Мұхамедиұлы Көкпар Федерациясының Президенті Мұхтархан Ділдәбековпен кездесті
2018 ж. 16 қараша
5396
0
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жаңадан сайланған «Көкпар» Федерациясының президенті Мұхтархан Ділдәбековпен кездесті. Тараптар ұлттық спорт түрлерінің, оның ішінде Көкпардың әрі қарай дамуын талқылады.
«Мен қазір Федерация жұмысын, оның ішінде өңірлерде Көкпардың дамуын зерттеп жатырмын. Бүгінгі таңда, бізде жыл бойы көкпар ойнайтын бірнеше ғана өңір бар. Бұл Шымкент, Жамбыл және Түркістан облыстары. Мен қазір Көкпарды жаңа деңгейге шығаруды қалаймын. Көкпарды клубтық деңгейде ойнату керек. Яғни, өңірлерде футболдағыдай клубтар құрылады, бұл өз кезегінде ұлттық спорт сүйер қауым мен демеушілерді қызықтыруы керек»,-деді Мұхтархан Ділдәбеков.
Өз кезегінде, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы елімізде көкпардың даму динамикасын айтып өтті.
«Бүгінгі таңда, елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді, оның ішінде ат спорты түрлерін айту керек. Өз кезегінде, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығымен бірлесіп ат спорты түрлерінен республикалық, халықаралық жарыстар өткізіп жатыр. Соңғы уақытта, басты назар өңірлерде көкпарды дамытуға жасалып жатыр. Астана, Алматы және 14 облыста көкпардан командалар құрылып жатыр»,-деді министр.
Сонымен қатар, Мұхтархан Ділдәбеков Көкпар ойынының бірыңғай ережелерін жасау бойынша жұмыс жасалып жатқанын айтты. Ол барлық жаңашылдықтар қызығушылық танытқан тараптармен Өзбекстанда өтетін Азия Чемпионатында талқыланатынын айтты.
Анықтама үшін: 2017 жылы ұлттық спорт түрлерімен 343 303 адам айналысты, ол жалпы елімізде дене шынықтырумен және спортпен айналысқандардың 6,1% құрады. Оның ішінде көкпармен айналысушылар саны - 29 024 адамды құрайды. Спорт секцияларының саны – 562.Елімізде көкпар спорты оңтүстік өңірлерде, атап айтқанда Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында жақсы дамыған. Солтүстік өңірде көкпар соңғы жылдары қарқын алып келеді, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары біршама оң нәтиже көрсетуде.