Алаш арыстары жоқтаусыз қала ма?
2014 ж. 21 қаңтар
6225
2
Жылқы жылының желдіртіп кіріп келгендігін білмей де қалдық. Әлдеқандай мереке болса, келесі мерекеге дейін тоқтамай тойлайтын қазақтар ең басты құндылықтарын ұмытып бара жатқан секілді.
Қаншама ақын тұратын руханияттың астанасына айналған біздің шандоз шаһарымыз - Семейді, басын иіп тұратын Абай ескерткішінің ар жағынан қоштасуға қимай тұрған қып-қызыл күн ұясына ниетсіз жылжып бара жатыр... Көше бойынан жаңалық іздеп қалалық Мәдениет сарайының алды көлікке лық толғанынын көзім шалды. Бір жақсылықтың болып жатқандығын ішім сезгендей болды. Мәдениет үйі алдында бой көтерген ашық жасыл ленталар мен шарларды байқап қалғанмын. Үлкен холлда тәтті тағамдар сатып тұрған апайлардың тұрысынан балаларға арналған концерт екенін аңғарған пайымым, мені көрермен залына лезде кіргізді. Енді көзім не көрді дейсіздер ғой? Көргенде аса ештеңе емес. Әлемдік деңгейдегі мультфильмнің мерейтойы болып жатыр. Балалар теледидардан көріп жүретін мультипликациялық кейіпкер Спанч Бобтың эфирға шыққанына 15 жыл толыпты. Осыған орай өткізіліп жатқан кеш екен. Спанч Бобтың жасы ұзақ болсын, эфирден көрінбей қалмасын деген ұлықтау сөз айтылып, сахнаға үлкен сары түсті төрбұрышты киім киген бір адам көтерілді. Біреуі көрермен залынан шығып кетті. Ол - менмін. «Жасасын Спанч Боб!» - деген дауыстардан тез құтылғым келіп, есікті лезде жаба салып, сыртқа ытқып шықтым. Біздің қазақ шілдеханадан бастап бақилық болған адамның қырқы, жылдығына, тіпті, он жылдығына дейін құрметтеп, еске алып жататын еді ғой. Халқына қаншама еңбек сіңіріп, келесі өмірге аттанған ата-бабаларымызды еске алып, ұлықтаудың орынына әлдеқандай қуыршақтардың тойын тойлап жатқаны ауыр тиеді екен. Мәселен, былтырғы жылы Оралхан Бөкейдің мерейтойы Семей қаласында аталып өтпеді. Болған жоқ. Алтайдың кербұғысы тірі кезінде Үндістанға аттанар ақтық сапарында Тұрсынғазы Рахимов пен Талғат Кеңесбаевқа «Мен Үндістаннан келген соң мерейтойымды Семейде өткіземін» деп айтқан бірауыз сөзі де бүгінгі ұрпаққа аманат еді. Сол аманат былтыр іске аса ма деп едік. Тыныш қалдық. Ал осы жылы ше? Не істейміз? Жылқы жылында да бірнеше арыстарымыздың мерейтойына сай келіп тұр. Мәселен, Махамбет Өтемісұлына - 210 жыл, Біржан сал мен Кемпірбай Бөгенбайұлына - 180 жыл, Қазанғап Тілепбергенұлына - 160 жыл, Балуан Шолаққа - 150 жыл, Естай Беркімбайұлына - 140 жыл, Кенен Әзірбаев, Сәбит Дөнентаев, Әліби Жангелдіге - 130 жыл, Жүсіпбек Аймауытовқа - 125 жыл, Тұрар Рысқұлов, үш бәйтерек атанған Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлинге - 120 жыл, Шәкен Аймановқа - 100 жыл толып отыр қадірменді ағайын. Мен жазып отырғандар бұл - бір бөлігі ғана, аталмағаны қаншама. Алаш арыстары күл астында қалған моншақтың кейпіне енбесе игі еді. Қазақта «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген тәмсіл бар. Біз Алашқа еңбегі сіңген арыстарды насихаттап, ұрпаққа дәріптеудің орнына қуыршақты насихаттаймыз. Арыстарды ұлықтап, бағалап, ұрпаққа үлгі етіп отырмасақ, өзіміз де жоқтаусыз қалармыз деп қорқамын. Қазақ қазақтығын жасауға тиіс!
Рүстем МҰХАМЕД-РАХЫМ,Семей қаласы