Қайырымды БІРӘЛІ БАЙ
2016 ж. 17 ақпан
6620
2
Торғай даласындағы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толуына орай
Киелі Ұлы Жыланшық бойын сан ғасырлар бойы жақсылар мен жайсаңдар мекен еткен. Әрісі Жошы хан, Кетбұғы, Алаша хан, Тоқтамыс хан, Едіге би, Абылай хан, Қайып хан, Кенесары хан, Сыздық сұлтан, күні кеше Әліби, Аманкелді, Кейкі батыр, Әбдіғапар хан, Ахметтер, Міржақыптар ат шалдырып, талай тарихи кезеңді бастан өткерген тарихи-танымы мол шежірелі дала, киелі аймақ. Бұрында да, кешегі кеңес заманында, бүгінде де осы киелі Торғай аймағын оның бетіндегі және астындағы байлығын тексеріп, үстіңгі байлығын тексеріп халықтың тарихына, астыңғы байлығын елдің тұрмыстық игілігіне жаратып жатқан адам жоқ. Болмаса осы Ұлан ғайыр сайын далада жер болып кеткен неше алуан қорғандар, салтанат сарайлары, балбал тастар, таңбалар, үлкен қалалар орындары болуы мүмкін. Бүгінде де космос арқылы табылған ғажайып құрылыстарда толық зерттелмеуде. Әсіресе Ұлы Жыланшық аймағында, Үрпек ауылының маңайында осындай ғажайыптар көп. Бұл салада ешкім қалам тартып, ауыз ашпайды. Батырға да, байға да пана болған Жыланшық құт мекен. Талай жақсылар қатарында киелі байлар да осы өңірден көп шыққан. Себебі, жері малға жайлы, ауасы дертке дауа, жанға шипа, шөбі шүйгін қыратына қырық түрлі шөп өскен шайырлы мекен. Осы ұлы Жыланшық бойын халқына қайырымы мол киелі бай Бірәлі Бектасұлы мекен еткен. Бұл кісі Қыпшақтың Тоқпан руынан тарайды. Алғаш осы өңірге Бірәлінің атасы Нұрым бай, одан кейін әкесі Бектас қоныстанған. Таратып айтсақ, Нұрым, одан Бектас, одан Бірәлі, Сейіткерей екі бала туған. Бектас бай баласы Бірәлі 13 жасқа толғанда билікті берген. Бектас 1896 жылы тоқсанға таяп, дүниеден озған. Сонда Бірәлі 19 жаста, Сейіткерей 14 жаста қалған. 1897 жылы бұрынғы Иманов кеңшары көлеміндегі Үрпектен 50 шақырым қашықтықтағы Әзірбай қопасына 100 киіз үй тігіліп, Бектасқа ас берген. Сол асқа қазған 40 ошақ орындары әлі бар. Бірәлі бай асқа төрт дуан /үйез/ елді – Торғайды, Қостанайды, Ұлытауды, Ырғызды шақырған. Аста бәйгеге 400 ат қосылып, Төлек /руы/ Өсердің қара аты дара келген. Көп аттар ыстықта 55 шақырым қашықтыққа шыдай алмай жолда қалған, біразы өлген. Аттарды Сорғұлақтан жіберген. Осы асты елге беделді Шіли руынан шыққан Түркебайдың Баймұраты басқарған. Өзі зор, денелі кісі болса керек. Астына ақбоз ат мініп, үстіне ақ шапан, басына ақ сәлде киген. Шіли Баймұрат 25 жасында болыс болған адам. Екінші басқарушы Сары /руы/ Қошқар батырдың немересі Аяпберген. Аттың бас бәйгесіне – 100 жылқы, екінші атқа – 50 жылқы, үшінші атқа 25 жылқы тіккен. Барлық ұлттық ойын-сауық түрлері өткізілген. Бектас бай өлгенде артында үш әйелі Шөже, /бір деректе Шөкі деп атайды/ Бибі, Балсары қалады. Сонда байда 3 мың жылқы, 700 түйе, 2000 қой болған. Осы байлықты Бірәлі бай әрі қарай жалғастырған. Бірәлі жас болса да қайырымды, кішіпейіл, кеңпейіл, ағайын-туысқа, көрші-көлемге қамқорлығы мол, діндар адам болған. Өтініш жасап, мал сұрап келген ағайынға таныса да, танымаса да жақсылық жасаған. Сол жасаған жақсылығына ұлы Жаратушы сүйеу болған. Жылма-жыл мал басы кемімей, қалың жылқысы тайына дейін құлындап өсіп отырған. Бірәлі қайырым шапағатымен қатар мырза, діндар, көпшіл адам болған. Осы өңірден шыққан жақсылармен - Әлібимен, Әбдіғапармен, Аманкелдімен, Кейкімен, ақын Таңат Сейдахметпен, Шашанбайдың Рахметімен, Дулығалы бойындағы Ишандар әулетімен, Ұлытау аймағымен, Файзолла Ишандармен, Торғай Дуанындағы жақсылармен жиі араласып тұрған. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті қолдап Аманкелді батырдың сарбаздарына қаржылай, малдай көмек көрсеткен. Торғай даласындағы ұлт-азаттық көтерілісті осы аймақтағы игі жақсылар мен жайсандар, байлармен бектер, билер мен шешендер, ақындар мен жыраулар, шеберлер мен зергерлер, діни-шамшырақтар елге, руға, тайпаға ықпалды адамдар қолдаған. Азаттық деп атқа қонған Торғайдың қайратты, жігерлі, қаһармен жастарының басынан аяғына дейін қаруланған, ондаған жыл әскери дайындықтан өткен соғыс өнерінің қыр-сырын меңгерген, ысылған, алды зеңбірекпен, пулеметпен, соңы винтовкамен қаруланған әскерге қарсы шығуы Торғай азаматтарының асқан ерлік көзсіз батырлығы болатын. Ал, сол жалаң қолмен жауға ұмтылған жастар ел жақсыларының баласы, інісі, туысы, ет-жақын сыйласы, болмаса нағашы-жиені, досының баласы болатын. Атойлап жауға шапқан Арғын, Қыпшақ, Найман жастарын көріп отырып, елдің игі жақсы ақылман байлары мен қалталы, беделді азаматтары қол қусырып қарап отыруы мүмкін бе? Жоқ, олар қарап отырған жоқ. Бұл-анық! Олар ақылын айтты, тілегін тіледі, жолына ақ сарбас боз қасқасын шалды. Ақшаладай да, малдай да, заттай да көмек көрсетті. Себеп, бәрінің ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігі болатын. Туған жерді, туған топырақты өз отанын қорғау барша қазақтың парызы болатын. Осыдан барып, байлар малдай, ақшалай қаржы берумен қатар, ет-жүрегі балаларын да осы ұранды топқа, күрес жолына қосты. Соның бірі-Бірәлі бай. Ал осындай ізгу азаматтар аз болдыма?Бір ғана Иманқұлдың Әбдірахманының халыққа жасаған жақсылығы неге тұрады? Діни-шамшырақтарымыз Ұлы Жаратушыдан көтерілісшілерге жәрдем тілеп, құрбандық шалды. Батырларға киелі дұғалықтар, тұмарлар жазып берді. Аманкелді батыр алғашқы көтеріліске аттанарда Бердікей Ишан әулеттері жиеніне құрбандыққа көк қошқар шалып, Ұлы Жаратушыдан медет тілеген. Сол қошқардың басы күні бүгін Құлмұхаммет Ишан Арыстанбайұлының кесенесінде сақтаулы. Бірәлі байда осы ұлт-азаттық күреске үлкен ұлы Сұлтан бастаған Тоқпен руының азаматтарын қосқан. Осылардың ішінде әкемнің ағасы Байғара ұлы Жанділдә, інілері Жамбылұлы Сейтқасым, Мұқанұлы Саржан болды. Үлкен ұлы Сұлтан орысша сауатты, Орынбордан гимназия бітірген, кешегі Торғайдағы Совдеп мүшесі, соғыс комиссары, батырдың жеке сенімді серігі болған. Сұлтан Бірәліұлы Бектасов революцияға белсене араласқан. Баласының ықпалымен Бірәлі бай тәркілеуге жатпай, қолдағы бар малын Кеңес үкіметіне еркімен өткізген. Бірәлі жылқысы негізінде Қостанайдағы “Заречный” кентіндегі жылқы зауыты дамыды. Күні кешеге дейін Бектас асыл тұқымды жылқысы аталып бүгін “Қазақ тұлпарлары” болып өзгерді. Бірәлі байдың 13 баласы болған. Осы балаларының ішінде үлкені Сұлтанды, ортаншы ұлы Меірманды көзім көрді. Талай әңгімесін тыңдадым. Осы жолдардағы оқиға сол кісілерден естіген әңгімелерім. Әкем марқұм айтып отыратын, Мейірманды көр де Бірәліні көр, сойып қаптап қойғандай деп. Осы кісі алғаш 1967 жылы солдатта жүрген маған Қарағандыдан іздеп келіп еді жарықтық. Кейін 1975 жылы атамекені Жыланшыққа келіп айлап жүрді. Сонда мен атамекені Бірәлі түбегіне апардым. Бірәлі бай көзі тірісінде ата-бабасының қонысында Сұлтанға 12 бөлмелі, Мейірманға 8 бөлмелі қызыл үй салдырған екен өзеннің екі бетінен. Қария құлаған үйдің орнын, бөлмелерді көріп мынау көкқасқа атым тұратын бөлме, мынау әжем жататын бөлме, мынау біздің отау үй еді деп сақалын жуып жылағанын көрдім. Ата-баба қорымын атасы Бектастың, әжесі Шөженің, туысқаны Әйгісінің Ахметінің кесенелерін (осы кесене сырты төрт бұрышты күмбез, іші 4, 8, 16, 32 қырлы болып өрілген, төбесіне шығатын баспалдағы бар ерекше там) аралап көрдік, тарихына тоқталды. Жоғарыда айттық Бірәлі бай діндар адам болған деп. Жыланшық өзенінің жел бетінен Мешіт медресе салдырған. Ол медреседе татар молда дәріс берген. Тоқпан Есмағанбетов Смағұл сол медреседе оқыған татар молда көк шыбықпен талай сабады ғой деп айтып отыратын. Кәзір мешіттің де, медресеніңде орны жер болып кеткен. Шөже әжеміздің тамын Сыр бойынан бір шебер келіп жаз бойы салған. Біткесін Бірәлі бай сұрапты, “Әй, шебер, осы кесене неше жыл тұрады” – деп. Сонда шебер айтты дейді: “Байеке, сізге айта алмадым, алаңдап салдым. Сіздің қыстаудағы жігіттер сұлу әйеліме қырындап алаңдаулы болдым. Көп болса 80 жыл тұрар” – деген екен. Сол 80 жылдың беделінде тамның күмбезі құлаған екен. Мейірман қария айтушы еді, біздің жылқының киесі бар деп. Бектастың тұсында екі рет жұтқа ұшырап жылқы қырылып, қайтадан тез көбейіп, өсіп кеткен. Бірәлінің тұсында бір рет жылқы жұтқа ұшырап, жылқышылар боранда жылқыдан айырылып, құрығын сүйретіп келген. Сол жылқы әр жерде қырылып, тек Құла айғырдың үйірі ғана көрінбей кеткен. Жаз ортасы ауа сол Құла айғыр 60-70 биені құлындатып, мекеніне келген. Жылқы қайта тез көбейіп өскен. Бектас бай қайтқан кез болу керек, Шөже әжеміз түсінде Бектасты көреді. Бай керегеде тұрған барлық ноқтаны сыпырып алып, үйден шығып кетеді. Шөже түсінен шошып оянып, жанындағы баланы оятып, Бірәліні шақыр деп, өзі қайта ұйықтап кетеді. Сөйтсе бала да қайта ұйықтап қалған. Бектас түсіне екінші рет кіріп, “Әй, атаңа нәлет, ноқтаға ие болмадың, желіні әкетемін” деп айғай салғанда Шөже шошып оянады. Бірәліні шақыртады. “Қарағым, әкең түсіме екі рет кірді. Алғашқыда ноқтаны әкетті, биыл құлыннан айырылдық” – деген екен. Түн ішінде Көшкінбайдағы Жекебайды, Бектастың құрдасы Қабанбайды адам жіберіп шақыртады. Тоқпан әулетінің жақсылары жиналып жылқыны қалай аман алып-қалу жолын қарастырады. Ақылдаса келе алыстағы жылқыны елге алдырып әр үйге шамаларына қарай бағуға бөліп берген. Сол қыста жаңбыр жауып биелер түгелдей іш тастаған. Бөліп алып малын баққандарға әр 10 бастың екеуін тегін берді деп айтып отыратын әкелеріміз. Осылай малды аман алып қалған. Бірәлі бай дархандығымен аты шықса, інісі Сейіткерей көзі ашық, сауатты, ол да бай болған. Шашамбайдың Рахметімен болыстыққа таласып, «Қайдауыл» болыстығын жеңіп алған. Осы Шашамбайдың Рахметі Бектас өлгеннен кейін тоқалы Балсарыны баласы Сейіткереймен қоса зорлықпен көшіріп, әйел үстіне тоқалдыққа алған. Рахмет көп жылдар Бірәліге билік бермейді. Сейіткерей Рахметтің үйінде еріксіз бала болып жүріп, арада ондаған жыл өткенде Рахметтің Әмбар атты қызын алып қашқан. Осылай жесір дауы шешіледі. Осы Сейіткерей болыс болып жүріп тәркілеуге ілігеді. Мал-мүлкі алынады, өзі түрмеге түседі. Түрмеде Рахметтің баласы Әбдікәрімге кездеседі. Әбдікәрім орысша оқыған сауатты, қияпатты азамат болған. Бұрынғы араздықты қойып, татуласады. Әбдікәрім Орынбордан гимназия бітірген Ұлт-азаттық көтерлісіне белсене араласқан, Торғай Земком (жер комитеті) мүшесі болған азамат. Байларды қудалау, тәркілеу басталған қарсаңда әкесі атақты бай Шашанбайдың Рахметі қайтады да жылын беруге қаратпай жеделдетіп Тайшық төреге күмбезді қызыл там салдырады. Өзін қудалап түрмеге жабарын алдын ала сезіп көрегендік жасаған азаматты ақыры кесене бітер бітпесте қамауға алады. Түрмеде Бірәлінің Сейткерейімен, Дүзбайдың Таласпаймен бірге отырады. Бір күні түнгі 2-де конвоймен Сейіткерейді ала тартады. Сейіткерейдің сақтаған көп ақшасы бар екен. Жауапқа шақырғанда Әбдікәрімге қалдырған ғой. Жауаптан кейін қайта кіргізбей, машинаға тиеуге айдайды. Сол кезде Әбдікәрім сақшыларды жолдан қағып, ентелеп келіп біздің қазақта айырылысарда қоштасу деген қағида бар деп Сейіткерейді құшақтап, қойнына ақшаны тығып жібереді. Сол ақшаның арқасында Сейіткерей түрмеден шығады. Ал Әбдікәрім түрмеден шықпай қайтады. Қай жерде, қалай өлгені жұмбақ. Ағайын туыстары Жыланшықты 60-шы жылдары мекендеп кәзір әр жерге тарап кетті. Сейткерей аштықта Ақтөбе жерінде біздің әулетке кездесіп сол жерде қайтқан. Сейткерей өзімен түрмеде бірге отырған Әбдікәрімнің адамгершілігін азаматтығын кездескен жерлестерге айтады екен. Ақшаны өзі әкеліп бермесе мен ала-алмайтын едім. Ол ақшамен түрмеден аман шығатын еді деп айтады екен. Сейткерейден қандай ұрпақ тарағанын ешкім білмейді. Егер тірі болып адасып қалса бір жерде жүруіде мүмкүн. Бірәлі байда бар мал-мүлкүн үкіметке өткізіп, тәркілеуге ілікпей артынан аштыққа ұшырап Жыланшық бойынан Сыр бойына ауған ағайынға еріп 8-9 жасар қыз баласын жетектеп Түркістанда қайыр сұрап, базар жағалап жүрсе, бір азамат баласы екеуін үйіне әкеледі. Бір жеті, он күн күтеді. Көрші-көлемін шақырып: айтты дейді: “Мына кісі кешегі орта жүздің байы Бірәлі еді. Жолаушылап еліне барғанда атым өліп, сонда тегін ат беріп, қайыр жасаған адам еді” деген. Бірәлі бай өзіне өзі келіп, тыңайған соң қызын манағы үйге қалдырып, өзі Түркістанға зиярат етуге жолға шығады. Жолда бара жатып, дүниеден озады жарықтық. Жүргіншілер манағы азаматқа келіп, кешегі қайыршы шал жолда өліп жатыр деп хабар береді. Түркістандық азамат байды үйіне апарып шешіндірсе, белінде 6 метр ақ жібек ақыреті бар екен дейді. Бірәліні жерлейді, үйінде қалған 8-9 жасар қызды кәмелетке толған соң тоқалдыққа алады. Атақты Бірәлі бай 56 жасында дүниеден озады. Тәркілеумен аштықтан қашқан ұрпағы тарыдай шашылып тоз-тоз болды. Үлкен баласы Сұлтан революциядан кейін Ұлытауда, кейін Ырғызда, Ақтөбеде, Талдықорғанда милицияда қызмет атқарады. 1965 жылы мамырда Алматыда дүниеден озды. Әйелінің аты Өрше еді. Бірәлінің балалары – Сұлтаннан Жылқайдар, Сәмкен, Жылқайдардан Әлихан, Темірхан, Шарапат. Бұлар Алматыда тұрады. Әлиханы ата жолын қуып әскери адам болған. Тұңғыш Президенттің құрметті қарауылында басшы болып құрметті демалысқа шыққан. 1965 жылы атасы Сұлтанмен әжесі Өршемен Жыланшыққа келген ол кезде 9 сыныпта оқитын 1949 жылғы болуы керек. Кезінде баспасөзде байдан ұрпақ жоқ деп жазды. Бұл қате. Ұрпағы бар. Ортаншы ұлы Мейірманнан Майдан, Марат, Мұхтар, Ұлтай, Зайда, Несібелді, Света, Баян атты балалары бар. Майданнан – Айдар. Мараты Германияда тұрады. Ұлтайы Мұхтары Арқалық қаласында. Мейірманның бірінші әйелі Жорғатай. Мына балалар екінші әйелі Рәзиядан. Қадірінен Әлия, Ғалия. Әлиясы Арқалық қалалық кітапханада кітапханашы болды, кәзір Астанада тұрады. Әлияның жолдасы Ғалымжан /марқұм/ Аманкелдіде тілші, Арқалықта актер болған азамат еді. Қадірдің әйелі Кәмила. Жәлелден – Айгүл. Москвада оқып жүргенде самолет апатынан қайтты. Сәулесі – ҚарГУ – де сабақ береді. Әйгерімі – заңгер, ғалым. Жәлелдің әйелі Сара білім жетілдіру институтында сабақ берген, директор болған. Жәлел Бралин ағамыз көп жылдар кен орындарында, шахтада директор болған. Техника ғылымының кандидаты. Шепелейдің ұрпақтары Ақтөбеде. Әбдіғали деген баласы 1897 жылы туған, ұрпағы белгісіз. Мінекей, мен білетін Бірәлі бай ұрпағы осындай, Осылай талдап жазу себебім - әлі де бірін-бірі таба алмай жүрген ағайын табыссын деген ой болды. Кешегі кеңестік заманда ата-баба тарихын, шыққан тегін айтуға болмайтын заман болды. Бай десе құбыжық көріп, кірпідей жиырылғандарды көріп өстік. Ақылсыз адам бай болмайды. Байлардың ішінде де еліне құт-береке, халқына пана, әлсізге қуат болған байлар болған. Солардың бірі осы Бірәлі бай. Ата-бабасынан әулетті бай солақай саясаттың құрбаны болып атамекеннен жырақта өкінішпен өмірден озды. Ұрпағы әкесін, әкесі баласын іздемейтін кезең болды. Бұл біздің ұлттың басына түскен зұлмат еді. Осы ауыр кезеңнен ешкім шет қалмады. Бәрі запа шекті. Кейінгі ұрпақ ата-баба тартқан ауыр бейнет, көрген азапты ұмытпай бүгінгі баршылыққа шүкіршілік, тәубә жасауы қажет. Бұл кісілер біздің өткеніміз, тарихымыз, еліміздің кезіндегі мақтанышы. Бүгінгі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен келген байлықты дәріптей бермей, бір сәт артқа бұрылып, біздің қазақтың жақсылары ұмыт қалған жоқ па деп қараған жөн болар. Өлі жебемей, тірі байымайтынын естен шығармау ләзім.
Шөптібай Байділдин Арқалық қаласының құрметті азаматы, әлемдік Шыңғысхан академиясының құрметті академигі
qazaquni.kz