Билік ұлтшылдық ұғымынан шошымау керек - Қазыбек Иса
2021 ж. 21 маусым
1524
4
Бұрын хабарлағанымыздай, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени комитеті жақында өткізген «Ұлттың жаңа бейнесін қалыптастырудағы шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» атты алқалы басқосуда жасаған баяндамасында “Ақ жол” фракциясы мүшесі, депутат Қазыбек Иса осылай деп, ұлттық идеология мәселесін сөз етті.
Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі хабарлайды.
- Ұлттың жаңа болмысы Ұлтшылдық негізде қалыптасуы керек. Мемлекет басшысы атап айтып, санап көрсеткен ұлттың жаңа болмысына қажетті қасиеттердің бәрінің негізі Ұлтшылдыққа келіп тіреледі. Өйткені, кеше кеңес империясы кезінде 70 жыл ұлтшылдықпен күресу қазір Тәуелсіздіктің 30 жылында да тоқтаған жоқ. Көрнекті жазушы Ғабиден Мұстафиннің “Бұрын біз ұлтшылдықпен күрестік, енді ұлтсыздықпен күресейік”-деген әйгілі сөзі қазір өте өзекті болып тұр.
Ұлтшылдық деген ұғымнан біздің билік әдеттегідей шошып кетпеу үшін түсіндіре кетейік. Ұлтшылдық дегеніміз - Мемлекетшілдік, елшілдік, патриоттық! - деді депутат.
Ол, сонымен қатар, елде ұлттық идеологияның жоқтығын да айтты.
- Ресейде мемлекеттік тілді қорғағандар «патриоттық» деп бағаланып, мақталады. Ал Қазақстанда мемлекеттік тілді қорғағандар – нашар мағынасындағы «ұлтшылдық» (нацист) деп айыпталып, датталады!
Бұл бізде әлі толыққанды ұлттық идеологияның жоқтығын білдіреді,- деді Қазыбек Иса.