ЕСТЕН КЕТПЕС ЕКІ СӘТ
2010 ж. 24 желтоқсан
2737
1
Өткен ғасырдың 50 жылдарының соңғы кезеңі. Республикалық орталық кітапхана бұрынғы орнында, әлі жаңа орынға көшпеген. Студенттердің әдеті ғой емтихан жақындағанда кітапханаға барып дайындалатын. Қай ай екені есімде қалмапты, кітапхананың оқу залында отырғанбыз. Бір кезде еліміздің заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов және аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлымен кездесу болады деп хабарлады. Қуанғаннан жүрегіміз дүрсілдеп аузымызға симай бара жатыр. Бір кезде маң-маң басып екі алып кіріп келе жатты. Орнымыздан тұрып қол шапалақтап қарсы алдық. Мұхаң шағын денелі, шашы сиреген кісі екен, Бәукең батыр десе батырға лайық ірі тұлға, сұсты екен. Мұхаңа қарап алып болу үшін артық салмақтың қажет емес екенін түсіндім.
Мұхаң еліміздің әдебиет – өнер саласындағы жетістіктеріне қысқаша тоқталса, Бәукең соғыс жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдегі басынан өткерген жағдайларға тоқтап, отырған жастарға келешекте табыстан-табысқа жете беруіне тілектестігін білдірді. Соғысты сендер көрмеңдер деп сөзін қортындылады. Бәукең туралы неше түрлі аңыз әңгімелер естіп сырттай ғашық болып жүретінбіз., оның үстіне екі алыппен бір мезгілде кездескенімізге қуанып көңілді қайттық.
Баукеңмен екінші кездесу 70 жылдардың орта шенінде болды. Бұл жолы бір дастархан басында отырып екі сағаттай әңгімесін тыңдау бақытына ие болдым. Ол былай болған еді. Қазақ ССР Министрлер кеңесінің Алматы санаториясының жаңа орнына көшкен кезеңі, бірақ ескі орны да жұмысын тоқтатпаған. Сол ескі орнында Төрешов Орынбек деген ағамыз демалып жатқан. Сол кісіге сәлем беруге Дүйсекеев Сражадин деген ініміз екеуміз барғанбыз (Кеңес Дүйсекеевтің ағасы). Ағамыз Ақмола облысының бір совхозының орыс директорымен бір бөлмеде екен. Амандасып болғаннан кейін «осында Бауыржан ағаларың демалып жатыр, шақырсам қайтеді» деді, біз қуанып кеттік.
Көп кешіктірмей Бәукең келді. Амандасып, жөн сұрасқаннан кейін әңгімесін бастады, ол кісінің алдында бізге сөз қайда, бас шұлғып тыңдап отырмыз. Мені жұрт шымкенттік деп ойлайды, рас Шымкентте оқыдым, өстім, ал туған жерім Жамбыл облысы, Жуалы ауданы. Ұлы жүз Албанмын, оның ішінде Қызылбөрігімін. Қызылбөрік - ұлы жүздің ішіндегі ең тентегі. Албандар Кеген, Нарынқолдан басталып, Ыстық көлдің екі беті, Мерке, Жуалыға дейін қоныстанған. Ыстық көл негізінен қазақтың жері болған, Қырғыздар Сібірден қоныс аударғанда туысымыз деп соларға сыйлаған деп бір тоқтады.
Абай романындағы Көпбай ақынды білетін шығарсыңдар, біздің үйдегі жеңгелерің сол кісінің ұрпағы, өте ақылды кісі. Сол жеңгең екеуміз туған жер Жуалыны аралап болып Меркеде жүргенбіз. Қырғызстанның идеология жөніндегі хатшысы телефон шалып қайтар жолда қонақ болып кетуімізді өтінді. Хатшының үйінде отырмыз, қырғыздың бетке ұстар ақын – жазушылары тегіс дерлік жиналған екен. ет келді, қырғыздар етті майдалап, турама қылып турайды. Бір кезде атын айтпай-ақ қояйын сол елдің атақты жазушысы «Бәуке Алла жазса, ертең еліңізге қайтасыз ғой, сол жерден (жер атын ұмытыппын) өткенде оң жақ сол жағыңызға қарай өтерсіз» деді. Дастарханда ет толып тұрған табақпен әлгі жазушыны ұрдым. Бәрі оқыған адамдар ғой, ана кісіден менен кешірім сұратты. Жазушы ол сөзді маған неге айтты, мен оны неге ұрдым. Айтып отырған жері Кенесары мен Наурызбайды жазалаған жері болатын.
Кенесары қырғыздардан орыстармен соғысуға көмек сұрады бермеді, Қашқарияға өтіп кетейік кедергі болмаңдар дегеніне көнбеді, сосын амал жоқ соғыс ашты, болмаса соғысу ойында болмаған. Кенесарының сарбаздарының қаталдығын ешкім жоққа шығара алмайды. Қырғыздар батырларын датқа дейді, қолға түскен датқаларының терісін мес қылып сыдырып алып, жер үрлеп ағаштың басына көрнекті жерге іліп қойған, тоқтаса осыған тоқтар деп сарбаздарының алдына бесіктегі балаларын қойса оларды да шапқан.
Кенесары қолға түскеннен кейін қырғыздар ақылдаса келіп, бұны өлтірсек Наурызбай тірі тұрғанда тұқымымыздың бірін қалдырмай қырады, босатып жіберейік деген шешімге келеді. Ағасының тұтқындалғанын естісімен аз қолмен ағамды босатыңдар деп шауып барып ол да қолға түседі, Батыр аңқау деген осы. Екеуінің аяқ-қолын кісендей жазалайтын жерге алып келеді. Наурызбайдан айтар сөзің бар ма дегенде: «ағамның соңына 17 жасымнан еріп соғыста жүрдім, намаз оқи алмадым, намаз оқып алайын» деп намаз оқиды. Екінші арманым бұл дүниеден үйленіп, бала сүйе алмай бара жатырмын. Үшінші арманым ең кіші еркетотай қарындасым Бопайды құтты орнына қондырып, тойын қолымнан жасап ұзатсам деп едім, соған жете алмай бара жатырмын» деген екен. Аяқ-қолы кісендеулі екеуін жүресімен отырғызып қойып, қобызшы қобызын тартып, «ал енді бастарын кім шабады» дегенде, терісін мес қылып сыдырып алып ағаштың басына іліп қойған датқаның әйелі қылышын суырып алып «мен шабамын» дейді. Қанша дегенмен әйел емес пе, қолы дірілдеп қылыш Наурызбайдың иығына тиеді. Сонда Наурызбай «бұл не қорлықтарың әйелге шаптырып, қырғызда еркек жоқпа еді» дегенде қобызшы әйелдің қолындағы қылышты жұлып алып шауып жібергенде, басы домаланып түсіпті де, денесі жүресінен отырған күйі құламай қалыпты. Наурызбай алып денелі, батыр тұлғалы кісі болыпты.
Енді бұлардың денесін қайтеміз деген мәселе туындайды. Жерленген жері белгілі болса, қазақтар келіп белгі қояды, зиярат етіп тұратын орынға айналдырады. Сол себептен де бұлардың денесінің қайда екенін білмейтін болсын деген қорытындыға келеді. Екеуінің денесін түйеге артып, 1-2 сарбазға табылмайтындай етіп жасырыңдар деген тапсырма береді. Тапсырманы орындап келген сарбаздарды кейін айтып қояды деп ойлап, олардың да көзін жояған. Сонымен олардың денесінің қайда екенін ешкім білмейді. Жерледі ме, әлде суға ағызып жіберді ме, сол сарбаздардың өлімімен құпия күйінде кеткен.
Бірнеше жылдардан кейін қырғыздарға Тезек төре нөкерлерімен барады. Бұл Кенесарының кегін алуға келді, артында сарбаздары болуы керек деп қауіптеніп, бәйек болып күтеді. Қайтар кезінде Тезек төре Кенесарының ерін алып келіңдер депті. Ерді қылышпен шауып, қақ айырса, іші таза алтын да шегіренмен қапталған екен. «Алтынның қадірін білмедіңдер сақау қырғыздар» деп аттанып кетіпті.
Бәукең сөздің майын тамызып, тартымды, түсінікті етіп айтатын кісі екен. Арамызда бір орыс совхоз директоры болғандықтан, «мынаған да түсінікті болсын» деп орысша аударады. Біздің ұққанымыз ол кісіге орысшасы да қазақшасы да бірдей екен.
Менің осы кезге дейін түсіне алмай жүргенім Албанның Қызылбөрігімін деп таныстыратыны. Көп адамның басы қосылған жерде Бәукеңнің осы сөзін айтсам ешкім мені қолдамайды «жаныс» дейді. Анығына көз жеткізейін деп «Моя семья» деген кітабын оқып шықтым, онда әжесі туралы көп айтады, руын айтады. Өз руы туралы әңгіме қозғамайды. Бәукеңмен жолыққан кезіміз, ру туралы әңгіме болмайтын, қозғалмайтын да. Біз Бәукең әңгімесін рудан бастағанына бір жағынан таңғалсақ, екінші жағынан іштей риза болғанбыз. Сұрауға Бақытжан інімізбен Зейнеп келініміздің мекен-жайын білмедім. Мүмкін болса газет арқылы осыған да жауап алармын деген үміттемін.
Әлмахан Бөгембай,
Ауылшаруашылығы
ғылымдарының кандидаты