КӨК ТУЫМЫЗДЫ АЗИАДАДА ӘБІЛХАН АМАНҚҰЛ КӨТЕРІП ШЫҒАДЫ
2018 ж. 13 шілде
3169
0
Боксшы Әбілхан Аманқұл Индонезияның Джакарта қаласында өтетін XXТуVIII Жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан Туын көтеріп шығатын болды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«Маған Ұлттық Олимпиадалық комитеттен бүгін ғана қоңырау шалды. Осыған дейін байрақты көтеріп шығуға үміткерлер қатарында екенімді де білген жоқпын. Әрине, кез-келген спортшы үшін бұл үлкен бақыт! Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан байрағын маған сеніп тапсырғаны үшін қуаныштымын. Жарыс кезінде біздің көк Туымыз сан мәрте көкте желбірейтініне де сенімдімін. Барлық спортшылар жылдың басты додасына қарқынды дайындалып жатыр. Жақсы нәтиже көрсетіп, барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантамыз деген ойдамын», – дейді бұл күндері Алматы облысындағы Бүкіләлемдік бокс академиясында ұлттық құрамамен бірге жаттығу жиындарында жүрген Әбілхан Аманқұл.
Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылдың 18-тамызы мен 2-қыркүйегі аралығында Джакартада өтетін Жазғы Азия ойындарына дайындалуда. Қазақстан атлеттері 38 спорттық жарыс бойынша 25 олимпиадалық спорт түрінде сынға түспек. Барлығы 419 спортшы жарыс жолына шығады. Азия ойындарында жалпы есебі 462 медаль жиынтығы сарапқа салынады, оның ішінде 332 жүлде олимпиадалық спорт түрлерінен өз иесін таппақ. Әбілхан Аманқұл 2017 жылғы Әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері, жасөспірімдер арасындағы бірнеше турнирлердің жеңімпазы.
qazaquni.kz