Азат Перуашев: Елорда әкімдігі Ашаршылық құрбандарын еске алуға неге қарсы?
2021 ж. 19 мамыр
3646
1
Биылғы 5 мамырда «Ақ жол» Демократиялық партиясының атынан 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу мақсатында «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге мүмкіндік сұрап, Нұр-Сұлтан қаласы әкіміне арыз жолдаған болатынбыз.
Кеше сол арызымызға жауап ретінде шеру өткізуге рұқсат беруден бас тарту туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің Қаулысы шығыпты. Алайда, Қаулыда хаттың партия атынан жіберілгеніне қарамастан, «Н.Перуашевқа Нұр-Сұлтан қаласында 2021 жылғы 31 мамыр күні 10 сағат 00 минуттан 12 сағат 00 минутқа дейін қосымшада көрсетілген маршруттар бойынша шеру өткізуге рұқсат беруден бас тартылсын» деп жазылған, Нұр-Сұлтан қаласы әкімі орынбасары Бахтияр Мәкеннің хаты келді.
Алдымен, өткізілетін іс-шараның Азат Перуашевтің жеке бастамасы емес, «Ақ жол» Демократиялық партиясының ресми және де дәстүрге айналған, 2017 жылдан бастап өткізетін іс-шарасы екенін еске саламыз.
Екіншіден айтарымыз, Нұр-Сұлтан қаласы әкіміне “Ақ жол” партиясы атынан хат жазып отырған белгісіз “Н.Перуашев” емес, мен, Азат Перуашев.
Сонда ел астанасы әкімінің орынбасары, жас досым әрі бұрынғы Мәжілістегі әріптесім Бахтияр Мәкен өз қызметкерлеріне сеніп, қол қойып жатқан хаттағы екі ауыз сөзді оқи алмады ма? Әкімдіктің қызметкерлері Парламенттік партияға мынадай сауатсыздықпен жауап бергенде, жеке азаматтардың сауалына қалай қарайды екен?
Үшіншіден, Бас санитардың қаулысына сәйкес шеру өткізуге «рұқсат бере алмаймыз» деп кімдер жазып отыр?
Негізінде, былтырғы жылы Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен “Митингтер туралы” заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, мұндай іс-шараларды өткізуге шенеуніктердің рұқсаты керек емес. Өткізуші тек алдын ала хабарлап, ұйымдастыру мәселелері бойынша көмек сұрау керек: мысалы, шеру автокөліктерге, азаматтарға кедергі келтірмеу үшін, жол полициясы сол көшелерде көлік қозғалысын тиісті реттеуді қолға алу жөнінде.
Және де әкімдіктің жауабында санитарлық талаптарды (шеруге қатысушылар қандай алшақтықты ұстау керек, қанша адамнан көп жинамау керек деген сияқты, бетперде режимін сақтау, т.б.) көрсетсе жөн болатын еді.
“Ақ жол” партиясының арызында көрсеткендей, мыңдаған азамат жинау қауіпті деп санаса, онда сол шеруге мың емес - 100, немесе 10, тіпті 3 адам ғана қатысуын талап етуіне болатын еді ғой. Немесе, жиналғандардың қолында ПЦР анықтамасы болсын, немесе вакцинациядан өткендерге ғана қатысуға болады деп жөн сілтеуге болмас па еді?
Ал, жай “тыйым салуға” аса ақылдылық керек емес, бұл деген өткен заманның әдістемесі.
Кеше ғана 9 мамырда әкімдіктің өзі арнайы үлкен автокөліктерге Жеңіс мейрамын тойлаған әнші-бишілерді топтап толтырып алып, бүкіл қаланы аралап шыққанда Бас санитардың қаулысы қайда қалды?
Алты сағаттай серуендеп, 60-тан астам ән айтқанда (2-ақ ән мемлекеттік тілде болды) шырқап жүрген әншілерді сайрандатып қойған Елорда әкімдігі сол кезде неге 6 мамырдағы Бас санитардың қаулысына қарамады?
Салыстыру үшін айтар болсақ, Екінші дүниежүзілік соғыста қазақстандықтардың құрбан болғандар саны 600 мыңдай болса, Саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық құрбандарын қосқанда 4 миллионнан асып кетеді, яғни, жеті есе артық қаза тапқандар. Және де олар соғысқа жиналған, қару ұстаған сарбаздар емес, көбісі – қариялар қоса әйелдер мен балалар еді. Бұны кез келген отандық тарихшы, алаштанушы дәлелдеп шығады.
Өз еліңде бала-шағасымен бірге, ауыл-аймағыңмен, қалың еліңмен бірге азапталып, аштан өлу - ең ауыр қайғылы қасірет, қорлық өлім!
Парламенттік партияға Ашаршылық құрбандарын еске алып, шеру өткізуге Елордада рұқсат жоқ! Ал Оңтүстік астанада тұсініксіз топтар сайран салады. Дәл сол сияқты өткен жылы 16 желтоқсанда “Ақ жол” партиясына Ел Тәуелсіздігі мен мемлекеттік тілді қолдау үшін митингіге рұқсат берілмеген еді…
Белгілі қазақ ақыны Қазыбек Исаның “Зұлмат. 4 миллион қазақты жоқтау” аза жырындағы:
“Қолын жайып, нан сұраған сәбилер,
О дүниеде дұға сұрап жүр әлі”- деп жырлағанындай, халқымыздың 70 пайыздан астамы опат болған құрбандарымызға дұға жасап, тағзым ете алмасақ, елдігіміз қайсы?
Құрметті Алтай Сейдірұлы!
Біз, “Ақ жол” демократиялық партиясы, сіздің орынбасарыңыз шығарған шалағай шешімін қайта қарастыруын талап етеміз.
«Алашқа тағзым» атты шеру өткізу үшін жоғарыда көрсеткендей, қандай қатаң санитарлық талаптар болса да, келісіп, қолдау көрсетуге шақырамыз.
Азат Перуашев,
“Ақ жол” демократиялық партиясының төрағасы, Парламенттегі фракциясының жетекшісі