Франция футболдан әлем чемпионатының финалына шықты
2018 ж. 11 шілде
3707
0
Футболдан Әлем чемпионатының жартылай финалында Франция мен Бельгия құрамалары шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін Франция 1998 жылы әлем чемпионы атанса, 2006 жылы күміс жүлдеге қол жеткізген еді. Бұдан екі жыл бұрын өз елінде өткен Еуропа біріншілігінде финалда Португалияға жол беріп, екінші орынға көтерілгентұғын. Бельгия соңғы Әлем және Еуропа чемпионаттарында ширек финалдан аса алмаған болатын. Бұл жолы тастүйін дайындықпен келген бельгиялықтар керемет ойын өрнегін көрсетіп, міне, енді жүлдеге таласуға мүмкіндік алды.
Уругвайлық Андрес Кунья қазылық еткен аса маңызды матчта Францияның бас бапкері Дидье Дешам мына сайыпқырандарына сенім артты: Уго Льорис (қақпашы әрі капитан), Бенжамен Павар, Рафаэль Варан, Самуэль Умтити, Люка Эрнандес, Поль Погба, Нголо Канте, Килиан Мбаппе, Антуан Гризманн, Блез Матюиди, Оливье Жиру.
Роберто Мартинес жаттықтыратын «қызыл сайтандар» да кіл мықты екені анық-ты: Тибо Куртуа, Венсан Компани, Тоби Альдервейрельд, Ян Вертонген, Кевин Де Брюйне, Маруан Феллайни, Аксель Витсель, Мусса Дембеле, Насер Шадли, Эден Азар (капитан), Ромелу Лукаку. Кездесу басталысымен ойын тізгінін қолына алған Бельгия құрамасы допты көбірек ұстап, барынша шабуылдап бақты.
Дегенмен 13-минутта француздардың қарымта шабуылы кезінде Килиан Мбаппе допқа сәл жетпей қалды, Тибо Куртуа дәл уақытында қақпадан шығып үлгерді. Екі минуттан кейін Эден Азардың соққысы сәл қиыс кетті. Оң қанаттан атойлаған Азардың тағы бір соққысы француз қорғаушысына тиіп, қақпадан әрі асты. Содан кейін қарбалас сәтте Альдервейрельдтің соққысын Льорис қайтарып, сэйв жасады.
Бірінші тайм соңына таман француздар ширақ қимылдап, 39-минутта Мбаппенің пасынан кейін Павардың соққан добын Куртуа аяғымен қайтара білді. Ал Гризманн орындаған айып добы ойыншылардан қайтты. Екінші тайм бельгиялықтардың шабуылымен басталғанымен, француздар 51-минутта есеп ашты. Гризманн бұрыштамадан доп бергеннен кейін Самуэль Умтити баспен қақпаға бір-ақ сүңгітті - 1:0.
56-минутта француздардың есепті еселейтіндей мүмкіндігі болды. Жиру Куртуамен бетпе-бет қалғанымен, оның соққысы қорғаушының аяғына тиді. 60-минутта Р.Мартинес Дрис Мертенсті тыңнан қосып, ол бельгиялықтардың ойынына біраз жан кіргізді. 67-минутта қарымта шабуылда Жиру тағы бір мүмкіндігін пайдалана алмады. 80-минутта Льорис Витсельдің қауіпті соққысын қайтара білді. 88-минутта Азарға қарсы тәртіп бұзған Канте ескерту алды. Кевин Де Брюйне орындаған айып добынан нәтиже болмады. А.Кунья негізгі уақытқа 6 минут қосты. 93-минутта Куртуамен жекедара шыққан Гризманға дәлдік жетіспеді. 96-минутта Толиссоның соққысын Куртуа қайтарды.
Осылайша Бельгияны 1:0 есебімен ұтқан Франция Әлем чемпионатының финалына шықты. Финалдық матч 15 шілде күні Мәскеуде өтеді. Енді Бельгия 14 шілде күні Санкт-Петерборда екінші жартылай финалда жеңіліп қалған командамен қола жүлде үшін таласатын болады. Айта кетейік, екінші финалист 11 шілде күні Мәскеуде Хорватия - Англия арасында өтетін кездесуде анықталады.