ШАХАНОВТЫ «ҚЫСҚАРТУҒА» КІМ ТАПСЫРМА БЕРДІ?
2013 ж. 27 қараша
2579
1
Астана... Үнемі өзгермейтін сүркейлі күзін бастан өткеріп тұр. Жаңбырлы кеште, лайсаңды шылпылдата кешіп автобусқа отырдым. Лық толы адам. Көбісінің көзінен үйіне асыққан қуаныштан гөрі, мұң мен шаршау басым. Ызаға толы көздер мен бір түрлі бұрынғы қазақтарға жат рақымсыз өшпенділік менмұңдалайды. Көріп таңданасың, таңданасың да түсінесің...
Сонымен, мен кіріп келгенде автобус радиосынан: Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала, Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға. Әр адамда өз анасынан басқа да, Ғұмырына етер мәңгі астана, Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада Болу керек құдіретті төрт ана... деген жыр жолдары естілді. Кенет, бұл жырдың орнын шетелдің даңғаза үні басты. Әй, мұның қалай, сен кімнің өлеңін ауыстырып жібердің, қайтадан қой әлгі жырға деп, жасы жетпістерді орталаған бір ұзын бойлы, ақсақал жүргізушіге айқай салды. Автобус жүргізушісі жас жігіт екен, атасындай әлгі қарттың сөзін құлағына қыстырмады да, «өзің жеке машина сатып ал, сол кезде қалаған өлеңіңді тыңдайсың – деп «арс» ете қалды. Мына жағдай мені жай қалдыра алмады. Жүргізушіге барып, «сен өзің сөз ұқпайтын жігіт екенсің, қазақ радиосына қайта қой деп едім», өзім бүгінгі күннің жоспарын толтыра алмай, көңіл-күйім болмай келе жатқанда әрқайсысың мазамды ала бердіңдер-ау деп радионы мүлдем өшіріп тастады. Бір уақытта әлгі ақсақал, ол болса мен өзім-ақ сендерде сол өлеңді оқып берейін деді Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» жырын оқи жөнелді. Қаныңды басыңа шаптыратын, ежелгі ер түркілік өрлігіңді шабақтап оятып, әлдеқашан есінеп кеткен рухыңды желпитін бұл жырды оқып бітіргенде, адам лық толы көше автобусындағы ұлттық тілде сөйлейтін, жүдеу киімді қандастарым сілтідей тынды. Түсінбегендер бастарын тиістіре сыбырласып, жырқылдай күлісті... Осынау бір әсерлі сәт жүрегімдегі асыл текті, қыран мінезді Мұхтар аға жайлы сағынышты еселеп оятып кетті. Арадан екі айға жуық уақыт өткенде қазақ радиосында қызмет істейтін ақынжанды жақын журналист досым хабарласты. Оның айтқандарын естігенде төбемнен жай түскендей болып, қаным басыма шапты. Ол журналист өзі дайындайтын хабарларында Мұхтар Шахановтың өлеңдерінен үзінділер оқып, әндерін және әндеріне жазылған өлеңдерді жиі беріп, тыңдарманға жақсы хабар ұсынып отыратын еді. Кезекті бір хабарының жоспарын жасап, бекітуге радионың басшыларына апарғанда ол хабардың түгелімен эфирден өтпейтінін айтқан. Себебі, жоғарғы жақтан жасырын түрде арнайы берілген тапсырма бар екен. Қазақ радиосынан және Шалқардан болашақта Мұхтар Шахановтың өлеңдерін оқуды, өлеңдеріне жазылған әндерді беруге болмайтынын, жалпы эфирден М.Шаханов шығармашылығы туралы мүлдем тіс жаруға болмайтынын ескерткен. Қазақ ұлтының сатылмайтын байлығы жолында қаншама ерлік жасап жүрген халқымыздың маңдайалды ақиық ақыны Мұхтар Шахановқа қарсы жасалып жатқан мұндай мәңгүрттікке өз наразылығымды білдіру үшін әлгі журналистің атын атамай, қолыма қалам алдым. Бұл не деген сұмдық?! Еліміздегі ұлттық құндылықтардың сақталып қалуы жолында аянбай күндіз-түні қызмет етіп жүрген Мұхтар Шахановтың үнін «өшіру» кімге тиімді?! Ұлттық, елдік, мүдде тақырыбында жазылған Мұхтар Шахановтың онға жуық әндері бар екенін білеміз. Тыңдағанда рухани күш, санаңа серпін беретін Мұхтар ағаның әндері төл радиомыздан үздіксіз беріліп тұратын болса, руханият саласында жоғалғанымыз сәл де болса түгенденетін еді-ау. Онсызда күннен-күнге орыстанып, қала берді жаһанданып бара жатқан жастарымызды ұлттық құндылықтарды қастерлеумен шындық биігінен менмұңдалауына шақыратын Шахановтың отты жырларын тежеу биліктің ашық түрде ұлтсыздыққа бетбұруы деп білемін. Елімізде ұлттық идеология саласы кенже қалып, ал осы олқылықтың орнын толтыруға тиісті ақпарат құралдары, оның ішінде, радиода ертеден кешке дейін арзанқол мағынасыз әндер қаптап кеткенін талғамы биік тыңдарман біледі. О, қандай масқаралық! Өзінің сүйікті қазағының жүрек тамырларына үздіксіз рух беріп тұратын, Мұхтар Шаханов есімді дара дарынды аластаймыз деген қандай бишаралық еді бұл? Қазақтың жігеріне жігер, қуатына қуат, намысына намыс қосқан сардар ағаның жолын бұлай кесу мүмкін бе еді..? Тура қазіргі жағдайда: Қазақ – Мұхтар! Мұхтар – Қазақ! Біздің билік осы ақиқатты түсінсе ғой, шіркін!
Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ
Астана қаласы