Өз тіліңе деген опасыздық өзге тілге табынудан басталады - Смағұл Елубай
2021 ж. 09 тамыз
1938
3
"Қазақ үні" ақпарат агенттігі белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубайдың "ҚОҢЫР ДӘПТЕРГЕ ҚОНҒАН ОЙЛАР" атты жазбаларынан тіл мәселесіне қатысты өткір пікірлерін оқырман қауымның назарына ұсынамыз.
***
Ақсақалдарымыздың өздері ел алдына шығып орыс тілінде көстеңдеп отырады. Ана тілімізді аяқасты етудің бұдан өткен сорақы тәсілін табу қиын. Бұ байғұс халықтың «ақсақалдарының» өзі осындай «өнеге» көрсетіп отырса, онда, өзге жұрттан не қайыр?!
***
Орыстілділер орыс тілі үшін күреседі. Қазақтілділер қазақ тілі үшін күреседі. Күндердің күнінде осылар бір-бірімен күресіп кетпесе неғылсын. Ел бірлігі үшін тіл бірлігі қажет екендігі содан.
***
Өзге тіл деп өңмеңдеп жүргенде ана тіліміз архаизмге айналып кете ме қорқамыз.
***
Өз тіліңе деген опасыздық өзге тілге табынудан басталады. Ана тілге деген опазсыздық түбінде Ата жұртқа деген опасыздыққа ұласады. Өйткені, өз тілінен безіп, өзге тіл тобына өткендер өз тілінің ғұмырын қысқартады. Өзге тілдің ғұмырын ұзартады. Өз елінің ғұмырын қықартып, өзге елдің ғұмырын ұзартады. Ендеше, тіл үшін күрес - ел үшін күрес.
Бұл деген сөз - өзге тілді білме деген сөз емес. Бұл деген сөз – өзге тілді білген сайын өз тілің менен еліне табына түс деген сөз. Сонда ғана тілің – тіл, елің ел болмақ.