"Жағымпаз, өзіндік ұстанымы жоқ министрдің доғарысқа кеткені дұрыс!"
2016 ж. 07 сәуір
7494
24
Қазақстандық журналист Марат Тоқашбаев премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның сабақты үш тілде оқыту туралы ұсынысын ақылға қонымсыз екенін айтты.
Журналист өзінің ойымен Facebook парақшасында бөлісті.
"Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның 2018-2019 оқу жылында 9-10 сыныпқа дейін оқыған мектеп түлектері ағылшын тілді болады деген сөзі қоғамда теріс пікір туғызып отыр. Үш жылдың ішінде мұндай өзгеріс болуы ақылға сыймайды. 25 жылда мемлекеттік тілді үйретіп бәріне сіңіре алмай отырғанда ағылшын тілі аспанда ғой. Ең алдымен оның материалдық базасы жоқ. Материалдық базаны қалыптастыруға (мұғалімдерді жаппай ағылшын тілінде сауаттандыруға, ағылшын тіліндегі методиканы жергілікті жерге бейімдеуге, оқу-методикалық әдістеме құралдарын жасап шығуға) орасан қаражат қажет. Экономиканың қазіргі қайыршылық хәлінде оны жүзеге асыру мүмкін емес", - дейді журналист.
Сондай-ақ, журналист Қазақстанда математик, физик мұғалімдердің жоқтың қасы екенін де атап өтті.
"Оның үстіне ағылшын тілінен сабақ беретіндей, жетік білетін математик, физик мұғалімдерді қайдан табасыз? Ойланбай сөйленген сөз орға жығады. «Ағылшын тілін білмедің, үйренуің нашар» деп директорға жақпаған мұғалімдерді қудалаудың көкесі сонда болады. Сондықтан ағылшын тілінен бұрын алдымен бүкіл әлемдік тәжірибеге сәйкес баланы ана тілін, мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне күш салынғаны жөн! P.S. Мектеп бітіріп, табиғатынан сантехник, слесарь, ұста, құрылысшы, малшы, қарапайым жұмысшы болатын жастарға ағылшын тілінің не қажеті бар? Бұл талап көптеген балалардың математика, физика пәндерін ағылшын тілінде оқи алмауының салдарынан 7-8 сыныптан мектепті тастап кетуін үдетеді. Надан буын – мәңгүрт халықтың негізі", - деп сөзін түйді ол.
Сондай-ақ Марат Тоқашбаев "МИНИСТР ДОҒАРЫСҚА КЕТСІН!" дегенді де ашық жазды.
«Әндижанда бір апам бар, менен өткен сорақы» демекші, Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның оқу жылын ұзарту туралы ұсынысын жағымпаздықпен дереу басшылыққа алған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің өзіндік бет-бейнесі, ұстанымы жоқ адам екен. Балалардың жазғы демалысы есебінен оқу жылын созу ақылға сыймайды! Бес күндік оқу аптасы тек бастауыш сыныптарға ғана лайықты. Жоғарғы сыныптар бұрынғысынша қала бергені дұрыс. Бес күндік оқу аптасына жазғы демалыстың есебінен емес, оқу бағдарламасын ұтымды ұйымдастыру арқылы жүзеге асыруға болады! Білім саласында қандай өзгеріс болса да ол талқыланып, педагогтар қауымымен, ата-аналармен ақылдасып, білімге қатысты ұйымдар тарапынан зерттеліп, түпкілікті шешім содан соң ғана қабылдануы керек. Мынадай волюнтаристік ұрда-жық ұйғарым Е.Сағадиевтің өз орнында отырмағандығын көрсетеді. Баласының принципсіз жігіт екендігін біле тұрып, әкесі оны министрлік қызметке қалай ұсынғанына таң қаласың. Ерлан Сағадиев министр болып жарытпайды екен, доғарысқа кетсін!