Олимпиадаға кеткен спортшыларға туыстарымен сөйлесуі үшін 30 млн теңге бөлінді
2018 ж. 31 қаңтар
8305
4
Пхенчхан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарына баратын спортшылар туыстарымен ұялы байланысқа шығуы үшін 30 млн теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Данияр Әбілғазин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Спортшыларға жеке қолдау ұйымдастырмаймыз. Дегенмен, Ұлттық Олимпиада комитеті тарапынан спортшыларға қосымша іс-сапар шығынынына қаржы бөлінді. Бұл олардың ұялы байланысты пайдаланып, еркін сөйлесулері үшін жасалды. Оған демеушілердің есебінен шамамен 30 млн теңге бөлінді», - деді ол.
Оның айтуынша, Олимпиадаға баратын қазақстандық делегациялар екі адамдық нөмірге орналасатын болады. Сонымен қатар ол Олимпиадаға ресми делегация қатарында Үкімет мүшелерінен кімдердің баратындығын да айтты.
«Бізде Мамин (Асқар Мамин - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - авт.) Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті, Қысқы Олимпиада түрлеріне жауап береді. Егер оның жұмыс кестесінде мүмкіншілік болып жатса, онда барып қалар. Мұнан басқа Мәдениет және спорт министрі мен вице-министр, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті барады», - деді Әбілғазин.
Бас хатшының сөзіне қарағанда, Олимпиадағы Қазақстан тарабынан 46 спортшы, 30 жаттықтырушы, кешенді-ғылыми топтың 10 маманы барады. Жалпы делегация құрамында 138 адам бар, оның 15-і - журналистер. Данияр Әбілғазин спортшыларымыздың допинг қолдануына жол бермеу бағытында да нақты жмұыстардың жүргізілгендігін айтты.
«Ұлттық Олимпиада комитеті Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, допинг пайдалану фактілеріне жол бермеу шараларын қабылдады. Біздің олимпиадалық команданың барлық әлеуетті кандидаттары бірнеше мәрте допинг сынағынан өтті. Әрбір спортшыдан соңғы сынама осы жылдың қаңтар айының басында алынып, Дрездендегі допингке қарсы комитетке жіберілді», - деді комитеттің бас хатшысы.