ОРЫС ШОВИНИСТЕРІНІҢ ШЕРУІ РЕСЕЙ БИЛІГІНІҢ ҚОЛДАУЫНДА ӨТТІ...

Желтоқсан көтерілісі кезінде «Қазақстанда адам табылмады ма өзімізді басқаратын» деп алаңға шыққан жастарды жауды көргендей қырып салып еді. Кешегі 15 желтоқсанда Мәскеуде өткен шовинист жастардың өзге ұлттарға қарсы күш қолданғанына Ресей құқық қорғау органдары ешқандай қарсы шара қолданбады десе де болады. Тек қана ОМОН қызметкерлері қолтықтасып жиналған шовинистерді таратуға тырысты. Таң қаларлығы, шовинистер құқық қорғаушыларға қарсы тас, гранит, арматура, темір жаудырып жатса да, каскаларын киіп алып қорғанып, қарап тұра берді. Шовинистерді тексеру барысында 417 адамнан тапанша, пышақ, электрошок секілді суық қару тәркіленген.

 

Арасында «Самурай сем­серлерін» ұстап жүргендер де, тиыннан тігіп құрастырған брон­дыжилет киіп жүргендер де табылды. Бұған қарап арнайы дайындалып шыққандығын байқаймыз. Желтоқсан кө­терілісі кезінде суық қарусыз, шовинистік ұрандарсыз, бейбіт демонстрацияға шыққан жастарды нашақор, ұлтшыл, шовинистер деп айыптаса, бұл жолғы Мәсеудегі қаруланып, шовинистік ұрандармен шыққан жастарды «футбол фанаттары» деп атауы күлкілі көрінді. 11 желтоқсаннан басталған толқулар арқылы шовинистік митинг ұйымдастырып жатқанын біліп отырған Ресей билігі 4 күн бойы қарсылық білдірмей, олардың әрекеттеріне тосқауыл қоймады. Шовинистердің барлық ой-ниеттерін біліп отырған билік олар әбден күш жинап алсын дегендей күтіп отырды. Шовинистер білгендерін істеп болған соң барып қана Ресей Президенті Д.Медведев 15 желтоқсан күнгі оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, қатаң бақылауға алуды тапсырды. Осы көріністерден түсінгеніміз бойынша, орыс шовинистеріне билік қарсы емес. Алаңға шыққан шовинистерді таратамын десе биліктің күші жетер еді, бірақ мәселе басқада. Егер де шовинистерді көз ашытатын, тұншықтыратын сияқты тобырды лезде таратып жіберетін құралдарды пайдаланып, ыдырағанда жусатып салар болса, шовинистердің рухын басылып қалады, рухын сындырып алады деген ниеттері көрініп тұрды. Күлкілісі, кавказдық азаматтарды ұрып соғып жатқанда Ресей құқық қорғаушылары араша түспегені немесе араша түсуге шамасы «жетпейтін» ыңғай танытып тұрғаны. Ондағы ниеттері өзге ұлттарды өлтіре беруге билік рұқсат беріп отыр деген сөз. Бұл шындықты жасырып-жабудың қажеті жоқ. Өйткені құқық қорғаушылар араша түсуі үшін жоғарыдан бұйрық берілуі керек. Олар тек бұйрықты орындаушылар ғой. Яғни жоғарыдан, биліктен бұйрық келіп түспеген. Ал осындай әділетсіздіктен кейін барып кавказдық жастар жиналып қарсылық көрсеткенде ғана, оларды қоғамдық тәртіпті бұзушы ретінде аяусыз жазалады. Ресейдің РБК телеарнасы «кавказдықтар топтасып ОМОН-ға қарсы шабуыл ұйымдастырып жатыр» деп хабар дайындағандары тіпті таң қалдырды. Тәртіпті бұзушылардың кім екеніне басыңды қатырып жібереді. Д.Медведев өз мәлімдемесінде бассыздық барысында құқық қорғаушылардың әрекеттеріне жоғары баға беріп, атап өтті. Сонда қалай, өзге ұлттарды шовинистерден арашалауға «әлсіздік» танытқаны үшін бе? Ары кетсе тек соңғы күні ғана жиналғандарды тарату үшін күш қолданды, өзге ұлттарды арашалау үшін емес.

Негізінде алдымен орыс шовинистері өзге ұлт өкілдерін аяусыз соққыға жығып, қоғамдық тәртіпті бұзғанда ақпарат құралдары көрсетпеді де, көрсетсе де «футбол фанаттары» ретінде жариялады. Сол «футбол фанаттарының» фашистер сияқты оң қолдарын жоғары көтеріп «орыстар алға, Ресей орыстар үшін» деген ұрандарын немен ақтап алар екен? Нақ фашист, шовинистерді «футбол фанаттары» ретінде атауындағы мақсаттары билік маскасы арқылы шын бет бейнесін көрсеткісі келмейтін сияқты. Ресейдің түрлі қалаларынан одан қалды Украина, Белоруссиядан шовинист орыстардың Мәскеудегі шовинистерге көмекке келуі мұның бәрі дайындықтан өткен «іс-шара» демеске де лажың жоқ. Бұл жерде «Спартак» футбол клубының жанкүйерін кавказдықтар өлтірді» деген сөз шовинистерге жәй ғана сылтау болғандығы анық. Әйтпесе орыс скинхедтері қаншама өзге ұлттарды баудай түсіріп өлтіріп жатыр, бірде бір Ресей БАҚ шу көтермеді. Кавказда Ресей әскері қаншама халықтың қанын судай ағызды. Қысқасы көрінген жерде кавказдықты орыстар өлтіріп жатса жылы жауып, ал бір орысты кавказдық өлтірсе мемлекеттік деңгейде шу көтеріледі. Осының бәрі, яғни Ресей билігінің саясатының нәтижесінде орыс жастары арасында «орыстан өзгелер адам емес» деген сияқты шовинистік сана қалыптасып келеді. Бұл оқиға соның көрінісі. Ал шовинистерге Мәскеудегі кавказдықтар қарсылық білдіргенде, оларды бұзақылар ретінде ақпарат таратып, құқық қорғаушылар істеріне кірісіп кетті. Ресей билігі әрдайым алдымен орыс шовинистері өзге ұлттарды сабап алғанша күте тұрады да, өзге ұлттар енді топтасып қарсылық білдірер кезде басып тастайды. Бұл жолы да «қалың орыстың ішінде құқығы тапталып жатқан бауырларына көмекке кавказдан жігіттер келе жатыр» емес... «келеді екен» дегеннің өзінде орыс шовинистерінің тізесі қалтырап кетті. Оларда да жан бар екен деп қалдық. Әйтпесе алғашқы бассыздық күндері қарасаң, ұрандарына қарасаң, әлемді төңкеріп жіберердей еді. Көмекке кавказдықтар келуге дайындалып жатыр деген үрей күшейіп кеткен соң араға Ресей басшылары араласты. В.Путин Шешенстан президенті Р.Қадыровқа телефон соғып, қандастарын Мәскеуге қарай жібермеулерін тапсырған соң билігі бар, зиялысы, ақсақалдары бар, бәрі араласып жүріп жастарын тоқтатты. Содан кейін барып қана Ресей демдерін алды. Бір жағынан ешкімнің көмектерінсіз-ақ жүз шақты кавказдық Мәскеуді басына көтеріп жатса, олардың рухының мықтылығы шығар деп ойлаймын. Сонша орыс шовинистері шулап жүріп соққыға жыққан кавказдықтар саны отызға да жетпейді екен. Бұл дегеніміз орыс рухының әлсіреп бара жатқандығының көрінісі.

Негізінде футбол фанат­тарының матчтан кейінгі осыған ұқсас қоғамдық тәртіпсіздіктері әрдайым болып жатады. Ол қалыпты жағдай. Бірақ бұл жолғы «футбол фанаттарының» әрекеттері әлемдік масштабқа көтерілуінің себебін өздерініңіз де түсінген боларсыздар. Ұлтаралық араздық деген газ сияқты тез тұтанатын ең қауіпті қақтығыс. Мұның соңы соғысқа да ұласып кетуі мүмкін. Алғашқы кезде жылы жауып қоя салуға тырысқан Ресей билігі соңында өздері жасаған «бомбадан» өздері шошып кетсе керек, бұл толқу Мәскеу қаласының басқа аудандарына тарап, одан қалды Ресей көлеміне жайылу қатері сезіліп қалған соң, тоқтата алмай қаупінен үркіп тез арада алдын алуға тырысты. Осы оқиғадан кейін Ресейдің түкпір түкпірінен «футбол фанаттарына» емес орыс шовинизміне қарсылық көріністері байқала бастаған болатын. Мәскеуден басталған толқудың дүмпуі Санкт-Петербург, Дондағы Ростов, Самара, Нижный Новгород, Тюмень сияқты біраз қалаларынан естілді. Бұл арада Ресей билігі бір нәрсені ұмытып кетті. Өткен тарихты ұмытты... Өткен уақыт аралығында Ресейде өмір сүріп жатқан халықтармен бір шаңырақ астында өмір сүрді, бірге дүниежүзілік соғыстарға қарсы соғысты, қысқасы тізе қосып ортақ жауға қарсы күрескенін, өткенін ұмытты. Отаны бір болғанын ұмытты. Егер де татулықты жастарына насихаттағанында олардан мұндай шовинизм шықпас еді. Бұл мәселеге қазақ бір-ақ сөзбен жауап берген ғой, «Не ексең, соны орасың» деп.

Көршіміз тынышсызданып жатса, біздің де ұйқымыз тыныш бола қоймас. Осы оқиғадан біз де сабақ алуымыз үшін арамызда орыс шовинизмін ашық насихаттап жүргендерді жазалауымыз керек. Ресейден сескенетін уақыт өтті. Мәскеудегі оқиға Ресей билігінің іріп-шірігендігін көрсетеді. Орыс шовинизмін Қазақстанда насихаттап жүрген www.russians.kz сайтын жауып тастауымыз керек. Әншейінде Ресейдегі кез келген ұсақ оқиғаны айтып, көрсететін отандық орыстілді БАҚ-тың ауыздарына құм құйылғандарына қарап Ресейдің саясатын жүргізіп жатқанын анық байқатты. Егер де оны қазақ көрсе ойланар еді, «біз кіммен дос болуға ұмытылып жатырмыз. Өзге ұлттан өзгені өлтіре беретін орыс шовинистері құрысын» деп Ресейден теріс айналар еді. Ресей идеологиясына құл болғандарға біраз болса да ой салар еді. Бірақ орыс шовинизмі Ресеймен ғана шектеліп қалмай елімізге де бас сұғу көріністері байқалып қалып жатыр. Тез арада ұлтаралық іріткіқұмар орыс шовинизмін насихаттап жатқан және Ресей саясатын жүргізетін отандық орыстілді БАҚ-тарды тәртіпке шақыруымыз керек. Тәртіпке салмаса ертең бізде де ұлтаралық қақтығыс туындап кететіні бесенеден белгілі. Осындайда ұлтымызды қорғау үшін күрескен бізді жек көретін мәңгүрт бауырларымызға ашуланғанда Ресейге апарып тастағың келеді. Көрсін, сонда кімге құл болып жүргендерін. Санасы оянар. Ал біз өз ұлттық күресімізді тоқтатпақ емеспіз. Өз отанымызда отырып орыс шовинистерінің әрекеттеріне қарап отыратын қандастарымыз жоқ. Қазір қазақ халқы өзгерген, рухы оянған.

 

Фазылбек Әбсаттарұлы