Абылай ханның арманы
2014 ж. 28 сәуір
9063
3
Отаншылдық бастауы – тарих пен мәдениет. Тарихи тақырыпқа жазылған мына көзайым туынды соның айғағы. Тарих – ол идеология. Тарихын мойындаған ұлтты әлем мойындайды. Мәселе, сол ата тарихты ұмытпауда және ұлықтауда, оны бағалау мен бағамдауда болса керек.
Қай елдің де айбынын асырып, айдынын тасытатын басты белгісі – ұрпаққа үлгі, мұра, ұлтқа ұстын және ұран болатын ұлы тұлғалары екендігі даусыз. Қазақ мемлекетін қалыптастыруда есімі айырықша ардақталып айтылатын дара да, дана тұлғаларымыздың бірі - Абылай хан. Ол өзінің ерлігі мен ақыл-парасатын ел мүддесі жолына арнады. Ұлт тағдыры таразыға түскен алмағайып, сұрапыл заманда да ұлттың бостандығына, азаттығына ұмтылды, қазақтың елдігін жоғалтпады, ұлтты жойылып кетуден аман сақтап қалды. Ең бастысы, жаугершіліктен есеңгіреген елге ес кіргізіп, халықтың басын біріктіріп, бір тудың астына жинауға күш салған Абылай ханға деген халықтың ынта-ықыласының да ерекше болатындығы сондықтан.
Таяуда ғана, Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сәтті жүріп жатқан «Абылай ханның арманы» атты тарихи драманы бір топ «ақжолдықтар» тамашалады. Тарихи деректерге сүйеніп жазылған және қалың көпшіліктің көкейінен шыққан пьеса 2013 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында көрікті Көкше жерінде өткен Абылай ханның 300 жылдық дүбірлі тойына орай көрсетілген болатын.
Бұл белгілі жазушы, журналист, зерттеуші, драматург Думан Рамазан мен қоюшы режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовтың бірлесіп шығарған екінші тарихи туынды. Бұған дейін 2010 жылы аталмыш драматург пен режиссердің «Кенесары - Күнімжан» атты тарихи драмасы дүниеге келіп, бүгін көрерменнің сүйікті қойылымына айналды. Аталмыш туынды екі құрамда шығарылғандықтан, Абылай ханның рөлінде осыған дейін «Қасым» көркем фильмінде Қазақстанның халық қаһарманы Қасым Қайсеновті сомдаған талантты актер Қуандық Қыстықбаев пен «Кенесары-Күнімжан» спектаклінде Кенесары ханның бейнесін сахналаған Сырым Қашқабаев ойнады. Өз басым екі актердің да шеберлігіне тәнтімін.
Пьесаны көру барысында тарих қойнауына сүңгіп, тұңғиығына бойлап кете барасың. Бейне бір тарихи кейіпкерлердің арасында сол кездегі оқиғаларға қатысып, оның бел ортасында жүргендей әсерде боласың. Пьесада қазақтың ханы Абылай күш-қайраты қайнап, әл-қуаты тасып тұрған шағында ізін аңдыған дұшпанның тосқауылына тап болып, қапыда қалады. Өздерінен сан жағынан әлдеқайда басым жаумен бетпе-бет келіп, жан алып, жан беріскен қанды шайқастан кейін жоңғарлардың тұтқынына түседі.
Өмірден көрген-түйгені мол Галдан-Церен қазақтың кеудесі асқақ, аяқ алысы нық, осы бір уыздай жас ханына ерекше ілтипат көрсетеді. Тіпті ол, Абылайдың қол-аяғы түгіл, батыл ойын да тұсауламай, босағадан емес, төрден орын ұсынады. Қазақ ханын қапасқа қамамайды, зынданға түсірмейді, басына үй тігіп, алдына мал салады, күтуші де береді. Атқа мініп, сейіл-серуенге шығуға да рұқсат етеді. Сырттай ұдайы бақылау барлығын білсе де, Абылай хан майда бақай есепке, арам пиғылды айла-шарғыға жол бермей, ұлы адамдарға тән ұлылық танытады. Галдан-Цереннің Абылайға қай кезде келем десе де, есігі ашық болатын. Әрине, Галдан-Церен көзсіз әрекет адамы емес, әр нәрсені ой талқысына салып, ақылмен пайымдап отыратын-ды. Қаншама ұрпақ бір-бірімен қырқысып, алысып-жұлысып келе жатқан қазақ-қалмақ арасындағы қантөгісті Абылаймен бірігіп, тоқтатуға қадам да жасайды. Екі тараптан да өрескел жіберілген өмірдегі қателіктерді көре білуі қонтайшының ерекше қасиеттері мен қадірін жете тануға жетелейді. «Әр адамның негізі - оның тегінде» демекші, екеуі де төре Шыңғыс ханның нәсілінен тараған туыстас адамдар екенін жан-тәнімен сезінген деуге болады. Екі халықтың тарихи, рухани өміріне өлшеусіз үлес қосқан дара да, дана тұлғалары айқындала, биіктей түседі. Соңынан, сайын даланың жазылмаған заңы бойынша, орнына аманат тастап, Абылайды босатып алуға келген Қаз дауысты Қазыбектің ұтымды жауабына дән риза болып, бір шоғыр қазақ елшілерін достастықпен қабылдап, табысады. Кетерінде Абылайға батасын беріп, Топыш сұлуды өз қолымен қосып жөнелтеді. Абылайдың әйелі осы қалмақ қызы Топыш сұлудан туған Қасым сұлтанның баласы қазақтың соңғы ұлы ханы Кенесары келді тарих сахнасына.
1745 жылы қалмақ халқының даңқты перзенті, ұлы қонтайшы Галдан Церен өлгеннен кейін, ұрынарға қара таппай, сылтау ғана іздеп отырған Цин империясы ел билеушілерінің алауыздығын пайдаланып, көшпелі Жоңғар мемлекетін жер бетінен біржолата жойып жіберді. Құдай бұздырса, тарының дәнін бөліп жеген достың да таудай өкпесі қозады екен. Аталас туысы, жан досы Давацимен бақталастыққа ұрынған Жоңғар мемлекетінің ең соңғы билеушісі Әмірсананың трагедиялық образы күллі қалмақ жұртының басына төнген нәубеттің шынайы көрінісі іспетті. Бұл ұлттың 1755-57 жылдар аралығындағы қонтайшысы әрі Қытай басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күрестің көсемі Әмірсана - жоңғар билеушілері әулетіне жиен, Цеван-Рабданның қызы Ботолоогтан туады. Қытайлардан жеңілгеннен кейін 1757 жылы Әмірсана Ресейге барып, бас сауғалайды. Ол осы жылы Тобыл қаласында сүзектен қайтыс болады. Әйелі Битей Галдан –Цереннің қызы еді. Ол Әмірсана өлген соң алдымен, Қалмақияда болып, содан кейін Санкт-Петербург қаласында тұрады. Сол жерде 1761 жылы дүниеден өтеді. Әмірсананың ұлы Пинцук христиандықты қабылдап Ресейде қалады.
Пьесада Қытай мен Ресей (бұл екі елді Бұқар жырау «Қос өкпе» деп атайды.) елшілерінің көлбеңдеген менмен сұлбасын да анық байқауға болады. Бірін-бірі көргенде, кірпіше жиырыла қалған қарсылас екі елдің елшілерін де өктемсітпей, дереу тоқтатып, сабасына түсіріп, тиып тастап отырған қаҺарлы Абылайдың шынайы бейнесі көз алдыңа келеді.
XV-XX ғасыр аралығында халқымыздың басынан талай аласапыран өтіп, қазақ елі «мың өліп, мың тірілді». Біздің халық ұлттық апатты да бастан кешті, түгелге жуық қырылып қалудың аз-ақ алдында да қалды. Тарихта алапат ұлттық қасіретті басынан өткерген қазақ халқы сияқты елдер тым аз. Арғы-бергіні айтпағанның өзінде, қазақ-қалмақ арасындағы үш ғасырға созылған соғыс, қаншама боздақтың ғұмырын қиып, басын жұтты. Осы бір қилы кезеңдердің нық тұжырымы да тарихи тақырыптарға түрен салған туындылар болып табылады. Уақыт өткен сайын тарихи шығармалардың мағынасы мен мәні, мазмұн аясының кеңейіп келе жатқаны қазақ сияқты әділетсіздіктің құрбанына айнала жаздаған халқымызды ерекше қуантады. Бұқарша айтсақ, «қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, қайырусыз жылқы бақтырған» кешегі Абылай ханның арманы мен үміті ешқашанда таусылмақ емес. Пьеса авторларының кәсіби бірлестікте асқан жауапкершілікпен атқарған тың шығармашылық талпыныстарының нәтижесінде, сол бір айтулы тұлғаның тайғақ кешу тағдыры нанымды баяндалғанына риза боласың.
Алайда, пьесада да өте сәтті келтірілгеніндей, өмірде де үш жүздің басын біріктіріп, Жәнібек пен Керей хандар тіккен Ұлы орданы сақтауға бүкіл ғұмырын сарп еткен ұлы тұлғамыз - Абылай ханның аңсаған асқақ арманы неге орындалмады? Ел арасында Абылайдың ақтық сәтіндегі сөзі делінетін арманына байланысты айтылатын тәмсіл бар. Ұлы хан дүниеден өтер алдында қоштасуға келген Бұқар жырау: «Хан ием, не арманың бар?», – деп сұрайды. Абылай хан сонда: «Үш арманым бар. Біріншісі, менің елім мал емшегін емген ел еді, аяғына дейін жер емшегін емізе алмадым. Екінші, менің тұсымда қан көп төгілді. Соған өкінемін. Егер мен жаудың қанын төкпесем, ол менің қанымды төгетін еді. Үшінші, елімде телі мен тентек көп болды, бастарын біріктіру қиынға түсті», – деген екен. Бұл сауалға Абайша жауап айтқанда: «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, құртқан жоқ па елдің сиқын» демекші, әртүрлі рулар мен үш жүзге бөлінген қырық құрау елді бір тудың астына біріктіру мүмкін болмады. Әркім, «ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» дейтін қағиданы ұстанғанды өздеріне ыңғайлы санады. Кенесарының да, Исатай мен Махамбеттің де және тағы басқа ұлт-азаттық көтерлістерінің де түбіне жеткен осы алауыздық еді. Жұрт болып жұмыла қарсыласып қан майданда да жеңіліс таппадық, бір оқ шығармай-ақ тәуелсіздігімізден де айырылдық. «Аңдыған жау алмай қоймайды» демеуші ме еді, патшалық және кеңестік Ресей отаршылдығының жемсауына жеке-жеке жем болдық та, мойнымызға 360 жыл бойына бодандық қамытын кидік, жеріміздің ең бір шұрайлы, құйқалы өңірлері жаттың табанының астына тапталды. Халқымыздың сағы сынып, жүрегі жырымдалған бірнеше ғасырлық құлдық топалаңнан XX ғасырдың соңында ғана әупірімдеп зорға құтылдық-ау.
Ал, бүгінгі күнде ше, Абылайдың сол баяғы үш арманы әлі де өзекті ме? «Құдайға шүкір» деп айтайық, Тәуелсіздігімізді қайтарып алдық, өз алдына дербес «Қазақстан» деген егеменді мемлекет құрдық. Мал емшегін де, жер емшегін де қатар еміп келеміз, маңайымыздағы көршілерімізбен де бейбітшілікте өмір сүрудеміз, өкінетіндей де дәнемеміз жоқ сияқты. Яғни, Абылайдың алғашқы екі арманы орындалды деп айтуға да болатын шығар.
Абылай ханның үшінші арманы – күллі қазақтың басын бір тудың астына біріктіру еді. Жақында Елбасымен кездескен белгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков ағамыз: «Өзге ұлт өкілдерін қоспағанда 11 миллион ғана халқыңыз бар, осы көші-қон жайы қалай болады, мынау Ақордамыз қоныс тепкен Арқа даласының батысы мен солтүстігіндегі облыстарға көз алартып, сөз қылып жатқандар бар» деп едім, Президент: «Көш тоқтамайды, мұның бәрін терең ойлап, нақты істерге қадам жасағалы отырмыз, көңіліңдегі алаңды түсінемін» депті. Бұл естіген құлаққа сондай жағымды өте әсерлі сөз болса да, «Абылайдың үшінші арманының орындалуы қандай қиын» деген заңды сұрақ бәрібір көкейден кетпейді екен?!.
Айдын ЫРЫСБЕКҰЛЫ, «Ақ жол» партиясы Орталық аппаратының
сарапшысы, алаштанушы