ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗДЫ ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ПАШ ЕТЕТІН ТУЫНДЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Тарихымызды бояймыз» атты жаңа танымдық бояу кітапшасының тұсаукесер рәсімі өтті. «Ынта және ынтымақ» қорының қолдауымен жарық көрген кітапша 34 беттен тұрады. «Өлке» баспасынан жарық көрген бояу кітапшасының құрастырушысы – белгілі журналист Нәзия Жоямергенқызы. 2016 жылы Ахмет Яссауидің өмірден өткеніне 850 жыл толған-ды. Ал, «Түркістан – екі дүние есігі ғой» деп Мағжан ақын жырға қосқан Түркістан қаласы биылғы жылы «Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы» атанғаны баршаға белгілі. Түркістанның әлем алдындағы абыройы асқан осы жылы бұл туынды балаларға базарлық ретінде арнайылап шығарылып отыр. Ғұлама ғалым Қожа Ахмет Яссауи және оның шәкірттері мен олардың кесенелері сызба түрінде бейнеленген бұл кітапша арқылы бүлдіршіндер қазақ, түрік, орыс тілдерінде туған өлке тарихы туралы толғырақ мәлімет ала алады. ҚазҰУ-нің оқытушылары мен студенттері және республикалық БАҚ өкілдері қатысқан бұл шарада  Журналистика факультетінің деканы, ф.ғ.к.Сағатбек Медеубекұлы: «Қазақ білімінің қарашаңырағы – Қазақ Ұлттық университетінде өткізіліп отырған кезекті шара ұлттық тарихымызды ұлықтауға бағытталады. Қолымыздағы «Тарихымызды бояймыз» атты бояу кітапшасы бір қарағанда шағын ғана дүние болып көрінгенімен, төл тарихымызды түркі әлеміне паш етуге ықпал ете алатын еңбек. Балапандарға берері мол осындай дүниелер алдағы уақытта да көбейе берсін», – деп өзінің тілегін жеткізді. Сондай-ақ, шара барысында ЮНЕСКО, Халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кадедрасының меңгерушісі, филол.ғ.д, профессор Назгүл Шыңғысова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қосылған Әбжанов, филол.ғ.к, доцент, ҚР Журналистер одағының мүшесі Аманқос Мектептегі, ЮНЕСКО, Халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кадедрасының аға оқытушысы Мұрат Шаймарановтар сөз алып, кітаптың өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге қосар үлесі мол екендігін атап көрсетті. Жиынға қатысқандардың барлығына «Тарихымызды бояймыз» атты тамаша кітапша тарту етілді.   Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ qazaquni.kz