Мектеп пәндерін футбол арқылы үйретудің курстарын өткізу ұсынылды

"Арландар" футбол клубы мен Қазақстан-Португалия футбол Ассоциациясы мектеп пәндерін футбол арқылы үйретудің кіріктірілген курстарын өткізуді ұсынды. Ұйым дайындаған зерттеу мақаланы оқырман қауымға ұсынуды жөн санадық.

Қай жағдайда ми үйлесімді деңгейде дамиды?

Ұстаздар қауымына әрбір оқушының жеке әлеуетін білу үшін бала миының негізгі функциялары және оның жалпы қалай дамитынын түсіну өте маңызды. Бұндай функцияларға когнитивті, аффективтік, әлеуметтік, физикалық және психологиялық әлеуетті жатқызуға болады. Әр оқушының танымдық деңгейі бөлек болады, сондықтан ұстаздар түрлі үйрету тәсілдерін меңгеріп, ми орталықтарын белсендету арқылы үйрену процесін жетілдіру тәжірибелерімен жіті таныс болуы қажет (Мюре, 2006). Мидың жаңа ақпаратты игеріп, күнделікті өмірде қолданатын шесіз мүмкіндігі бар (Кайне және Кайне, 1991). Үйрену ашық және жасырын деп аталатын екі үлкен категорияға жіктеледі (Дженсен, 2005). Ашық түрде үйренуге оқу, жазу, сөйлеу арқылы үйренуді жатқызамыз. Ол лекциялар, видео, оқулық, суреттер қолдану арқылы жүзеге асады. Ал жасырын түрде үйрену өмірлік, тәжірибелер, ойын, белгілі бір дағды қалыптастыру, қолма-қол іс-әрекет арқылы қалыптасады. Басқа да кеңінен таралған үйрену түрі белсенді түрде оқу (active learning) деп аталады. Оған түрлі рөлдерді сомдау, бірігіп жаңалық ашу, топ болып жұмыс жасау жатады. Белсенді түрде үйрену барлық үйрену стильдерін қамтиды. Мысалы, кинестетикалық үйрену белсенді түрде үйренудің бір түрі. Мұнда дене мүшелерін қозғалту арқылы үйрену тиімді түрде іске асады (Грейг, 2003). Қазіргі ұрпақ ұдайы даму үстіндегі технология әлемінде өсіп, қалыптасуда. Технологиялық құрылғыларға жұмсаған ұзақ уақыт олардың эмоционалдық, әлеуметтік, психологиялық және когнитивтік жағдайына теріс әсер етеді. Көп жағдайда, оқушылар тез жалығып, әрі қарай экранға үңілуді жөн санайды. Сондықтан ұстаздар оқушылардың назарын аудару үшін жаңа үйрету техникаларын меңгергені жөн. Мидың белгілерді іздеу, реттеу, одан мағына жасау, сипап сезу дағдыларын біріктіріп, өзара құрастыру сияқты әлеуеті туралы ғылыми зерттеулер көбейген сайын, ұстаздар да практикалық мәселелерді шешу, сәйкес методологияны қолдану, үйренуді тиімді түрде бағалау, жалпы білім беруді басқаруда көп ілгері жылжи алады (Кайне және Кайне, 1991).

Кіріктірілген оқу бағдарламалары

Кіріктірілген оқу бағдарламаларын дамыту білім беру философиясында баланы «мән-мағына іздеуші жеке тұлға» ретінде танудан басталады. Бұл ұғым біздің елде жат нәрсе емес. Мысалы, Абайдың «толық адам» концепциясы әр баланы жеке тұлға ретінде қарастыруға негіз береді. Ал Кеңес Одағы тұсында педагогикада тұлғалық даму бағыты қарқынды дамыды. Алайда ол қайта құру кезеңіне тап келді де, соңына дейін тұжырымдалмады. Кіріктірілген оқу еркін үйрену дегенді білдіреді. Бұл жерде еркіндік деген не? Бағаға байланбай, еркін түрде білуге ұмтылған бала үйрену процесінде өз денесін, ойларын, сезімдерін, ішкі түйсіктерін түгелдей іске қосады. Мұнда үйрену де әдеттегі жабырқаңқы сипатта емес, эмоцияға толы болады. Екіншіден, әлемдік тәжірибеде баланың оқу кеңістігіне аса мән беріледі. Төрт қабырға сыныптың ішінде отырса да, ондағы әрбір бұрышты, әр партаны, әр сөрені баланың дамуына оңтайландыруға тырысады. Кеңестік түсініктегі қатар-қатар түзу, дыбыс шығармай отыру деген ұғым жоқ. Осының бәрін ескерсек, біздің елде оқу кеңістігіне әлі де жіті мән берілмей келеді. Ал футбол алаңы сол еркін оқу кеңістігінің керемет баламасы болар еді.

Балалар үйрену үшін селқос түрде күтіп отыратын tabula rasa, яғни таза тақта емес. Олардың міндетті түрде танып, одан әрі суаруды қажет ететін өзіндік ішкі әлемі, физикалық, эмоционалдық, әлеуметтік әлеуеттері болады. Оқушыларды өмірдегі түрлі рөлдерге дайындау үшін, оқыту ортасы олардың жеке дағдыларын дамытуға бағытталуы тиіс. Сондықтан кіріктірілген оқу бағдарламалары ұстаз бен бала арасында есте қаларлық үйрену сәттерін қалыптастырады. Ал оқулықтар мен білім беру стандарттары ешқашан тәжірибе арқылы үйренудің орнын баса алмайды. Әйгілі американдық ғалым Дьюидың айтқандай, білім беру деген өмірге дайындау емес, білім берудің өзі өмір. Оқу бағдарламалары кіріктірілген кезде, танымдық мәліметтер айналамен, күнделікті өмірмен өзара байланыстырылып, оқушының үйрену процесін тиімдірек етеді. Мысалы, сынып қабырғасында табиғатты тану, оны зерттеу қиындықтар туындатады. Ал осындай тәжірибелерді футболмен байланыстырғанда, балалардың қызығушылығы арта түседі.

Маңыздылығы

Бұл әдістеме әсіресе мектепке енді бара бастаған бастауыш сынып оқушылары үшін маңызды. Себебі ойын баласын бірден партаға отырғызып қою қиынға соғады. Бұлай ұзақ уақыт бір орында отырып үйренбеген балалар сол үшін мектепке барғысы келмейді, сабаққа қызығушылығы азаяды. Сол үшін балалар сабақты әрдайым жақсы көреді деп айта алмаймыз, бірақ ойынды оның ішінде футболды жақсы көреді. Балаларды сабаққа бейімдеу үшін, максималды білім беру үшін, оларға ойындарды пайдалана отырып қызықтыру керек. Мектепте өтетін сабақтарды футбол ойыны арқылы қызықтыру жолдары бар. Әсіресе футбол мен математика бір-бірімен жақсы кірігеді. Номерсіз футболшы жоқ. Әрбір футболшыға күн сайын, аптасына статистика жүргізіліп отырады. Бұл дегеніміз футбол мен математика бір-бірімен өмір сүруде.

Осы күнге дейін қыз балаларға есігі жабық болған футболдың есігі ашылады. Әрбір қыз баланың өз сүйікті командасы мен ойыншысы бар. Енді осы сабақ пен футболдың кіріктірілгені арқылы ер/қыз балалардың бәрінің өмірге қызығушылығы арта бастайды. Жынысына қарай бөлінушілік азайып, балалар социализациясы/әлеуметтенуі дамиды. Физикалық тұрғыдан бір біріне жақындап, араласып, ойын арқылы тез достасып әлеуметтеніп кетеді. Ойын барысында әлсіздерді, қыздарды сыйлауды, оларға көмектесуді үйренеді.

Физикалық белсенділік кезінде, балалардың көңіл күйінің ең қатты көтерілетін сәті – ол футбол ойнағанда. Ол кезде балалардың есі шығып кете жаздайды. Көңіл күйі көтеріңкі болған соң стресс азайып, ақпаратты қабылдау қабілеті күшейеді және есте сақтау қабілеті/жады күшейеді. Осы сәтте ми максималды жұмыс істейді. Мидағы қан айналым ретке келген соң, оның иммунитеті артып түрлі ми ауруларынан сақтайды.

Әлемдегі ең мықты білім беру жүйесі Финляндия десек, финн балалары мектепте көп отырмайды. Олар физикалық белсенділікке көп уақыт жұмсайды, яғни спортқа.

Мақсатымыз, балаға максималды/жемісті білімді көбірек беру, талантын/әлемін ашу, денсаулығы мықты, адам болып қалыптасуын қамтамасыз ету. Бала физикалық белсенді болғанда, өмірде де белсенді болады.

Бұл әдіс балалар арасында «қиын сабақ» деген түсінікті жояды. Біз балаларға білімді үстемдік/диктовать ету арқылы үйретпеуіміз керек. Бірге үйренуіміз керек. Керек болса біздің де балалардан үйренетініміз бар. Балалар оптимизм мен жақсы ойлардың бұлағы. Олардан біз армандауды, сенуді үйрене аламыз. Біз балаларға максимальды шығармашылық еркіндік бергенде, талантын ашқанда футболдың да сабақтың да түбін түсіреді. Біз бар-жоғы баланы қолдасақ болды. Қалғанын бала өз еркімен максимально істейді. Біздің қалаған, көздеген мақсатымызға олардың қызығушылығын арттыру арқылы үйретуіміз керек.

Бұл әдістемелік құралдың ерекшелігі, әлемде баламасы жоқ.