды жақсы көруіміз керек. Мемлекетімізді сақтауымыз керек. Ал Парламентке ұлтшылдар баратын, ұлттық сезімі, мемлекетшілдігі, патриоттығы үшін сайлайтын кез жетті! Әрине, ол үшін ең алдымен әділ сайлау қажет!
Өзімізді-өзіміз енді тағы 20 жыл алдасақ, тілсіз мемлекетке айналамыз. Тілің болса ғана-тірісің. Тілің болмаса – өлісің. Сонда біз қандай мемлекетпіз?
Қазақ тілін үйренуге ақша бөлудің қажеті жоқ. Өйткені билікке қазақ тілінің қажеті болмаса – ол ақшаны не үшін бөлеміз. Шенеуніктер шетінен бөліп алып, шетелге қашып кетуі үшін бе?
Ең алдымен мемлекеттік тілдің- қазақ тілінің қажеттігін тудыратын, әр адамға міндеттейтін заң қажет.
Мемлекеттік тілді білмеген адам мемлекеттік қызметке де, жоғары оқу орнына да қабылданбауы тиіс. Міне, сонда әркім ешқандай ақшасыз-ақ мемлекеттік тілді 6 айда үйреніп алады. 20 жылда емес! 20 жылда ешкім, ешқандай мемлекеттік қызметкер 20 сөз үйренбесе, онда біздің мемлекеттігіміздің де, заңымыздың да не құны қалды? Билік қазақ тілі -мемлекеттік, орыс тілі – ресми тіл деп елді 20 жыл алдап келді. Мемлекеттік статустың құны көк тиын екенін көрсетті. Енді жетеді!
Қазақ мемлекетінің аты –Қазақ Республикасы болуы тиіс. Кешегі 70 жыл билеген кеңес империясы кезінде де Қазақ Республикасы еді. Сонда қазақстандық деген атаудың елді шулатуынан құтыламыз. Кеше билік бәріміз қазақстандық емес, қазақ болайық дегенде мұншалықты шу болмас еді. Дамыған ұлттық мемлекеттерде солай. Францияда бәрі француз, Түркияда бәрі түрік. Ешқандай “стан” деген құйыршық жалғаусыз. Бұған біздегі өзге ұлт өкілдері де түсіністікпен қарайтын еді.
Қазақ халқының есебінен, қазақ тілінің есебінен, қазақ мүддесінің есебінен, қазақ төзімпаздығының арқасында сақталып келе жатқан тыныштық үшін өзге ұлт өкілдері енді қазаққа алғыс айтып, мемлекеттік тілді үйренуге міндетті болсын. 20 жыл мемлекеттік тілде сөйлемеген мемлекет басшысына да алғыс айтып, енді елдің бәрін мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеуге олардың өздері ықпал етсін. Бұл жолда жаңа ғана мемлекеттік тілде сөйлеген, қазақшасы Ғ.Қасымов пен Е.Ыдырысовтан он есе артық “Алға” партиясының басшысы Козлов мырза алда болады деп білемін.
Кеше Мәсімовтың Үкіметі қазақ тілінде сөйлеп еді, орыс тілді журналистер, ішінде өзіміздің қазақтар да көп, шу ете қалды. Бұл не деген масқара? Мемлекеттік тілге қарсылық-мемлекетке қарсылық деп танып, осындай тұжырым жасалу керек. Тайрандаған тәйтіктерге “тәйт!” деудің орнына, тайқып кеткен Үкімет таз кепешін қайта киді. Мемлекеттік тілге, мемлекеттік һәм ұлттық мүддеге қарсы шыққандар, жазалануы тиіс. Менің Тәуелсіз мемлекетімнің түбіне жететін, ұлтыма кір келтіретін мұндай жалған “демократияның” не қажеті бар?
Қазақ тілінің мәселесі көшеге шығумен шешілетін болса, билік соған жеткізсе – көшеге де шығайық! (зал түгел қостап, “шығамыз” деп дүрілдеп кетті.ред.) Ата заңымыз орындалмай жатса, заңды талап етіп көшеге шыққанымыз заңсыздық болып табылып, қамап жатса, қазақ тілі үшін қамалуға да дайынбыз. Оған осы жерде отырғанның көбісі дайын деп айта аламын. Дайын емесінің өзі түрмеге тамақ апаруға жарайды…(зал түгел қостап, “дайынбыз” деп орындарынан тұрып кетті.ред.)
Енді мемлекеттік тілдің жағдайын билік шешпесе, онда билік халықты көшеге шығуға өздері мәжбүр етіп отыр, кінә билікте деп білеміз. Ендеше ендігі сөз, ендігі әрекет билікте, халайық! Елбасының жауабын күтеміз! Біз бәріне дайынбыз! Мемлекеттік тіліміз үшін барлық қадамға барамыз! Халық қайтпайды! Шаханов шаршамайды!
«ЖАС ҚАЗАҚ ҮНІ» газеті, №36 (408) 23.09 – 30.09.2009 ж