Тоқал болуға көндіккен ашыналар
2016 ж. 15 сәуір
5572
0
"Менің жағдайымда тоқал болу - ең оңтайлы шешім. Тоқалдың жеке пәтері, көлігі және ай сайын жақсы қаражаты болады. Мен үшін, жанұям үшін бұл тақыр кедейліктен шығудың мүмкіндігі"
Елімізде тоқалға айналған келіншектер екінші әйел болудың көлеңкелі тұстарымен бөлісті деп хабарлайды NUR.KZ порталы "Экспресс К" басылымына сілтеме жасап.
Гүлмира, шаштаразшы, 31 жаста
Мен сұлулық салонында шаштараз болып жұмыс істегенде Арман деген азаматпен таныстым. Бір айдан кейін кездесіп бастадық, ол маған көп ұзамай екінші әйелі болу ұсынысын жасады. Әйелін ешқашан тастамайтынын, бірақ мені де қаржылай қолдап отыратынын айтты. Арман Астанада жұмыс істейді. Ал әйелі мен екі баласы Алматыда тұрады. Мен оның қасына Астанаға көшіп бардым.
Арман бүгінде 49 жаста. Астанаға алғашқы әйелін көшіріп алды. Ал маған аптасына бірнеше рет келіп тұрады. Әйелі бастапқыда білмейтін. Шындық ашылғанда жанжал шығарды. Бір жыл бұрын қызым дүниеге келді. Бірінші әйелімен араласып тұрамын.
– Сізге бұлай өмір сүрген ұнай ма?
– Қиын сұрақ. Ең жаманы - сүйіктіңді өзгемен бөлісуіңе тура келеді. Жалғыз қалдым, ата-анам бұл қарым-қатынасыма қарсы шықты. Тоқал болғаным үшін әлі күнге дейін кешірмеді. Бәрін кері қайтара алсам, тоқал болудан бас тартар едім. Себебі, кез-келген әйел ерінің жалғыз жұбайы болғанын қалайды.
Ботагөз, студент, 23 жаста
23 жастағы Ботагөз екі жыл бұрын Алматыға Оңтүстік Қазақстан обылсынан көшіп келген. Пәтер жалдап тұратын бойжеткен медициналық колледжде білім алады. Ботагөз ашына болуды армандайтынын жасырмайды.
Ауылда қалған іні-сіңлілері үшін ақша керек болғандықтан, даяшы болып жұмыс істейді. Ата-анасының жасы үлкен, сол себепті бар қаржылық жауапкершілік Ботагөздің мойнында. Ол бай ер адам ұсыныс білдірсе, қазіргі жігітімен айырылысуға дайын екен.
"Менің жағдайымда тоқал болу - ең оңтайлы шешім. Тоқалдың жеке пәтері, көлігі және ай сайын жақсы қаражаты болады. Мен үшін, жанұям үшін бұл тақыр кедейліктен шығудың мүмкіндігі", - дейді Ботагөз.
Зәуре, 34 жаста, сатушы
34 жастағы Зәуре Алматыдағы сауда үйлерінің бірінде сатушы болып жұмыс істейді. Бірінші некесінен ұлы бар. Бұрынғы күйеуі күнде ішіп алып соққыға жығатын. Ақыры Зәурені үйінен қуып тынған екен.
"Тоқал боламын деп ойлаған емеспін. Бірақ менен 18 жасқа үлкен Айдосты кездестіріп, өмірім өзгерді. Біз интернет арқылы танысып, жарты жылдай желіде араластық. Кейін кездесіп, бір-бірімізді ұнатып қалдық. Айдостың жеке көлік жөндеу орталығы мен екі асханасы бар. Ол ұлымды жақсы колледжде оқытып, маған өз кәсібімді ашуға көмектесті. Бір күні екінші әйелі болуға ұсыныс жасады. Тоқал болуға келісім бергенім үшін өзімді сыйлаудан қалғанмын. Бірақ мен Айдосты шын сүйіп қалдым. Бірінші әйелінен ажырасып маған келетініне сендім. Алайда қатты қателесіппін", - дейді ол.
Енді Зәуренің пәтері мен көлігі бар. Ата-анасы оның тоқал болғанынан хабарсыз. Ал Айдостың бірінші әйелі Зәуре туралы білгенімен, онымен мүлдем араласпайды.
"Айдос бір ай менде, бір ай әйелінде тұратын. Достарымен бірге кездесуге мені ертіп алып баратын. Достары да өз тоқалдарын ертіп әкелетін. Ал қоғамдық орындарда ол бірінші әйелін ғана көрсетеді", - дейді Зәуре.
Зәуре қазіргі ерлердің бірінші әйелінен жасырып тоқал алатыны бұрыс екенін түсініп, Айдоспен айырылысып кеткен. Өзгенің бақытын ұрлап, бақытты болмайтынын ұққан Зәуре бүгінде өз өмірлік серігін кездестіретінінен үмітті.