Рахат Жақсыбай: Ұлттық спортты дәріптеу үшін чемпионат ережесіне өзгерту енгіздік
2019 ж. 09 сәуір
21544
0
Сәуірдің 15-22 аралығында Алматыда алғаш рет Ұлттық спорт түрлерінен І Ашық Азия чемпионаты өтеді. Ат спортынан жастар арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған дүбірлі дода Тұңғыш Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Атқа міну мәдениетін» дамыту мен «Жастар жылын» қолдау мақсатында қолға алынып отыр.
Аталған бәсекеге қазіргі дайындық, қанша ел, қанша спортшы қатысатыны жайлы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай baq.kz тілшісіне айтты.
- Әңгімені алдағы чемпионаттан бастайықшы. Қанша ел қатысуға ниет білдіріп отыр?
- Әуелі бұл чемпионатты неге тұңғыш деп отырмыз? Себебі, бұған дейін елімізде өткен халықаралық чемпионаттардың барлығы, Әлем чемпионаты болсын, Азия чемпионаты болсын – ересектер арасында өтіп келген. Биыл Елбасымыз өзі атап көрсеткен «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылды және елімізде алғаш рет өтпек. Сол себепті де тұңғыш чемпионат болып отыр.
Негізгі ереже бойынша 18 бен 21 жас аралығындағы жастарымыз қатысады. Дегенмен, алғашқы чемпионат болғандықтан, біз бұл ережеге сәл өзгеріс енгіздік. Яғни, шетелден келетін команда мүшелеріне 25 жасқа дейін қатысуға рұқсат бердік. Себебі, өзге елдерде біздің ұлттық спорт дәл біздегідей дами қойған жоқ. Және біздегідей қалыптасқан жастар құрамасы да жоқ. Сондықтан да біз оларға жеңілдік жасап отырмыз.
- Біздің құрамада жас шамасы 25-ке дейін бе?
- Жоқ. Біздің құрама сол 18 бен 21 жас аралығындағы спортшылардан құралған. Әрине, біздің жігіттерге оңай болмасы анық. Бір сөзбен айтқанда, шаршы алаңда өздерінен 2-3 жас үлкен азаматтармен сынға түседі.
Біз өз спортшыларымызға қиын болса да, осылай жасау керек деп шештік. Себебі, мұндай жеңілдіктер олимпиадалық спорт түрлерінде де болады, қатысушы елде сол спорт түрінің аз да болса насихатталуына, дамуына септігін тигізу үшін.
Жоспар бойынша 8-9 елден спортшылар келеді. Негізі «Көкпар», «Аударыспақ», «Теңге ілу» және «Жамбы ату» қатарлы төрт спорт түрінен сайыс өтеді ғой. Осының ішінде «Жамбы атудың» спортшылары сәл басқаша ережемен ойнаулары мүмкін, ал қалған үшеуінде негізгі құрамалар бірдей. Қазіргі кезде Тараз қаласында ел құрамасы оқу-жаттығу өткізіп жатыр.
- Айтпақшы, бұл чемпионатқа Қырғызстан қатыса ма?
- Жақында Қырғызстан «Көк бөрі» федерациясының құрамында өзгерістер болды. Басшысы ауысты дегендей. Жаңа келген құраммен келіссөздер жүргізілген. Сол бойынша олар бұл чемпионатқа өздерінің жастар құрамасын жіберетіндіктерін айтты. Дегенмен, әзірге ресми өтініш жіберген жоқ, күтіп отырмыз.
- Чемпионаттың жүлде қоры жайлы айта кетсеңіз?
- Дәл қазіргі сәтте нақтыланып жатыр. Алайда, жалпы жүлде қоры 15 млн теңгеден кем болмайды.
- Алғашқы Жастар чемпионаты төрт спорт түрінен ғана өтеді екен. Неге басқа түрлерін де қоспадыңыздар? Мысалы, ат бәйгесі де біздің ұлттық ойынымыз ғой.
- Иә, дұрыс айтасыз. Біз ұлттық спорттың негізгі түрі деп – көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы атуды ерекшелеп алып отырмыз. Ал бәйгеге келер болсақ, аталған төрт түрлі спортқа қарағанда өзіндік артықшылығы бар. Мысалы, алаңы да, дайындығы да басқаша. Өзіңіз білетіндей, біз әрбір спорт түріне басшылық бекітіп, жеке федерация ретінде дамытуға күш салып келеміз. Соған орай, Бәйге федерациясында өзіндік жеке бір бағдарлама жасалып жатыр.
Сонымен бірге, өткен жылы «екі жылда бір рет өткіземіз» деген «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі, қашықтықтарды реттеу, атқа да адамға да қиындық тудырмайтын тетігін табу қатарлы жұмыстар жүргізілуде. Онымен Бәйге федерациясы айналысып жатыр.
- «Қашықтықтарды реттеу мәселесі қаралып жатыр» дейсіз ғой, өткенде 130 шақырымға аламан өтті, алдағы маусым айында 140 шақырымға аламан өтеді деген әңгіме бар. Ал Ұлттық спорттың осы алыс қашықтыққа аламан өткізуге деген ұстанымы қандай?
- Ұлттық спорт қауымдастығы белгілеген негізгі ең ұзақ қашықтық – 51 шақырым. Бұл қашықтық негізсіз де емес. Тарихтағы әйгілі Құлагердің бәйгеге шапқан межесі. Ал әлемде алысқа атпен «жүріп өту» деген сайыс бар. Ондағы ережеге сай әрбір 30-40 шақырым сайын үзіліс жарияланып, аттың денсаулығын, тынысын, шабандоздың жағдайын тексереді. Осындай бақылаудан өткен соң ғана ат сайысты жалғастырады. Егер ат сайысты жалғастыра алмайтын болса, бірден жарыс жолынан шығарылады. Мұндай жарыстар 2-ден 5 күнге дейін жалғасуы мүмкін. Ал өткен 130 шақырымдық аламаннан хабардармыз, бірақ оны ұйымдастыруға біздің қатысымыз болған жоқ. Жеке азаматтардың бастамасымен өтті.
Қалай дегенмен де, ұзақ қашықтықтағы жарыс өткізуді алға қоятын болсақ, үлкен дайындық керек. Ат баптаудан бөлек, ұйымдастыру жұмыстары. Аттарды тексеру, шабандоздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, т.б. Соған қарап отырып, дәл қазіргі сәтте бізге ұзақ қашықтықта аламан өткізуге әлі де дайындық керек секілді.
- Ендеше әңгімені Ұлттық спорт қауымдастығының жұмысына қарай бағыттасақ. Осы чемпионаттан соң іле-шала халықаралық «Этноспорт форумы» өтеді. Онда қандай мәселелер қозғалады?
- Бұл жолғы «Этноспорт форумы» Бүкіләлемдік Этноспорт конфедерациясы ұйымның аясында өтеді. Біздің Ұлттық спорт қауымдастығы осы ұйымға мүше.
Әлемнің 50-ден астам еліне шақыру жіберілген. Соның ішінде 30-ға жуық елден 200-ге тарта өкіл келеді. Олардың қатарында ЮНЕСКО өкілдері, министрлер, спорт саласының басшылары, ұлттық спорт федерацияларының өкілдері, жаттықтырушылар, т.б. ұлттық спортқа, этноспортқа қатысы бар әлемдік тұлғалар бар.
Бұған дейін өткен жылы дәл осындай форум Түркияда өткен болатын. Сол жиынның шешімі бойынша екінші форум Қазақстанда өтетіні белгіленген.
Бұл жолғы форумның негізгі тақырыптары – 2021 жылы елімізде өтетін Бүкіләлемдік этноойындарына дайындық жұмыстары; 2020 жылы Түркияда өтетін Көшпенділер ойындарына қатысты Түркия тарапының талқылауы өтеді. Бұдан бөлек, ұлттық спорттың ережелерін халықаралық талапқа сай стандарттау, мемлекет пен ұлттық спорт арасындағы қарым-қатынас, тағы басқа мәселелер қаралатын болады.
Тағы бір айта кетер мәселе, қазір біз сөз етіп отырған Азия чемпионатының соңғы финалдық ойындарына форум қонақтары арнайы келіп қатысады. Мұндағы мақсат – қазақтың ұлттық ойындарын өзге елдер де танып біліп, көрсін деген ниет.
- Форумда 2021 жылы елімізде өтетін Бүкіләлемдік этноойындар туралы мәселе қаралатынын айттыңыз. Нақтырақ тоқталсаңыз?
- Форум негізінен 21-22 сәуір күндері өтеді. Осы жерде біз 2021 жылы Қазақстанда өтетін Бүкіләлемдік этноойындар қандай форматта өтеді және қанша спортшы қатысады, қаншалықты ауқымды болады, қанша спорт түрі қатысады, тағы басқа қатарлы мәселелерге нақты жауап ала қоймаспыз. Дегенмен, бұл жолы этноойындар фестивалінің негізгі нобайы анықталады.
Форумның өтуіне де, чемпионатқа да Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдігі ерекше қолдау білдіріп отыр. Бұл үшін аталған әкімдіктерге айрықша алғыс білдіреміз. Бұдан бөлек, біздің ұлттық дүниеміздің дәріптелуіне TIKA ұйымы да жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Осы жолғы шараларда да бұл ұйым қатардан қалмайтынын жеткізді. Оларға да айрықша алғысымызды айтамыз. Әрине, «Самұрық-Қазына» бас серіктесіміз.
- Биылғы жыл Ұлттық спорт ұйымдастыратын негізгі жарыстарды атап өтсеңіз.
- Ең көлемді шараларымыздың бірі – осы 15-22 сәуірде өтетін Жастар чемпионаты.
Сонымен қатар, жылда өткізіп келе жатқан «Алтын жебе» турнирін биыл алғаш рет Әлем чемпионаты ретінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұған дейін «Ат үстінде садақ ату» халықаралық федерациясымен меморандумға қол қойғанбыз. Соның негізінде қазақтың жамбы ату ойыны Африкадағы, Кореядағы және алдағы уақытта Венгриядағы сайыстарға қосылады. Қазірдің өзінде Оңтүстік Африка мен Кореяда өтетін жарыстардың бағдарламасына қосылды.
Бұдан бөлек, ұлттық спортымызды насихаттау мақсатында «Жұлдызды көкпар» сайысын және дәстүрлі садақ ату ойынынан түрлі сала мамандары арасында шағын турнирлер ұйымдастыруды көздеп отырмыз.
Сонымен қатар, дәстүрлі «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі биыл жылдағы уақытында, яғни күзде өтетін болады.
- «Астана жұлдызы» турниріне де бірнеше жылдан бері ат салысып келесіздер. Биыл да бола ма?
- Иә, 2017 жылы Астана күні қарсаңында «ЭКСПО-2017» кубогы өтті, ал былтыр Елордамыздың 20 жылдығына орай кубок өтті. Астана кубогы Ұлттық спорт ұйымдастырған «Қазақстан чемпионатымен» қатар келді. Биыл да біз Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Қазір осы мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, «Алтын жебе» турнирінің биылғы алғашқы Әлем чемпионаты болып өзгерген сайысы осы қала күні қарсаңында өтетін болады. Бұдан бөлек, «Жұлдызды көкпар» мен «Алыптар айқасы» деп аталатын аударыспақшылар арасында бір турнир өткіземіз бе деген жоспар бар.
- Осы орайда, көптен түйткілді болып келген бір мәселені білгім келеді. Қырғыз ағайындармен арадағы көкпар ережесіне қатысты дауға нүкте қойылды ма?
- 14 ақпан күні Елордада екі жиын қатар өткен болатын. Бірі – Халықаралық «Көк бөрі» федерациясының отырысы болса, екіншісі – Бүкіләлемдік «Көкпар» қауымдастығының конференциясы. Әртүрлі себептермен Қырғызстан өкілдері бұл жиындарға келмеді. Дегенмен, барлық халықаралық талапқа сай, қатысушы елдер көкпар ойнының Халықаралық ережесіне дауыс берді. Және басым дауыспен ереже бекітілді. Алдағы уақытта халықаралық жарыстардың барлығы осы ереже бойынша өтетін болады.
Осы жерде бір жағдайды ерекше ескерткім келеді!
Көкпар бойынша бекітілген Халықаралық ереже ешқандай мемлекеттің ішкі ойнына араласпайды. Қырғыз – көкбөрісін, өзбек – улақ тартышын, тәжік – бузақшысын өздерінің ішкі ережелеріне, дәстүрлі ойын тәртібіне сай тарта берсін, тек Халықаралық деңгейде ойналатын көк бөрі болсын, улақшы, бузақшы, көкпар болсын, барлығы бір ережемен – Халықаралық көкпар ережесімен ойнасын дейміз. Яғни, қабылданған шешім, тек халықаралық деңгейдегі турнирлерге, чемпионаттарға ғана қатысты. Тағы қайталап айтамын және Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры ретінде ресми хабарлағым келеді, біз ешқандай ұлттың, бузақшысына, улақ тартышына, көк бөрісіне, көкпарына араласпаймыз. Біздің шешім халықаралық дәрежедегі ойындарда ғана қолданылады.
- Өзбекстанда өтетін көкпардан екінші Әлем чемпионатына Қырғызстан қатыса ма?
- Жаңа жоғарыда Қырғызстан «Көк бөрі» федерациясының басшысы ауысқанын айттық. Ол өз қызметіне кіріскен сәттегі алғашқы мәлімдемесінде: «Біз халықаралық деңгейдегі бірде-бір жарыстан тыс қалмауымыз керек. Өзіміздің мықтылығымызды сол жарыстарға қатысып дәлелдейміз», - деген болатын. Сондықтан да олар Әлем чемпионатына келеді деген ойдамыз.