Бақтияр Артаев: Әкімдер спортшыларға үйдің кілтін береді де, кейін қайтарып алады
2019 ж. 21 ақпан
5724
2
Қазақ боксшысы, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев қазіргі спорт саласынағы ақсап тұрған мәселелерге тоқталды, оларды шешу жолдарын ұсынды. Өзі әкім болған жылдарын еске ала, нендей іс атқарғанын айтты.
Бұл туралы спортшы The efir бағдарламасында айтты, - деп жазды stan.kz.
Спортшы әңгімесін әкім болған кезінен бастады. Ауылдың жайы мәз емес екенін сөз етті.
“Әкім болғанда нендей іс атқарғанымды халық өзі білер. Мақтанғым келмейді. Бір айтарым, ауылға су кіргізгеніме қуанам. Мүлде суы жоқ ауыл еді. Тоғаннан тартып кіргізуге мұрындық болдым. 60 мың теңге жалақы алатынмын. Одан бөлек үлкен жауапкершілік мойныңда. Шенеуніктер ауылшаруашылығына ақша бөлініп жатыр, тек дұрыс әрекет ету керек деп санайды. Егер өз көзімен барып көріп, мән-жайды білсе түсінер еді. Ауылда үлкен кісілер қалған. Жастардың бәрі қалада. Аз ғана ақша үшін күннің астын егін егіп ешкімнің жүргісі келмейді. Еңбегің арзанға бағаланады. Үш ай бойы егін егіп, күзде сатар кезде бағасы арзандайды. Керісінше қажетті отын-судың бағасы қымбаттайды. Сосын кім ауылдың жұмысын мойнына алғысы келеді. “Болашақ” бағдарламасын бітірген жастар үлкен қызметтерге ұмтылмай арнайы бағдарлама жасап, ауылды көркейтуге ат салысса, ауылда тым құрығанда үш жыл жұмыс істесе, басқаша болар еді”, – дейді спортшы.
Артаев спорт саласындағы кейбір мәселелердің шетін шығарды. Чемпиондардың лайықты деңгейде марапатталмайтынын айтты.
“Әкімдер спортшылармен келісіп, елдің көзінше үйдің кілтін береді де, кейін пәтерді алып қояды. Немесе демеушілер тауып, солардың баспана алып беруін қадағалайды. Чемпиондарға үй беру мәселесін заңмен бекітсе жақсы болар еді. Ақшалай сыйақыға әрі қарай күнін көріп кетер еді. Ауыл-ауылда жас спортшыларды дұрыс дайындамайды. Оларға жағдай жасалмайды. Егер әр шенеунік ауылды аралап, спор залдарын көріп, реттеуге тапсырма берсе, жақсы еді. Қазір ауылдарды дайындалатын залдар да жоқ”, – дейді спортшы.
Бақтияр Артаев әкім болғанда 60 мың теңге жалақыға өмір сүргенін, ал бала күнінде жұмыс істей жүріп жаттыққанын айтты. Бүгінде өз жеке кәсібі бар. Отбасында қамқор әке. Балаларына көңіл бөліп, отбасы қасында жиі уақыт өткізуге тырысатынын айтты.