“Жас қазақтың” Жыл адамдары
2010 ж. 28 желтоқсан
14605
4
Барыс жылының барыстары кімдер болды? «Жас қазақ үні» газеті жыл сайынғы дәстүрімен әр саладағы «Жыл адамдарын» анықтады. Телефонмен сұрау салу, sms жолдау, электронды пошта, тікелей сауал жүргізу арқылы көп дауысқа ие болып, сарапшылар алқасының шешімімен танылған «Жыл адамдарын» жетістіктерімен құттықтай отырып, оларға Жаңа жылда зор табыс тілейміз.
Таныс болыңыздар, «Жас қазақ үні» газетінің «Жыл адамдары»:
Жыл саясаткері –
Нұрсұлтан Назарбаев.
Мың жылда бір болатын мыңжылдықтағы алғашқы ЕҚЫҰ Саммиті елордада дүрілдеп өтіп, Астана декларациясы қабылданды. ТМД-да тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасаған Қазқстан бұл күндері жер-жаһанға жетекшілік етіп, жетістігін көрсетті.
Жыл қаламгері –
Қажығұмар Шабданұлы.
Қажығұмардың Қытайда қырық жыл түрмеде жатып жазып бітірген, 6 томдық «Қылмыс» романы Қазақстанда жарық көрді. Шығарма өзінің бай тілі, ойлы образы және бояуы қанық суреттерімен ерекшеленеді. Аталған кітап бізде мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, комиссиядан өтпей қалған болатын.
Жыл әдебиетшісі –
Тұрсынбек Кәкішев.
Сәбит, Сәкен, Мағжандарға арналған сын-зерттеу еңбектері мен «Жаяу салдың серуендері» атты сапар естеліктері жарық көрді. «Жаяу салдық өнерімен» Қытайдағы қазақтардың мәдениеті мен әдебиетіне зерттеу жасап, «Қытайдағы бауырлардың руханияты» атты еңбек жазды. Сонымен бірге ҚазМУ-да студенттерге үзбей сабақ беріп, көптеген ғылым кандидаттарына жетекшілік етті.
Жыл депутаты –
Жарасбай Сүлейменов.
Петропавлдың атын Қызылжар атау туралыМәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменовтың бастама көтеруі қоғамда үлкен қолдау тапты. Ал туған тамырына балта шапқысы келетін тасмаңдайлардың қарсылығы қоғамның ашуын туғызды. Жарасбайдың жарасты бастамасы жалғасын таба береді деп сенеміз.
Жыл сенаторы – Светлана Жалмағамбетова.
Сенаттағы ең белсенді депутаттардың бірі Светлана Жалмағамбетова үнемі әлеуметтік саладағы қордаланған мәселелерді көтерумен келеді. Кеше ғана Президент мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту мәселесі көтерілгенде, жағынудан жарысқа түскен депутаттар Сайлау туралы заңдылықты сақтаудың орнына тіпті «2030 жылға дейін бір-ақ соза салайық» деп жатқанда сайлау өтуі керектігін айтқан жалғыз депутат Жалмағамбетова болды.
Жыл министрі –
Асқар Жұмағалиев.
Байланыс және ақпарат министрі жұмысты қазақ басылымдарының интернеттегі үлесін арттырудан бастады. Жас министр ақырын жүріп-ақ, анық басып, біраз шаруа тындырып тастады. Қазақтілді БАҚ өрісін кеңейту үшін министрлік орталықтандырылған www.baq.kz интернет порталын ашып берді. Енді тәуелсіз электронды БАҚ-ты спутниктік жүйе арқылы тарату қолға алынуда. Оның алғашқы қадамы Қарағанды қаласында басталып та кетті.
Жыл әкімі –
Ислам Әбішев.
Өскемен қаласының әкімі Барыс жылы барысша қимылдады. Өскеменнің өңін өзгертіп, көркейтіп жіберген қала әкімі Ислам Әбішев бүкіл Шығыс қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайды қалпына келтіру комиссиясының төрағасы болып, қақаған қыстың қыруар қиындығымен күресуге тура келді. Биыл Өскеменге келген Елбасы шығыс ордасының шырайына разы болып,жоғары баға берді. Ал Абай ескерткішінен кейін, Абай ізбасарларының Шығыста халықаралық жыр мүшәйрасын дүрілдетуі дүлдүлдерге жана тыныс ашқан рухани зор оқиға болды.
Жыл қайраткері –
Ермек Нарымбаев.
Қоғамдағы келеңсіздіктерге батыл қарсы шығып жүрген жалынды жас түрмеде де алты ай аштық жариялап, ұстанымы берік екенін айқын білдірді. Кезінде Бағыс оқиғасында басты кейіпкерлердің бірі болып, сол ауылдардың біздің Сыртқы істер министрлігінің әлсіздігінен Өзбекстанға өтіп кетпеуіне тосқауыл қойған ерлердің бірі.
Жыл режиссері –
Досхан Жолжақсынов.
Белгілі театр және кино шеберінің бұл кинодағы алғашқы режиссерлік туындысы. Соған қарамай сәтті дүние тудыра білген.Өнер адамының тағдыры туралы өресі жоғары кино көрермендерді де, сыншыларды да бей-жай қалдырған жоқ. Жалпы, бұл фильм-қазақ киносындағы өнер адамының образын сәтті жасаған жалғыз фильм болып тұр әзірше.
Жыл әртісі –
Асылболат Смағұлов.
Биыл көрсетіле бастаған, елден жақсы баға алып жатқан «Біржан сал» көркем фильмінде Біржан салдың сенімді серігі Жұбайдың рөлін сәтті шығара білген Асылболат Смағұлов өзінің ішкі қуаты зор актер екенін көрсете білді.
Жыл драматургі –
Ермек Аманшаев.
Ермектің «Балкон» атты туындысы биыл Мемлекеттік жасөспірімдер театрында қойылып, көрермендер мен театр сыншыларының жоғары бағасын алды. Пьесада жалғызбасты әйелдің тағдыры арқылы жалпы өмір шындығы суреттеледі.
Жыл сазгері –
Еркеғали Рахмадиев.
Биыл сексеннің сеңгіріне келген саз саңлағы Елбасы қолынан «Еңбек Ері» атағын алып, омырауына «Алтын жұлдыз» тақты. Атақты «Алпамыс батыр» операсының авторы Ерекеңнің қазақ музыка өнеріндегі қайраты осылай өз бағасын алды.
Жыл әншісі –
Қайрат Түнтеков.
Юрмалада өткен халықаралық «Жаңа толқын» жас әншілер байқауында қаншама әншілер ішінен төрттіктің төрінен көріне білген Қайрат Түнтеков Қазақстан намысын жақсы қорғай білді.
Жыл суретшісі –
Ерболат Төлепбаев.
Қазақ бейнелеу өнерін әлемге танытып жүрген көрнекті суретші биыл да сол қарқынынан тайған жоқ. Елордамызда көрме өткізген Ерболат таяуда шетелге шығып, Израйльде қазақ бейнелеу өнерінің бүгінгі тынысын танытты.
Жыл экономисі –
Арыстан Есентүгелов
Экономиканың жілігін шағып, майын ішіп отыратын майталман экономист биыл да үкіметтің іс-қимылдарына озық ой-пікірімен өз үлесін қосып отырды.
Жыл қаржыгері –
Нұрбибі Наурызбаева.
Ол басқаратын Қазақстанның Тұрғын үйқұрылыс жинақ банкі АҚ нарықтағы 7 жылдың ішінде 90 миллиард актив жинақтап, еліміздегі 39 банктің ішінде 8 орынға көтерілді. Банк ипотека арқылы пәтер алушыларға барынша қолайлы жағдай тудырып, жылдық пайызды төмендетіп келеді.Сонымен қатар балалар үйлерімен де байланыс жасап, жетім балалардың да жинақтау арқылы пәтерге қол жеткізуін жолға қойып отыр.
Жыл дәрігері –
Тілеухан Әбілдаев.
ҚР ДМ Туберкулез проблемалары Ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымы докторы Тілеухан Шілдебайұлы келгелі Ұлттық орталықтың жұмысы қарқынды жүріп, талай жылдан жөндеу көрмей келе жатқан ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіле бастады. Ауруларды емдеуде халықаралық байланыстар арқылы ең соңғы технологиялық жетістіктер молынан қолданылып, оның нәтижелілігі де арта бастады.
Жыл ғалымы -
Асқар Жұмаділдаев.
Әйгілі академик-математик бүгінгі таңдағы Қазақстандағы ғылымның күрделі мәселелерін үнемі қоғам назарына ұсынып келе жатыр. Ғылым мүддесін қорғауда ащы шындықты беткет айтатынасқар Жұмаділдаев биыл көптегшен БАҚ-та маңызды ұсыныстарын өткір көтере білді.
Жыл кәсіпкері –
Әбдібек Бимендиев.
ТМД көлемінде кеңсе тауарлары нарығында алдыңғы қатарда келе жатқан атақты «АБДИ» компаниясы биыл да, қаржы дағдарысына қарамай қарқынды қайрат таныта білді. Әбдібек Шарбекұлы үнемі әлеуметтік салаларға демеушілік жасап келеді. Биылғы Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мерекесіне байланысты Алматыда бір соғыс ардагерінің қоныс тойын тойлатты.
Жыл меценаты –
Аружан Саин.
2006 жылы «Ерікті қайырымдылық қоғамын» құрған белгілі тележүргізуші Аружан Саин осы уақытқа дейін 241 балаға ауыр ота жасауға қаржы тауып, Қазақстанда емделе алмайтын ауру түрімен ауырған балаларға өмір сыйлауға себепкер болды. Иә, «Балаларға өмір сыйла» тұрақты акциясысын өткізіп келе жатқан Аружанның негізгі жұмысы- жәрдем тілеушілер мен жәрдем берушілерді бір-бірімен табыстыру.
Жыл спортшысы –
Ғалия Далиева мен
Ғалымжан Темірбаев.
Тоғызқұмалақтан өткен тұңғыш әлем чемпионатының жеңімпаздары – Ғалия Далиева мен Ғалымжан Темірбаев. Халықаралық зияткерлік ойындар олимпиядасына кіргізілген ақыл-ой ойынында чемпион болған қос қазақстандық ұлттық ойынымыздың күрделі де, терең ойын екенін дәлелдеді. Сонымен бірге қол добынан Азия чемпионы атанған Қазақстанның қыздар командасы.
Жыл диаспора үздігі – Әбдіуақап Қара.
Қазақстанда Мұстафа Шоқайды зерттеуге қатысты еңбектері мен бірге «Азаттықтың өшпес рухы» атты Нұрғожай батырдың естелігін шығарып, Оспантануға үлес қосты. Немат Келімбетов еңбектерін түрік тіліне тәржімалады.
*Жылдың басты оқиғасы-Астана саммиті
Жылдың қайғылы оқиғасы –Қызылағаш қырғыны
*Жыл тұтқындалуы – Денсаулық министрі Жақсылық Досқалиевтың даулы ісі.
*Жылдың үйлену тойы – Бейжің Олимпиадасы қола жүлдегері, әлем боксы дүлдүлдерінің бірі Қанат Сіләмұлы Алматыға келіп, үйлену тойын жасауы. Қанаттың қалың қазақтан таңдаған жары-он жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келген ару Гүлмира Құттымұратқызы.