ЖУРНАЛИСТ ЗАРЫ - ХАЛЫҚ ҚАМЫ
2016 ж. 03 маусым
5870
15
Алты Алаш өзіне ұлағатты ұстаз тұтқан Ахмет Байтұрсынұлы "Баспасөз - халықтың көзі, тілі һәм құлағы" деген екен. Заманынан оза туған Ахаң қазақ жерінде бұқараның санасын оятып, рухын көтеру мақсатында алғаш пайда бола бастаған газеттерге үлкен мән беріп, оның маңызын сол заманның өзінде жоғары бағалағаны баршаға белгілі. Алаштың тағы бір ардақтысы Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп айтқан-ды. Бұл өміршең тұжырымдар ешқашан маңызын жоймақ емес. Оны бүгінгі күні де басты назарда ұстағанымыз абзал, бірақ..
БАҚ пен билікті шатастырмайық
Бүгіндер біреулер "төртінші билік" деп атап, астына қалың көпшік қойғанмен, бұқаралық ақпарат құралдарының билікпен қатар сол төрде отырғанын әлі ешкім көрген емес. Тіпті оның қажеті де жоқ, сондықтан оны "төртінші билік" деп атаудың өзі ерсі, ешқандай негіз де жоқ. Қазақша айтқанда БАҚ пен биліктің басы бір қазанға сыймайды. БАҚ пен билік ауыз жаласса бұқара бөлек, айдалада қалатыны анық. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай халықтың "көзі" мен "құлағы" болса жоғарыда не жоғалтыпты, билікпен қосарланатындай жөні де жоқ дер едік. Анығын айтсақ, БАҚ билік пен бұқара арасындағы дәнекер, бір-бірінен көз жазғызбай, қарым-қатынасын қалыптастырып, үзілгенін жалғайтын көпір болуға міндетті. Билік тарапынан жіберілген қателіктер мен кемшіліктерді бетіне басып, бұқараның санасына оң өзгерістер сіңіріп, қоғамның дамуына жол сілтеп, ықпал ету - БАҚ-тың басты мақсаты. Бұл міндетін бүгінгі ақпарат құралдары қалай атқарып отыр? Биліктің оған деген көзқарасы қандай? Бұқарамен байланысы және оның алдындағы беделі қай деңгейде? Міне, бір-бірімен тығыз байланысты осы негізгі үш сұрақ бүкіл БАҚ атаулының алдындағы тұрақты да басты мәселе болып табылады. Қоғамды дамыту бір ғана БАҚ-тың маңдайына жазылған міндет емес, ол осы қоғамда өмір сүріп отырған барлық адамдарға қатысты - ортақ мақсат. Оны іске асыру бұқараға, билікке және БАҚ-тың өзіне де тікелей байланысты. Соған қарай қоғам дамып немесе кейін кетеді. Өйткені саясаттың бағытын белгілеп, экономиканы дамытатын да біз айтып отырған үш топтағы сол адамдардың өздері емес пе? Яғни, осы шартты түрде алған үш топтың өзара қарым-қатынасы, бір-біріне деген сенімі, ортақ мақсатқа біріге жұмылуы бүкіл қоғамды алға жетелейтін бірден-бір және жалғыз ғана дұрыс сара жол болып табылады. Егер осы үш топ өзара тіл табыса алмаса, бір-бірін аяқтан шалып, әркім қарабасының қамын ойлап, әрбір топ өз мүддесін күйттесе атақты мысалшы Крыловтың шығармасындағы шортан, шаян, ақққудай әрқайсысы әр жаққа тартса - қоғамның кері кеткені. Қазекем оны "Бірлік бар жерде - тірлік бар" деп түйіндеген.
Алаштың біз атап өткен ардақтылары баспасөзге анықтама берген заман да тарихтың терең қойнауында қалды. Бірақ, бұл оның маңызы мен салмағын жоғалтты деген сөз емес. Бүгін газет қана емес, радио әсіресе телевидение дамыған дәуір. Ол аз десек, интернет келіп қосылды. Қазір ғаломтордағы әлеуметтік желілер байырғы ақпарат құралдарын ығыстырып, қолданысы жағынан алдыңғы орынға шығып, күннен күнге қарқын алып келеді. Қалай десек те бұлардың бәрінің қызметі мен атқарар міндеті бір болуы керек - бұқараға бұрмалаусыз, шынайы ақпарат жеткізу. Ақиқат жоқ жерде өмірдің шындығын бұрмалай бүркеп, негізсіз өсек-аяң өріс алып, бүтін бір халықты тура жолдан тайдырып, адастыруы да ғажап емес. Ақпарат құралдарын дұрыс пайдалана алмаудың салдары ауыр, соңы түрлі саяси, экономикалық, әлеуметтік қиындықтарға әкеліп соқтыратынын өмірлік тәжірибе әлдеқашан дәлелдеген. Өкінішке орай, біз бұл қағиданы үнемі есте ұстай бермейміз, кейде мүлдем "ұмытып" кетеміз. Қарапайым халықтың көп жағдайда бұған жете назар аудармауы түсінікті. Олар газет-журналдарды жаңалықтың жаршысы ретінде, телевидениені тамашалау үшін ғана керек деп біледі. Тіпті киноның өзі белгілі бір дәрежеде саяси мәні бар идеология құралы екенін барша біле бермейді. Ал соңғы жылдарда пайда болған ғаламторды бір-бірімен қатынас, жедел байланыс желісі деп қана түсінетіндер де бар. Бұл дұрыс ұғым емес, үңіле қарасақ оның астарында көп нәрсе, үлкен мән жатыр. Бұл жерде де сақтық, сауаттылық керек. Өкінішке орай, бізде осы жағы сақтала бермейді.
Билік БАҚ-қа неге теріс қарайды?
Алдында айтқанымыздай, БАҚ Билік пен Бұқара арасындағы алтын көпір болуға міндетті. Оны биліктегілердің басым бөлігі жақсы біледі. Сондықтан телеарналар мен мерзімді басылымдарды қалт жібермей қадағалап, бүгінгі жағдайдың қандай бағыт алып жатқанына жіті назар аударып отырады. Әрине, бәрі бірдей емес. БАҚ-тың мәні мен атқаратын рөлін түсінбейтіндер лауазымдылар арасында жетерлік. Олар үшін БАҚ босқа далбақтаған тобыр болып көрінеді. "Айтады да қояды, ауыз өздерінікі ғой" деген ұғымда ондайлар. Осындай таяз ойлайтындар көбіне саяси жағынан сауатсыз боп келеді. "Билік өзіміздің қолда тұрғанда олар не бітіреді?" деген менмендік соқыр сеніммен жүреді. Ондайлар жан-жағында орын алған жағдайдың кез келген кезде өзгеріп кету мүмкін екенін түсінбейді. Түсінуге қабілеті де жетпейді. Бүгінгі өзі отырған орын мен лауазым, қолындағы аз да болса билік, сол арқылы тауып жатқан байлығы мәңгіліктей көрінеді. Оларға Отан, Ұлт, Жер, Ата-баба аманаты, ортақ адами құндылық деген ұғымдар жай ғана әдемі сөз. Оның мағынасының қаншалықты бағалы, қаншалықты қымбат екеніне бас қатырмайды. Биліктегі бұл топ қоғам үшін қатер төндіретіні айтпаса да түсінікті.
Бұл да ештеңе емес. Ең қауіптісі - осының бәрін жап-жақсы түсінетін біз айтқан бірінші топтың ішіндегі тура мағынасындағы саяси жағынан сауаттылар. Алдында айтылған қоғамдық қағидаларды бес саусағындай біле тұра саяси немесе экономикалық жағдайды тек қана өз пайдасына, өз мүддесіне қарай саналы түрде бұрып, қарапайым адамдарды "қара тобыр" деп, мал есебінде ұстайтындар ең қауіптілер болып табылады. Қоғамның негізгі басты жауы да - осылар. Бір ғана мысал, айталық қарапайым адам екінші біреудің бес мың теңгесін тартып алып кетті делік. Моральдық, материялдық және денсаулығына келтірілген шығынды жобамен әрі кеткенде екі жүз мың теңге деп бағалауға болар. Ал, қолында билігі бар лауазымды тұлға ешкімді ұрып-соқпай-ақ, "Сіз, Біз, Мәке, Сәке!" деп мәймөңкелеп жүріп-ақ мемлекеттік бағдарламаларды нақты орындамай, оған бағытталған миллиондаған қаржыны қалтасына басады. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады, қанашама шенеунік ұрлығы үшін ұсталып қамалғанын өздеріңіз де білесіздер. Жемқорлықтың кесірінен тұрғындарға аса қажет аурухана құрылысы салынбай қалса жүздеген, мыңдаған адам зардап шегеді. Емделуге мүмкіндігі болмай ең қымбат деген өмірімен қоштасады. Мұның адам өлтіргенмен бірдей қылмыс екеніне ешкім назар аудармайды бізде. Бұл нысанның маңызды екенін жаңағы шенеунік білмеді ме? Білгенде қандай! Ондайлар керек болса жоғары адами құндылықтар туралы өзіңе ұзақ-сонар дәріс оқып бере алады. Телеарналардан сайрағанда олардан ақылды, халқына қалтқысыз қызмет ететін басқа адал адам таба алмайсыз. Былай шыға бере өз пайдасын ойлап, қара басының қамына кіріседі. Турасын айтсақ, бұл - барып тұрған екіжүзділік. "Бәрі де бұқара үшін, бәрі де халықтың игілігі үшін істеліп жатыр!" деген жалаң ұранмен жұртты алдайды. Қарапайым халық ондайларға амалсыз сенеді, өйткені оның шын мәнінде не былықтырып жатқанынан бейхабар. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлар ұсталып, әшкере болғанда ғана бір-ақ біледі. Өйткені бізде ашықтық жоқ, берілетін есептердің көбісі жалған. Бұл топты аса қауіпті деп атауымыздың себебі де осы.
Мұны неге айтып отырмыз? Бақ атаулының осындай кемшіліктерді көзге шұқып көрсетуі - бұқара алдындағы парызы. Ал парыз қашан да атқарылуы, қарыз қашан да өтелуі керек. Бұл - қасиетті Құран сөзі. Айталық БАҚ өз парызын адал атқарып отыр делік. Көп жағдайда дәп осылай болып та жатыр. Ал осының бәрі биліктегелерге ұнай ма? Жоқ! Бірден айтайық, ұнамайды. Биліктің шыңында шалқайып отырғандар сын естісе шегі үзіліп кетердей, шаян шағып алғандай шыр ете қалады. Сазарып, сызданып, улы жыландай ысылдап, сынаған адамның немесе басылымның соңынан шырақ алып түседі. Нәтижесінде "міншіл адамды" түрмеден бір-ақ шығарып, басылымды жауып тынады. "Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ" демекші, жұмыс барысында кемшіліктер орын алуы мүмкін. Сын арқылы соны түзеудің еш айыбы жоқ, ешкімге орныңды босат деп отырған жоқ қой. Бар болғаны атқаруға тиісті жұмысыңды дұрыс жолға қой деген талап қана бар. Бірақ, соны түсінбейтіндерге не айтарсыз? Оған сын айтпайтындай ол бір ұшып жүрген қанатты періште ме? Әлде отырған орынтағын әкесі сатып алып беріп пе? Сатып алу дегеннен шығады, халық арасында "Біздегі лауазымды орындардың бәрі сатулы" деген әңгіменің өрбуі де тегін емес. "Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды", бұл пікірдің де жаны бар.
Бір сөзбен айтқанда бізде қателіктерді жөнге салатын аса қажет "сын және өзара сын" дегенге көзқарас мүлдем өзгеше, кереғар қалыптасқан. Сын түзелмей, мін түзелмейтіні белгілі. Бірақ, таяқтың да екі ұшы болатынын ұмытпағанымыз жөн. Сынағанның жөні осы екен деп бас-көзге төпелеп, жекелеген адамның ар-намысына тиіп, жалған ақпаратқа да жол берілмеуі керек. Ол БАҚ туралы заңда да, журналистік этикада да айтылған. Бүгінгі күні әсіресе әлеуметтік желілерден осындай үрдісті байқап жүрміз. Аты-жөнін жалған жазып, айтпайтыны жоқ "блогерлер" көбейіп кетті. Бұл дегеніңіз тасадан тас атқанмен бірдей көрініс. Мықты болсаң аты-жөніңді көрсетіп, ойыңды нақты дәйектер арқылы ашық айт, оған ешкім шектеу қойып отырған жоқ қой.
БАҚ пен Билік арасындағы байланыс түзу, тең дәрежедегі, біздің заңдарда белгіленгендей қарым-қатынаста болғаны жөн. Солай болу керек те. Өкінішке орай, шынайы өмірде керісінше көріністер жиі орын алады. "БАҚ туралы заңға" иек артсақ журналистерге ақпарат алуға ешқандай кедергі жасалмауы керек, оған қоса басылымда жазылған мәселеге байланысты жергілікті орындар жауап беруге міндетті. Өйткені журналист жергілікті биліктен өзі үшін бір үзім нан сұрап барған жоқ. Мақалада қоғамдағы орын алған кемшіліктер көрсетілгендіктен, соның себебін және оны түзетуді оқырман, яғни бұқара білуі қажет, оны талап етуге құқылы. Бірақ, бұл заңдылық көп жағдайларда сақталмайды. Бір-екі ғана мысал келтіре кетейік. "Қазақ үні" газетінде Алматыдағы "тіркеме құрылыстар" туралы талай рет жазылды. Оның қасындағы тұрғын үйлерге қауіп төндіретіні атап көрсетілді. Мақала Алматы қаласы әкімдігінің электронды поштасына жіберілген-ді. Бірақ жауап жоқ. Енді міне жақында ғана осындай "тіркеменің" кесірінен "Юбилейный" сауда орталығы өртке оранып, үстінде орналасқан жиырмадан астам пәтер зардап шекті. Сол сияқты жолы болмаған "Жол жүру ережесі" жайында да жазылған мақала Мәжілістің атына жіберілген болатын. Олар да "ләм-мим" деген жоқ. Шіп-шикі күйінде қабылданған заңның салдарынан Шымкент қаласында жаңа қабылданған заңға сай ереже бұзушыны көшеде қуалаған полицей бейкүнә жаяу жүргіншіні қағып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шығарды. Бұл билік пен БАҚ арасында өзара байланыстың жоқтығын көрсетеді, демек бұқарамен де байланыс үзілген деген сөз. Биліктің басылымдарда халық өкілдерінің айтқан құнды ой-пікірлермен санаспайтынын байқатады. Сонда билік кім үшін қызмет етіп жатыр? БАҚ кімнің зарын айтып шырылдайды? Айналып келгенде екеуі де халық үшін, бұқара үшін, бүкіл қоғам үшін жұмыс істемей ме? Биліктің мына түріне қарасақ олар мүлдем басқа әлемде жүргендей. Халықтың қамы мен журналист зары оларды ойландырмайды. Тағы да бір санаға сиымсыз жағдайды айта кетелік. Бірде Алматы қалалық сәулет және құрылысты бақылау басқармасына барғанымыз бар. Ақпарат алудың машақаты өз алдына, ондағы маман бізге мынандай талап қойды. "Сіздер материалды жазып әкеліп, біз оны Астанадағы басшыларымызға жіберіміз. Егер Астана рұқсат берсе басуларыңызға болады" дейді. Бұл не сауатсыздық па, әлде басшылардың төмендегі қызметкерлеріне қойған талабы мен тапсырмасы ма? Мамандарды топас деуге болмас, бәрінің жоғары білімі, қалталарында табақтай дипломы бар. Шындап келгенде бастықтардың "қорғаныс" рефлексінен туған әдіске көбірек ұқсайды. Басшылардың айтқанын ғана жазса ондай басылымның керегі қанша? Басшылардың не айтқысы келетіні белгілі. Ол басқарып отырған салада бәрі жақсы, бәрі ойдағыдай болып көрінуі керек. Ал шындық қайда қалмақшы?
Билік неге БАҚ-ка теріс қарайды? Оның да бірнеше себептері бар. Біріншіден, төменнен бастап ең жоғары лауазымдағылар өз кемшіліктерінің жария болғанын ұнатпайды. Бәрі сол бәз-баяғыша, жабулы қазан күйінде қалғанын қалайды. Екіншіден, сын жоғарыдағы басшылардың құлағына жетсе қызметінен кетуі мүмкін ғой. Яғни, қорқады деген сөз. Сонда БАҚ - құбыжық па? Егер олар дұрыс жұмыс істеп жатса БАҚ-тың олардан ала алмай жүрген өші бар ма? Мысалы, біздегі бірең-сараң телеарналар қазір жаңалықтар көрсеткенде тікелей эфир арқылы көрермендердің арызына байланысты жергілікті басшыларды әңгімеге тартып жүр. Өте құнды бастама. Эфирде арызданушы тұрғын мен соған жауапты шенеунік халық алдында мәселені талқылайды. Нәтижесі айтарлықтай. Жол, су, жарық жоқ жағдайда, құжаттарын ала алмай жүргендер сияқты көптеген мәселелер осы телехабарлар арқылы шешіліп жатады. Сонда әрбір шенеуніктің соңында бір-бір журналист жүру керек пе? Олай болса халықтың қыруар қаржысын шығындап, бұқараға бір тиын пайдасы жоқ шенеунікті не үшін ұстап отырмыз? Телеарнаға шығарып, айдай әлемге жария еткенше сол бастық немесе жергілікті жердегі әкім не бітіріп жүрді? Бұл барып тұрған жауапсыздық, алдында айтқанымыздай қызметке отырып алып өз бас пайдасын ғана ойлау. Әйтпесе сол орынға біреу оны күштеп отырғызып, байлап қойып па? Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мәселе, біреудің беделін түсіріп мұқатуда емес, сыннан қорытынды шығаруда ғой.
Бұқара белсенділігі неге төмен?
Шын мәніне келгенде, алдында айтқанымыздай БАҚ-тың да, биліктің де, бұқараның да мақсаты біреу ғана болуы керек - өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды дамыту, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын барынша жақсарту, мемлекеттің күш-қуатын арттыру. Сондықтан да алдыңғы қатардағы елдердің сапына қосылу үшін түрлі бағдарламалар қабылдап, оны іске асыруға күш салып жатырмыз. Түпкі мақсатымыз айқын - Мәңгілік ел болу. Ол үшін қоғамның әрбір мүшесі саналы түрде өз үлесін қосуға міндетті. Әсіресе билік басындағылар бұл бағытта көш бастап, жол сілтеуі маңызды. Ешкім бізге сырттан келіп жұмақ өмір жасап бермейтіні белгілі.
Бұл жерде бұқара белсенділігіне ерекше тоқталған жөн. Дәп осы бұқара белсенділігі қоғамның дамуына үлкен үлес қосады. Әрбір адам өзінің қоғамда алар орны бар екенін ұмытпай, қоғам үшін өзі де жауапты екенін сезіну аса қажет. Өкінішке орай, біз қазір керісінше көрініске куә болып жүрміз. Мына капиталистік жүйе әсер етті ме, бүгінгі адамдарымыздың санасында өзгеше бір ұғым, тұрмысында бұрындар байқалмайтын бөгде үрдіс пайда болды. Әркім өз қара басын ғана ойлаған орта қалыптасқан. Тек өзі ғана, тек жақын-туысқандары ғана жақсы өмір сүрсе болғаны, қоғам кері кетіп бара жатса да онымен жұмысы жоқ. Ортақ қоғам құрыса ешкім де одан тыс қалмайтыны ескерілмейді. Мен-мендік психология мықтап орныққан. Байлар байыған үстіне байи түссем дейді, кедейлердің де жатса-тұрса ойлайтыны тек қана материалдық байлық. Жоғары адами құндылықтар ұмытылған. Бес жастағы баладан еңкейген қариямызға дейін ойлайтындары сол ақша ғана. Капиталистік жүйеде барша құндылық тек қана ақшамен есептелетіндіктен ондайларға кінә артудың өзі артықтау шығар.
Осы тұста мына мәселені де айта кеткен жөн. Неге бұқараның белсенділігі төмен? Біріншіден, біздің билік бұл бағытта мүлдем жұмыс істемейді. Жоғары мінберден жолданған жалынды сөздердің пайдасы шамалы, жұрттың жүрегіне жетпейді. Жүрекке жету үшін билік басындағылар жалаң сөзбен емес, өздерінің нақты істерімен үлгі көрсетуі аса қажет. Сонда ғана ол сенімді болмақ, сонда ғана халық биліктің соңынан ереді. Ал, өздері миллиардтап халықтың қажысын ұрлап, офшорлық аймақтарға әкетіп жатса оларға халық қайтып сенім білдірмек? Билік бәрін өздері билеп-төстеп, жеке-дара шешкенді ұнатады. "Бұқараның да бір талап-тілегі бар шығар" деген деген ой санасына кіріп-шықпайды. Тіпті сол бұқараның белсенділігі оларға қажет емес, өйткені өз арам пиғылдарын іске асыруға бөгет жасайды. Оған бүгінгі жерге қатысты дау-дамай нақты дәлел. Екіншіден, бұқараның өзі де бойкүйездікке ұрынған. Біз үшін билік жұмыс істеу керек, солар міндетті деген пікір жайлаған. Адамдарымыздың қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыру қалыс қалған. Ел болашағы, ұлт болашағы оларды мүлдем толғандырмайды. Өйткені бізде дұрыс идеология жоқ, әсіресе - ұлттық идеология! Ұлттық идеология дұрыс жолға қойылса әрбір адам өз ұлтының, өз елі мен жерінің қамын алдымен қарастырар еді. Шынтуайтына келсек, біздің ұлттық салт-дәстүріміз, ұлттық тәлім-тәрбиеміз, ата-бабадан бері келе жатқан болмысымыз мүлдем басқаша еді ғой. Адал еңбек ету, біреудің еңбегін қанамау, өтірік айтпау, ешкімге қиянат жасамау сияқты атадан балаға мұра болып жалғасқан толып жатқан баға жетпес құндылықтарымыз қайда қалды? Бұл біздің рухани құлдырауымызды көрсететін құбылыс. Батысқа еліктеп, өз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып барамыз. Басқасын айтпаған күннің өзінде тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасырда өз ана тіліміздің қолдану аясын кеңейте алмай-ақ қор болдық. Өз ана тілімізді толықтай игере алмай жатып, енді орысшаға қоса ағылшын тілін теліп, балабақшадан бастап оқытуды міндеттеп отырмыз. Ағылшын тілімен ауызданған баладан қандай қазақ шықпақшы? Дамыған "Мәңгілік қазақ мемлекетін" қалай құрмақшымыз? Ал, тіл барлық ғылымның да, мәдениеттің де, өнердің алғы шарты емес пе? Тіл - әрбір ұлттың басты және бірінше ерекшелігі, тіл жоғалса ұлт та өледі. Тағы бір мысал, соңғы кезде өзі туған баласын әжетханаға лақтыру деген сұмдыққа куә болдық. Былайша көшеге тастап кетіп жатқандар қаншама. Ондайлар баласын асырай алмайтындығын алға тартады. Бұл да азғындықтың белгісі. Бізде біреу аштан өлді дегенді естідіңіздер ме? Жоқ! Құдайға шүкір, ондай жағдайға жете қойған жоқпыз. Қай қазақ бұрындар өз баласынан безініп еді. Жесірі мен жетімін жылатпаған ұлтқа не болды? Қиын-қыстау соғыс пен ашаршылық жылдары да мұндай сұмдық жағдай болмаған. Бұрындар атын естімеген қариялар үйі қазір қаптап кетті. Ата-аналарын өз қолдарымен апарып қарттар үйіне өткізетіндер саны жылдан-жылға артып келеді. Өз баласынан, өз әке-шешесінен безінбек түгіл, жер аударылып келген жат жұрт өкілдерімен соңғы бір үзім нанын бөліскен қазақты бүгін тану қиын. Ұлттық идология жоқ деп отырғанымыз осы, басқа қандай дәлел керек?!
БАҚ өз міндетін қалай атқарып отыр?
Бұқара белсенділігінің төмен болуына билікпен бірге БАҚ- та жауапты. Басылым беттерінде, телехабарларда халық санасына оң өзгерістер сіңіре алмай отырғанын бірден айтуымыз қажет. Ашығын айтсақ, Батысқа еліктеушілік бүкіл бұқаралық ақпарат құраладарында кеңінен етек алып кетті. Арзан шоу, жеңіл-желпі күлкіге негізделген хабарлар, жұлдыздар туралы өсек-аяңнан аяқ алып жүре алмайсыз. Хабарды көрмей-ақ, шетелдік сөздерді қосақтаған «Той вестар», «Қызық таймс» деген сияқты атының өзінен-ақ адам шошиды. Мұндай шетелдік сөздерді тіркеп алған атаулардың санына жетуден қалдық, сәнге айналып кетті. Бұл - адамдардың санасын, ойын арзан дүниеге аударып, басты, маңызды тақырыптардан алып кететін Батыстың бұрыннан белгілі жымысқы саясаты. Әләулаймен жүрген адам ұлт, ел болашағын ойлаушы ма еді. Ал, шын мәнінде адам тәрбиесінде БАҚ биліктен бір де кем түспеуі керек. Дәп осы тұрғыдан алғанда БАҚ-тың да жұмысына бірқатар сын айтуға болады.
Бірінші кең қолданыстағы теларналарды алайық. Оны көрмейтін адам жоқ, сондықтан оның ықпалы өте зор. Алдында айтқан өзге елдер хабарларының айнымайтын қазақша көшірмесін жасаған шоу бағдарламаларды былай қойғанда көптеген телеарналардың негізгі бағыты бір жақты. Оны көрген адам бізде баяғыда жұмақ орнаған екен деп қалуы әбден мүмкін. Күніне қаншама кәсіпорындар ашылып, жемісті жұмыс істеп жатқанын көреміз. Нені көрсетсе де жоспар орындалып, қызу қарқынды жұмыс жүріп жатады. Олай болса біздің экономикамыз баяғыда әлем бойынша бірінші орынға шығар еді ғой. Сонда «Қазақстан», «Хабар» сияқты орталық арналар кемшілік атаулыны көрмей ме? Оны түзетудің нақты жолы болмаса да бағытын айта алмай ма? Халық жер сатуға жаппай қарсы шығып жатса біздегі барлық телеарналар, тіпті әншейінде сыншыл КТК, «Еуразия-1» де жерді сату керек дегенге келтіріп, шаруалық қожаларын «Бізге жер керек, оны сатып алсақ ауылда жұмақ жасайтын едік» деген сыңайлы хабарларды үсті-үстіне төпелеп бере бастады. Демек, олар Елбасы мораторий жариялаған, Үкіметтің қисынсыз қабылдаған заңын ашықтан ашық қолдайды деген сөз. Сонда телеарналарымыз тек қана биліктің жырын жырлап отырғаны ғой. Рас, осы телеарналарды үкімет қаржыландырып отырғаны белгілі. Бірақ, ол ақшаны министр тікелей өз қалтасынан шығарған жоқ қой. Керек болса сол министрдің өзі халықтың арқасында, халықтың ақшасымен күн көріп отыр емес пе? Неге бүгін билікте отыр екен деп оларға соншалықты жалпақтауымыз керек? Бүйте берсек халықтың мұң-мұқтажын кім айтады, ұлттың ұстанымын кім ұсынады? Біздің телеарналарға қарағанда «Шалқар» радиосы ұлттық мәселелерді тұрақты көтереді. Біріншіден, тек қана қазақ тілінде, екіншіден - ұлттық салт-дәстүр, тарих, ғылым, ұлттық өнер мен мәдениет саласын кеңінен қамтиды. Шынын айтсақ, бұл жағынан біздің телеарналардың бәрі қосылып бір «Шалқарға» жете алмайды. Телехабарлардың тақырыптық, көркемдік жағын, тіл қолданысы мен жүргізушілердің сөз саптауын айтпай-ақ қойсақ та болады. Бір сұхбаттың ішінен жүргізушінің «енді» деген елу сөзін санап аласыз.
БАҚ атаулының ішінен баспасөзді бөліп айтуға болады. Маңызды тақырыптарды көтеру жағынан өзгелерден көш ілгері тұр. Олардың да бәрі бірдей емес. Тағы да сол өздерін ресми орын санайтын басылымдардың да бағыты сыңар езу болып келеді. Ол басылымдар өміріміздің күнгей жағын көрсетумен ғана айналысады. Сын материалдарды өте сирек жазады. Өйткені оларды да қаржыландырып отырған Үкімет болғандықтан айтқандарынан шыға алмайды. Ал, билік «опозициялық басылым» деп айдар таққан тәуелсіз газеттер керісінше қоғамның тек қана көлеңкелі жағын жазып, жекелеген жетістіктерімізді сирек көрсетеді. Әрине, олай жаз, бұлай жаз, ананы көрсет, мынаны көрсетпе деп ешкімге нұсқау беруге қақымыз жоқ. Әр телеарна мен басылымдардың өздері ұстанған бағыты бар. Бірақ, ақиқаттан ауытпығанымыз жөн. БАҚ атаулығы ортақ бір мәселе бар. Ол қаржыға қатысты. Мемлекет тарапынан өткізілетін тендер деген бұл салада да өз дегенін істейді. Тендер сол атышулы құрылыс немесе басқа да өндірістегідей әілдікпен өтпейді. Үкімет өзіне қолайлы, өз сөзін сөйлейтін басылымдар мен телеарналарды қаржыландырып тұрақты қолдау көрсетіп тұрады. Ал, «опозициялық» деп бөліп тастаған басылымдар «бұзақы, сотқар баланың» есебінде.
Сөздің реті келгенде айта кетейік, жалпы журналистер қауымы біздің қоғамда түгелдей «өгей баланың» күйін кешуде. Олар не мемлекеттік, не жекеменшік топқа жатпайды. Пайда әкелетін кәсіппен айналыспаған соң өлместің күнін көреді. Олар мемлекеттік қызметкерлер секілді пәтер алуға кезекке тұра алмайды, басқа да жеңілдіктер қарастырылмаған. Сөйте тұра қоғамдағы түрлі топтардың қамын қарастырып, солардың зарын айтып зыр жүгіреді. Оны біреулер түсінсе, біреулер бағаламайды. Соған қарағанда БАҚ-ты «төртінші билік» деп кекесін түрде, мазақ ретінде атаған болу керек. Тіпті осы салаға жетекшілік ететін министрліктің өзі бірнеше рет құрылып, бірнеше рет тарқады. Көбінесе үш қайнаса сорпасы қосылмайтын көрші министрліктің қарамағына беріліп, көлеңкеде қалған кездері жиі орын алды. Елдегі ішкі саяси-әлеуметтік жағдайдың өршуіне байланысты аталмыш саланы қайта жандандырып, жеке министрлік етті жақында. Бұл да көп нәрсені аңғартады...
Билік пен БАҚ-тың атқарып отырған қызметінің көңілден шықпайтынын, бұқараның белсенділігінің тым төмен екенін толықтай болмаса да шет жағасын ашып айттық. Ондай кемшіліктердің бәрін тізіп беру мүмкін емес және қажеті де жоқ. Ең бастысы ой салсақ болғаны. Бәлкім тым қатаңдау да кеткен болармыз. Бірақ, біз қазақты қорлап, қоғамымызды түкке тұрғысыз деуден аулақпыз. Немесе билікке «орындарыңды босатып беріңдер» талап ету де ойымызда жоқ. Керісінше кемшіліктерді атай отырып, соны бірлесе түзетуге үндеп отырмыз. Еліміздің гүлденіп, мемлекетіміздің қуаты артып, халқымыздың бақытты өмір сүргенін бәріміздің де көргіміз келеді. Бұл - бүкіл қазақтың басты арманы емес пе!..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz