127 жылдық тарихы бар, іші-тысы бірдей жалтыраған жақсы қағазға басылып, көркем безендірілген «NATIONAL GEOGRAPHIC Қазақстан» журналының алғашқы саны осы ақпан айында қолымызға тиді. Қызыға қарап, ақтара шолып шықтық. Өрнегі бөлек, өресі биік басылым екендігі бірден білініп-ақ тұр. Сыртқы мұқабасына «Тұмса табиғат. Ол бізге не үшін керек?» деген сауал тартылыпты. Журналдың ішкі мазмұны сұраққа сай екендігін аңғардық. Осы нөмірдегі «Әлемдік серуен», «Саябақтар қасиеті», «Жұқарған мұзға беталыс» сынды әлемдік табиғаттың тылсымдарына бойлаған жарияланымдармен қатар «Арал тағдыры – адам тағдыры» атты мақалада қазақ жеріндегі табиғат қасіреті сөз етіліпті.
Иә, Аляскадан Австралияға дейінгі аумақта әлемнің 80-нен астам еліне таралатын журнал, енді міне, Алтай мен Атырау арасына қадам басып отыр. Орталық Азияда тұңғыш рет қазақ оқырмандарымен қауышқан баспа брендінде ең мықты ғалымдар мен журналистер ізденісі, фотографтардың таңдай қақтырар туындылары жарияланып тұрмақ. Журналдың әлемдегі 60 миллионнан астам оқырманына енді қазақ оқырмандары да қосылды.
«NATIONAL GEOGRAPHIC» журналының бас редакторы Сюзан Гольдберг алғашқы нөмірге арнаған ақжолтай тілегінде: «Ай сайын Вашингтондағы штаб-пәтер ұжымы Қазақстандағы әріптестерімізбен бірлесіп, «NATIONAL GEOGRAPHIC Қазақстан» журналының бетіне қызықты зерттеу мақалалар ұсынатын боламыз. Біздің мақсатымыз айқын, біз NATIONAL GEOGRAPHIC-тің әлемдегі ең танымал, әрі көптілді журнал болуын қалаймыз», деп ағынан жарылған екен.
Олай болса, 38-ші тіл болып осы қатарға қазақ тілінің де, сондай-ақ, бұл басылымды шығаратын елдер қатарына Қазақстанның да қосылғанын қуана сүйіншілейміз.
Назар ҚАСЫМ. Дерек көзі: egemen.kz