Франция футболдан екі дүркін Әлем чемпионы атанды
2018 ж. 16 шілде
2847
0
Бүгін Мәскеуде футболдан әлем чемпионатының финалында Франция мен Хорватия құрамалары жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Лужники» стадионындағы күллі әлем көз тіккен ойынға аргентиналық Нестор Питана бастаған қазылар төрелік етті. Бұдан жиырма жыл бұрын Францияда өткен дүниежүзілік додада қос команда өз спорттық тарихында ең үздік нәтижелеріне қол жеткізген болатын. Франция әлем чемпионы атанса, хорваттар қола жүлдені қанағат тұтқан еді.
Бір қызығы, жартылай финалда француздар 2:1 есебімен ұтып, Хорватияның жолын кескентұғын. Осыған дейін Хорватия мен Франция өзара бес рет кездессе, соның үшеуінде француздар жеңіске жетіп, қос бәсеке тең аяқталған екен. Франция құрамасының бас бапкері, 1998 жылғы әлем чемпионы Дидье Дешам алтын жүлде үшін таласқа мына ойыншыларын лайық деп тапты: Уго Льорис (қақпашы әрі капитан), Бенжамен Павар, Рафаэль Варан, Самюэль Умтити, Лукас Эрнандес, Нголо Канте, Поль Погба, Блез Матюиди, Антуан Гризманн, Килиан Мбаппе, Оливье Жиру.
Хорватия командасының шама-шарқын жақсы білетін Златко Далич те өз сайыпқырандарына сенім артты: Даниел Субашич (қақпашы), Шиме Врсалько, Иван Стринич, Деян Ловрен, Домагой Вида, Марцело Брозович, Лука Модрич (капитан), Иван Ракитич, Иван Перишич, Анте Ребич, Марио Манджукич.
Матч басталысымен ойын тізгінін қолына алған хорваттар француздарды біраз тықсырды. Дегенмен, Дидье Дешам шәкірттері бірінші болып есеп ашты. 18-минутта Марцело Брозович өз айып алаңына таман Антуан Гризманды шалып жықты. Гризманн орындаған айып добы хорватиялық шабуылшы Марио Манджукичтің басына тиіп, қақпадан бір-ақ шықты - 1:0.
Хорваттар қайта алға ұмтылды. 27-минутта Нголо Канте алаң ортасында Иван Перишичке қарсы тәртіп бұзып, ескерту алды. Бір минуттан соң стандартты жағдайдан кейін әдемі өрілген комбинация нәтижесінде И.Перишич қақпа бұрышын дәл көздеді - 1:1.
34-минутта бұрыштамадан берілген доп өз айып алаңындағы И.Перишичтің қолына тиді. Н.Питана бейнеқайталауды қарағаннан кейін 11 метрлік нүктеге нұсқады. 38-минутта А.Гризманн пенальтиді мүлт жібермей, Франция құрамасын қайта алға шығарды - 2:1.
Бельгиялық Ромелу Лукаку мен ресейлік Денис Черышев сияқты Гризманн да біріншілікте соққан гол санын 4-ке жеткізді. Дегенмен қарсыластар қақпасына 6 гол енгізген Англия капитаны Гарри Кейнге ешкім жете алған жоқ. Бірінші тайм соңына таман хорваттар қарқынды күшейтіп, бұрыштамадан қайта-қайта доп бергенімен, одан нәтиже шыға қоймады.
Кездесудің екінші кезеңі хорваттардың шабуылымен басталды. 48-минутта Иван Ракитичтің пасынан кейін Анте Ребичтің соққысын Уго Льорис қайтарды. Екі минут өтер-өтпесте Иван Перишич жекедара алға ұмтылған сәтте тағы да Льорис қақпасынан дер кезінде шығып, допқа бұрын жетті. Француздар да қарап қалған жоқ. 52-минутта тез ұйымдастырылған қарымта шабуылдан кейін Даниел Субашич Килиан Мбаппенің соққысына тосқауыл қойып, өз қақпасын аман алып қалды. Алайда 59-минутта француздар дегеніне жетті. Оң қанаттан Мбаппе допты Гризманға жылжытты. Поль Погбаның бірінші соққысын Субашич қайтарғанымен, екіншісінде ол мүлт кеткен жоқ - 3:1.
61-минутта француздар тағы бір гол соғып кете жаздады. Мбаппенің пасынан кейін Оливье Жиру асырған допты қақпа алдында жалғыз қалған Гризманның соғуына хорватиялық қорғаушы Брозович мүмкіндік берген жоқ. 65-минутта сол қанаттан Лукас Эрнандестің пасынан кейін Килиан Мбаппе есепті 4:1-ге жеткізді.
Бұл 19 жасар ойыншының осы чемпионаттағы төртінші голы еді. Жалпы, Франция құрамасында сайдың тасындай іріктелген жастар жетерлік. 69-минутта қорғаушы артқа берген пастан кейін Франция капитаны Льорис өрескел қателесіп, Манджукич есепті қысқартты. Бұдан кейін де хорваттар беріспей, алға ұмтылып баққанымен, француздар сауатты қорғана білді.
Осылайша соңғы айқаста 4:2 есебімен жеңіске жеткен Франция құрамасы екінші рет әлем чемпионы атанды. Хорваттар күміс жүлдені қанағат тұтты. Бұл да - олар үшін үздік көрсеткіш. Айта кетейік, бұған дейін футбол тарихында бразилиялық Марио Загало мен германиялық Франц Беккенбауэр әрі ойыншы, әрі бапкер ретінде әлем чемпионы атанса, Дидье Дешам осы нәтижені үшінші болып қайталап отыр.
Сонымен қатар Дешам бұдан екі жыл бұрын Еуропа чемпионатының финалында Португалияға жол берген еді. Екі жыл ішінде командасын қайта құрған маман әлем чемпионатында есесін қайтарды. Мұндай көрсеткішке Еуропа құрамалары ішінде ешкім жетіп көрген жоқ.