АРАЛАС МЕКТЕПТЕР КҮШЕЙІП, ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІ ЖЕТІМНІҢ КҮЙІН КЕШІП ОТЫР! - ұстаздардың Ашық хаты
2022 ж. 15 сәуір
2361
2
Жағдайы төмен халықтың балалары жаңа мектепте оқуға болмай ма?
Алматы облысы, Талғар қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы №9 жалпы білім беретін орта мектептің ұстаздары мен ата-аналарының жанайқайын жеткізген бұл Ашық хат бізге бұдан тура екі ай бұрын 2022 жылдың 16 ақпанында келген еді. Ашық хат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Каринге және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаға жазылыпты.
Біз өз тарапымыздан, мәселені шешу үшін өтінішті қарастырып, нәтижесін баяндау туралы Білім және ғылым министрлігі мен Алматы облысы әкімдігіне депутаттық хат жолдағанбыз. Бұл аралықта Талғардағы бұл аралас мектепке айналу қаупі бар бұл мектеп пен жалпы еліміздегі аралас мектептердің тигізер зияны жайлы мақалалар баспасөз беттерінде өткір көтеріліп, талқылауларға ұласып жатты.
Біз бүгін осы ұстаздардың Ашық хаты мен біздің депутаттық хатымызға Білім министрлігінің берген жауабын жариялап, қорытып отырмыз.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса мырзаға
Ашық хат
Біз, төменде қол қоюшылар Алматы облысы, Талғар ауданы, Талғар қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы №9 жалпы білім беретін орта мектептің болашағына алаңдап отырмыз.
Талғар ауданының жоғары тау баурайына орналасқан (инкубатор аталады) ауданға салынған жаңа мектепті Т.Рысқұлов атындағы №9 мектеп асыға күтіп отыр едік. Мектеп құрылысы аяқталып, қолданысқа берілетін болғаны қуантса да , АРАЛАС МЕКТЕП болады деген жаңалық қуанышымызды су сепкендей басып тастады.
Талғар қаласында №1, №5, №6, №8 мектептер аралас мектеп, #3,#4 таза орыс мектептер.
Аудан халқының саны ,396 567 адам ұлттық құрамы: қазақтар (71,77%), орыстар (18,25%), ұйғырлар (9,69%), түріктер (2,57%), әзірбайжандар (1,60%), күрдтер (0,77%), татарлар (0,56%), корейлер (0,44%), немістер (0,42%), өзбектер (0,36%), гректер (0,30%), украиндар (0,20%), қырғыздар (0,18%), поляктар (0,12%), шешендер (0,13%), дүңгендер (0,02%), беларустар (0,03%), басқалары (0,59%).
1.Қазақтар 71% тұратын қалада қанша аралас мектеп болуы керек? Аралас мектепке қажеттілік бар ма? Не үшін жаңа мектепті аралас мектеп етіп ашқалы отыр? Халықпен неге санаспайды?
2. Мемлекеттің ақшасына салынған мектеп неге қазақ балаларының білім алуына берілмейді? (Таза қазақ мектебіне берілмей отыр)
3.Аралас мектепте ашылған орыс сыныптарында түгел қазақ балалары оқып отыр. Қазақ мектептерінің №2, №49, №9 ғимараттары ескі. Оның ішінде ең сорақысы №9 мектеп, ешқандай жағдайы жоқ.
Төмендегі сұрақтарды шешіп беріулеріңізді талап етеміз.
1. Қолданысқа бергелі тұрған жаңа мектепке ақша сұраған кезде, №8, №1 аралас мектептерді «үш ауысымды мектеп» деп жалған мәлімет берілген.
Неше жылдан бері жағдайы жоқ №9 мектепте оқып жатқан қазақ балаларының жағдайы жергілікті басшыларды ойландырған жоқ.
2. Басшылық Талғар қаласы бойынша аралас мектептер күрделі жөндеуден өткенде, «қазақ мектебіне жаңа ғимарат салып береміз» деген сөздерінде тұрған жоқ.
3. Неге әкімдік жоғарыға жалған мәлімет беріп салдырған жаңа мектеп ғимаратына ұлттық мектепті жолатпай отыр?
4. Аралас мектептің көбейіп жатқаны басшыларымыздың басқару қабілетінің жетістігі ме, жетімсіздігі ме? Талғар ауданында 71% қазақ, тұрғылықты халық тұрса да, жаңа қолданысқа берілгелі отырған мектепті аралас мектеп етіп ашқалы отыр. Онсыз да 5 аралас, 2 таза орыс мектебі бар.
Жаңа мектеп қазақ мектебіне берілсін!
Т.Рысқұлов атындағы №9 жалпы білім беретін орта мектеп 1992 жылы ашылған. Аталған мектеп қазақ тілінде білім беретін, білім мен тәрбиені егіз қойған қасиетті білім ордасы. Жыл сайын осы мектептен түлеп ұшқан түлектер өз білімдерін жалғастырып, жақсы маман иелері атануда. №9 мектеп ордасы дарынды шәкірттерді тәрбиелеп қоймай, ауданның білім ошақтарымен білім бөліміне сапалы кадр дайындап беріп отырған салиқалы білім ошағы.
Оған дәлел мынау.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Сәдуақасова осы мектептен шыққан, #45 мектептің директоры, #44 мектеп директоры, #10 мектеп директоры, 14 мектеп директоры осы мектептен шыққан. Еңбекшіқазақ ауданында тағы бір директор осы мектептен шыққан.
Білім бөлімінің әдіскерлері де осы мектептен шыққан. Жүздеген мұғалім осы мектептен шыққан.
1992 жылы құрылған "Қара шаңырақта" білім алған түлектер 30 жылдан бері әр салада қызмет етуде. Сайдың тасындай азаматтар қоғамға үлесін қосып жатыр....
Ұлттық мектеп бүгін, міне, жетімнің күйін кешіп отыр.
Мектепте білімді, білікті мұғалімдер еңбек етуде. Шебер мұғалім де осы мектепте. Бұл ұжым ешқашан жылаған жоқ. Ескі ғимаратта үнсіз еңбек етті. Қара халықтың баласын оқытты. Қиындықты жеңді. Біз оқушылар үшін үн қатып отырмыз. Халықтың баласы - болашақ ұрпақ үшін үн қатып отырмыз...
Әлеуметтік жағдайы төмен- халықтың баласы жаңа мектепте оқи алмай ма?
Жылдар бойы қиындықты жеңіп келген мұғалімдер жаңа мектепте жұмыс істей алмай ма???
Осындай қасиетті білім ордасы жабылып қала ма деп алаңдаймыз. Оған себеп мектептің материалдық базасының сын көтермейтіндігі, спорт зал жоқ, Акт зал жоқ, Асхана жоқ, Алаңқай жоқ. Мектептің іргесінде 30 жылдан бері иесі табылмаған ескі ғимарат қауіп төндіріп тұр.
Мектепте әлеуметтік жағдайы өте төмен, қара халықтың балалары оқиды. Халық үніне құлақ түріп, бізге көмектесіңіздер!!!
2022 жылы 9 ақпан күні Талғар аудандық мәслихат депутаттары, аудандық «Қазақ тілі» қоғамы директоры, білім бөлімінің басшысы, #9 мектеп директоры қатысқан кеңес өтті. Кеңес шешімі – жаңа мектепте қазақ тілді мектеп ашуға атсалысуға қаулы шығарылды.
Бірақ 11 ақпан күні, Алматы облыстық мәслихаттың депутаты Жанболат Әкебайұлы Жөргембаев келді де, «Қазақ тілді мектеп аша алмайсыңдар!» деп ашық айтты. Жаңа мектепке оқушылар қабылдау туралы хабарламаны таратуға тыйым салды.
Бізге кім ие болады? Бес айдан бері ашпаған есігіміз қалмады?. Осы мәселені шешіп беріңіздер. Егер соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған жаңа салынған мектеп бізге берілмесе, бізге жаңа оқу ғимаратын салып беруге көмектесіңіздер!!!
Құрметпен, Талғар аудандық #9 мектептің ұжымы мен ата-аналары атынан Сания Нүсіпәлі.
Алматы облысы, Талғар қаласы, Т. Рысқұлов атындағы №9 мектеп эл.пошта:mektepr@mail.ru
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігіне
Алматы облысының әкімдігіне
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Алматы облысы, Талғар қаласының тұрғыны С. Нүсіпәліден және №9 мектептің ұжымы, ата-аналарынан қазақ мектептерінің жетіспеушілігі жөнінде өтініш келіп түсті.
Өтініш Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 65-бабының 1-тармағына сәйкес жолданымда қойылған мәселелерді шешу құзыретіне кіретін әкімшілік органға жолданады.
Осыған байланысты, аталған өтінішті қарастырып, нәтижесі туралы хат иесіне және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне заңда белгіленген мерзімде жазбаша түрде хабарлауыңызды сұраймын.
Қосымша: 3 парақта (1-ші мекенжай иесіне).
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек ИСА
ЖАҢА МЕКТЕПТЕ ОҚЫТУДЫ АТА-АНАЛАР АРЫЗЫ БОЙЫНША АНЫҚТАУ ОРЫНДЫ - министрлік
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
депутаты
Қ.Ж. Исаға
2022 жылғы 18 ақпандағы
№ 7-8-337/ЖТ-Н-547-хатқа
Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Талғар қаласында жаңадан салынып, ашылғалы тұрған мектепке қатысты С. Нүсіпәліден және № 9 мектеп ұжымы мен ата-аналарынан келіп түскен өтініш бойынша жолдаған депутаттық сауалыңызды қарастырып, төмендегіні хабарлайды.
2021-2022 оқу жылында Талғар қаласында 10 мектеп жұмыс жасайды, оның ішінде, 4 мектеп – қазақ тілінде, 2 мектеп – орыс тілінде, 4 мектеп – аралас тілде білім береді. Қала мектептеріндегі бала саны – 10 562 оқушыны құрайды, оның ішінде, қазақ тілінде оқытатын сыныптарда – 8005, орыс тілінде оқытатын сыныптарда – 2557 білім алушы оқиды.
Анықтама: оқушылардың 65 % – қазақ, 19,5 % – орыс, 6 % – ұйғыр, 1,9 % – әзірбайжан, 1,6 % – түрік, 0,6 % – неміс, 0,5 % – кәріс, 0,9 % – өзбек және 4 % – басқа ұлт (украин, белорус, армян, қырғыз, дүнген, татар, молдаван, шешен, эстон, башқұрт, грек, күрд, поляк т.б.) өкілдері болып табылады.
Өтініш иелері көтеріп отырған Талғар қаласындағы 1200 орындық мектептің құрылысы қала бойынша мектептердегі 3 ауысымда оқыту мәселесін жоюға бағытталған. Қазіргі таңда мектепті ашу туралы қаулы әзірленіп, тиісті келісу жұмыстары жүргізілуде.
Біріншіден, Талғар қаласындағы облыстық Ю. Гагарин атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын № 8 арнаулы гимназиясы «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 18-бабына сәйкес мамандандырылған негізгі орта, жалпы орта білім беру (5-11 сыныптар) бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы болып табылады. Алайда, оқушы орны жетіспеушілігіне байланысты 1-4 сыныптарда оқитын 568 оқушы аталған мектепте білім алуда. Осыған орай, жаңа мектепке осы Ю. Гагарин атындағы гимназияның 1-4 сынып оқушыларын ауыстыру жоспарланған.
Екіншіден, үш ауысымда оқытуды жою мақсатында № 1 орта мектептің оқушыларын жаңа мектепке ауыстыру мәселесі қарастырылған.
Үшіншіден, Т. Рысқұлов атындағы № 9 орта мектептің оқушылары мен ата-аналарында таңдауы бойынша жаңа мектепке ауысуына мүмкіндігі бар.
Жасалған талдау негізінде, бірнеше ұлт өкілдері (13 ұлт) тұратын ауданда ашылатын жаңа мектепте оқытуды ата-аналардан қабылданған өтініштер бойынша ұйымдастыру орынды деп санаймыз.
ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Ш. Каринова
АРАЛАС МЕКТЕП – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ЖОЙЫЛУЫНА АПАРАДЫ - Қазыбек Иса
Хош, сонымен Білім және ғылым министрлігі жауабымен де таныстық, дер кезінде жауап қайтарғаны үшін рахмет айтамыз. Иә, әдеттегідей, «Өгізді де өлтірмеген, арбаны да сындырмаған» жауап екен. Министрліктің жауабы “бірің өліп, бірің қал, қай жеңгенің менікі” деген саясат болып тұр.
Ал Алматы облысы әкімдігінен әлі жауап жоқ...
Ал министрлік жауабын біз арқылы білгеннен кейін (өзіне әлі жауап жетпеген) тағы да хабарласқан, қазақ мектептерінің жағдайы үшін қайрат көрсетіп, жүгіріп жүрген ұстаз Сәния Нүсіпәлінің жазуынша, Талғардағы Т. Рысқұлов атындағы #9 мектептің жағдайы өте нашар.
-Осы мәселені көтергенімізге жарты жыл болды. Талғар ауданының жоғары тау баурайына салынған, ең соңғы технологиямен жабдықталған мектепті қазақ мектебіне бермей отыр. Біздің оқушыларымыздың құқығын кім қорғайды?
Кеңес одағынан қалған ескі ғимаратта оқып жатқан балалардың болашағына кім жауап береді?-дейді ол.
-1200 оқушыны жинау ешқандай қиын емес.! Егер #9 мектепке берілсе, қазірдің өзінде бізде 800-ге жуық оқушының арызы жиналып тұр. Ал мектеп ашылса, жан-жағындағы алыстағы аралас мектептерге қатынап жүрген оқушылар көп, толып кетер еді.
Қиналып отырғанымыз— мектепті аралас мектеп етіп ашпақшы болған басшылардың бізге оқушы жинауға кедергі жасауы. Алматы облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргембаев “Ешқандай Қазақ мектебі ашылмайды, аралас мектеп болады! Мектепке оқушы қабылдау туралы хабарламаны таратуды тоқтатыңдар!”-дегенін қалай түсінуге болады? Мемлекеттің қаржысына салынған мектеп құрылысы неліктен, жеке тұлғалардың бас пайдасына, мансабына қатысты жұмыс істеуі керек?
Жалпы басшы болу үшін, өз білгендерін істеп жатыр. Қандай мектепте, қандай оқушылар қиналып отырғаны зерттелген жоқ. Аралас мектептер үш ауысымда оқиды деп өтірік мәлімет берілді.Көзбен көріп отырмыз, ешқандай үш ауысым жоқ. Ол аралас мектептердің орыс сыныптарында түгелге жуық қазақ балалары оқып жатыр.
Осынша өтірікке құрап, аралалас мектеп ашпақшы болған адамдардың пиғылы нені түсіндіреді?-дейді шындық іздеп шырылдаған Сәния Нүсіпәлі.
Иә, Алматы облысы мен Талғар ауданы басшылығының ұстанған саясаты ескі ғимараттардағы қазақ мектептерінің жағдайын жасау емес, аралас мектептерді көбейту болып отырғаны көңілге кірбің түсіреді!? Аралас мектеп болғанда қазақ сыныптарының тынысы тарылатыны, ұлттық тәрбиеге нұқсан келіп, басқару орыс тілді мектептің тілімен жүретіні Кеңес одағы кезін айтпағанда, кейінгі 30 жылда да әбден айқындалған жәйт.
Тіпті, 1925 жылы, осыдан бір ғасырдай бұрын Алаштың рухани көсемі, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өзі: "Аралас мектептің санын арттыру- бұл ұлтты ұлт ретінде жоюдың бірден-бір жолы!»-деп, дабыл қаққан болатын.
Тіл атасы, Әліпбидің авторы сонымен бірге қазіргі қаншама миллиардтарды шашып, бірақ бір де бір нәтижесі болмаған «үш тілділікке» де, ескіден келе жатқан екі тілділікке де қарсылығын сол кезде-ақ ескерткен екен. «Бастауыш мектепке баратын әрбір бала тек өзінің ана тілінде ғана білім алуы керек"-деп айқын мәлімдеген.
100 жылдан бері Ұлт ұстазының ескертулерін ескермей, естімей келе жатқанымыздың зардабын өмірден күнде көріп жатырмыз қазір. Сонда, Талғарда жаңа салынған мектепте қазақ мектебінің ашылуына қарсы болып отырған депутат, Алматы облыстық мәслихаттың хатшысы, «Аманат» партиясының мүшесі Жанболат Жөргембаев ата-баба Аманатына қарсы шығып отыр ма?
Талғарда талайдан бері сөз болып келе жатқан бұл мәселе туралы Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Талғар аудандық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Қамнұр Тәлімұлының «Қазақ үні» газетінің №4 санында (2022 жыл 27 қаңтар) «Қазақстанға аралас мектептің не қажеті бар?» деген арнайы сараптама мақаласы шығып, әлеуметтік желіде үлкен талқылауға ұласқан болатын.
Ал «Қазақ әдебиеті» газетінің №7 санында (18 ақпан, 2022 жыл) тіл жанашыры Бекзәкір Құралбаевтың «Алматы дүбәралардың ордасына айналды. Аралас мектептерді жабу керек» деген көлемді сұхбаты жарық көрген болатын. Осы сұхбаттан кейін де қоғамдық ортада қызу пікір қалыптасты. Еліміздегі зиялы қауым өкілдері үн қосып, аралас мектептерден білім алатын оқушылардың дені орыстілді, бөгде рухты болып өсетінін айтып, дабыл қақты.
Айталық, Алматы қаласында мемлекеттік мектептердің саны 207 болса, соның 70-і қазақ, 64-і орыс, 3-і ұйғыр, ал 70-і аралас мектеп екен. Бұл жерде аралас мектептердің дені орыстілді ұрпақ тәрбиелеп шығаратынын ескерсек, мәселенің қаншалықты күрделі екені белгілі болады. Мұнан сырт, 60-тан астам жекеменшік білім ордалары жұмыс істейді. Олар да аралас мектептердің санын арттырып отыр.
Ал елордада 99 мемлекеттік мектептің 35-і қазақ, 56-сы аралас, 8-і орыс мектебі екен. Еліміздің бас қаласында 50 жекеменшік мектеп бар. Елордада қазақ тілінде оқитын оқушылар саны – 114 442 (54,8%), орыс тілінде оқитын оқушылар саны – 93 312 (44,7%). Ал орыс тілінде білім алатын ұлты қазақ балалар 62 398 (63%) . Демек, аралас мектептердегі орыс сыныптарының негізгі бөлігін қазақ балалары құрап отыр. Елорададағы бірінші сыныпқа барған оқушылардың 52 пайызы қазақша, 48 пайызы орысша оқиды.
Еліміздегі ең үлкен екі астанадағы қысқаша статистикалық мәліметтерден-ақ, аралас мектептердің мемлекеттік тілді дамытуға қаншалықты кесірі тиіп отырғанын бағамдауға болады.
Яғни, түйткілі көп, шешуін күтіп тұрған өте өзекті мәселелер жеткілікті.
Сондықтан да, 2022 жылдың 16 сәуірінде сағат 12.00-де Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ҚР Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері, тіл саласының мамандары, педагогтар, қоғам белсенділері мен журналистердің қатысуымен «Аралас мектеп қазақты қайда апарады?!» атты дөңгелек үстел өтеді.
Қазақ мектебінің болашағы, жалпы ұлттық білім мен тәрбие мәселесі алаңдатқан ағайынды осында күтеміз.
Қазыбек ИСА,
ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты