ҚАПШАҒАЙ АТАУЫН ӨЗГЕРТКЕН ДҰРЫС ПА?!.
2022 ж. 16 наурыз
2983
10
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қапшағай қаласының атауын өзгертуді қолдайтынын мәлімдеді.
"Абай мен Ұлытау, Жетісу өңірлерінің атаулары ерекше маңызға ие. Мәселен, Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімімен байланысты. Қапшағай қаласына Қонаевтың атын беру туралы ұсыныс түссе, мен бұл ұсынысты қолдаймын", - деді Президент.
Біріншіден, Президентке елдің көңіл-күйі мен қоғамдағы талқыға түсіп жатқан тақырыптар туралы нақты кім мәлімет жеткізіп отыратынын мен жобалап білемін. Ал, елімізде Қонаев атын ұлықтауды сұрап, Қапшағайға оның есімін беруді көтеріп жүрген үлкен бастамашыл топтардың барын Президенттің өз аузынан бірінші рет естіп отырмын. Ия, Қапшағай қаласының атауын Қонаев деп өзгерту туралы бірді-екілі белгілі тұлғалардың сұхбатынан оқығаным бар. Бірақ, жалпы ұлттық деңгейдегі талқылау ешқашан жүрген емес.
Мәселен, халық ішінде Петропавл мен Павлодар қалаларының атауларын өзгерту немесе Семей қаласын "Алаш" деп атау туралы ұсыныстар көп. Және бұл шын мәнінде халықтық деңгейде, кемі он жыл бойы талқыланып келе жатқан тақырып.
Сол секілді Солтүстік өңірімізге көз алартып, қайта-қайта даулы пікірлермен екі елдің арасына сына қағып жүрген саясаткерлердің барын ескерсек, және Солтүстігімізді шұғыл қазақтандыру қажеттілігін ескерсек, онда Торғай облысының құрылуы ауадай қажет еді. Қапшағай атауын өзгертуден бұрын осы мәселелерге қоғам әлдеқайда көп үн қатып, талай жылдан бері талап етумен келеді.
Ал, Қапшағайдың қала ретінде іргетасы Қонаевтың заманында, 70-ші жылы қаланғанмен, тарихы тереңде ғой. Себебі, Іле алқабы ежелден ұлтымыздың ұйық жері. Қазақ халқының негізін құрайтын байырғы тайпалар біздің эрамызға дейін-ақ, Іле бойын мекендеп, мемлекет құрған. Қапшағай өңірі туралы сонау 1856 жылы Шоқан Уәлиханов та өз еңбегінде: «...18 шілде күні кешқұрым біз Шеңгелдіден өттік. Осы мекеннен мен ежелгі су айдау жүйесін көрдім. Құбыр тауып алдым», деп жаған еді.
Жалпы, бұл өлкенің тарихи атауы туралы деректер аз болса да, кездеседі. Мысалы, "Екіоғыз" немесе "Ілебалық" деген тарихи атаулар ел аузында жүр.
Әріден соң бұл өлкеде Қарахан, Горхан, Күшлік хан, Шыңғыс хан, Жошы хан сияқты неше ғасырлық тарихымыздың ізі бар. Одан кейінгі Бабыр мемлекеті, Қазақ хандығы және Жоңғар шапқыншылығына қарсы тойтарыстар заманындағы хандар мен батырлардың Қапшағай шатқалына ат шалдырған.
«Қапшағай» сөзінің тұңғыш мағынасы қалай болғанын анықтау үшін түркі тілдеріне зер салсақ мыналарды байқаймыз. Якут тілінде «хапсағай» сөзі «тез, шапшаң, епті», ал «хаптағай» тұлғалы сөз «жазық, тегіс» мағыналарын берсе, туваларда «қашпағай», кейде «қапшағай» дыбыстық құрамдағы сөздер, «өжет, ыңғайлы, шапшаң» ұғымдарында қолданылады. Хакас тілінде де «хапчағай» сөзінің тува тіліндегідей мағына беретінін білеміз.
Енді түркі тілдерімен туыстас монғол тобындағы тілдерге бет бұрайық. Монғол тілінде «гавшгай» біздегі «шапшаң, пысық, жылдам, ысылған» мағыналары орнына жұмсалса, қалмақша «һавшун» - «батылдық, ер жүректік», ал «хавчг» тұлғалы сөз біздегі «аңғар, сай» мағыналарын білдіреді.
Ертедегі түркі тілдерінде кездесетін «қапчақ» сөзін де естен шығаруға болмайтын сияқты. Јйткені оның берер мағынасы – «салаларымен қосыла отырып, өзеннің құйылатын жері».
Ең басты мәселе, ол біздің ұлттық менталитетте. Біз "Ов", "Ев" деген құлдық жалғаулардан құтыла алмай жүргенде, енді қалаларымызды ҚонаЕВ, СатпаЕВ деп атаған қаншалықты дұрыс? Мен бұл тарихи тұлғалардың ел алдындағы еселі еңбегіне еш күмәнім жоқ. Оған жас ұрпақ ретінде ризашылықпен ғана қарауымыз керек. Алайда, "Қонай қаласы", "Сатбай қаласы" деген атауға бүгінгі билік ешқашан келіспейтіні тағы да шындық.
Біздің ұлан-ғайыр даламыздағы әр елді-мекеннің өз тарихи атаулары болған ғой. Ресей империясының отарлық саясаты салдарынан тарихи жерлеріміздің атаулары бұрмаланып, өзгертілді. Мемлекет 30 жыл бойы сол атауларды қалпына келтіре алмай отыр. Немесе келтіруге құлықсыз. Біздің ономастикалық комиссиялардың жұмысына да менің көңілім толмайды. Қазақстанның кез-келген өңіріне барсаңыз "Екатериновка", "Самсоновкалар" әлі де самсап тұр.
Қапшағай деген сөздің қазақ тіліндегі естілуі керемет. Сөздің өз поэтикалық қуаты бар. "Қапшағай" деген атаудың қасында "Қонаев" деген қала атауы сәтсіз көрінеді.
Қонаевтың еңбегін ұлықтау керек болса өзі басқарған Ғылым академиясына есімі берілсін. "Дінмұхамед Қонаев атындағы Ғылым академиясы" деген "Қонаев қаласы" дегеннен гөрі жақсырақ естілетін секілді.
Жалпы, қалаларға кісі аттарын беруге сақ болған жөн. Ертең бір бастамашыл топ Шымкентті Тәшенов қаласы, Қызылорданы Оңдасынов қаласы деп атайық десе, оны да қабылдап, қолдап кетеміз бе? Бір жиырма жылдан кейін Атырау қаласының атауын Тасмағамбетов қаласы деп өзгертейік десе, не дейсіздер?
Одан да ел пікірін ескерусіз ауыстырылған Нұр-Сұлтан қаласының өз атауын қайтарып, Өскемен, Павлодар, Талдықорған қалаларында жойылған Тәуелсіздік көшелерін (қала әкімдері "Назарбаев" деп өзгертіп тастаған) қайта қайтару керек. Мысалы, Өскемен қаласында Тәуелсіздік көшесін жойып, оны Назарбаев даңғылы деп атау үшін қала әкімдігі мен мәслихатқа небары 12 минут жеткілікті болған. Мен бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде мақала жазып, сол шешімді қабылдаған қала әкімі мен барлық мәслихат депутаттарының есімдерін тізіп жариялап едім.
Бұл менің жеке пікірім. Тағы да қайталап жазамын, мен Қонаевтың тарихтағы рөлін жоққа шығармаймын. Тек, Қапшағай деген қала атауының өзі тарихи атау. Қонаевты ұлықтайық десек, жолдары көп қой.
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні