Жансая Әбдімәлік шахматтан басқа қандай спортпен шұғылданатынын айтты
2017 ж. 29 қараша
2561
1
Шахматтан Әлем чемпионы Жансая Әбдімәлік сайыстарда ұзақ уақыт шыдап отыру үшін жүзумен айналысатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Жансая Әбдімәлік жақында Италияның Тарвизио қаласында 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында қалай жеңіске жеткенін баяндады.
Айта кетейік, Жансая аталған әлем біріншілігінде қажетті 11 ұпайдың 9,5-ын жинап, жеңіс тұғырынан көрінді. Жансаяның айтуынша, бұл жеңісі оған 2018 жылы әйелдер арасында өтетін әлем чемпионатына қатысуға жол ашқан.
«Тарвизио қаласында өткен сайыс өте күрделі болды. Соңғы турға дейін аянбай айқасуға тура келді. Турнирге қатысушылар арасында мен рейтинг бойынша үздіктердің бірі болғаныма байланысты қарсыластарым маған бар күшін жұмсады. Бірақ мен бұл сайысқа жарты жыл тыңғылықты дайындалдым», - деді Жансая Әбдімәлік.
Журналистердің сұрағына жауап берген спортшы үлкен сайыстарда шахмат тақтасы алдында ұзақ уақыт тапжылмай отыруға не көмектескенін айтып берді.
«Мен жүзумен айналысамын. Оның көмегі зор. Күнде барамын, жаттықтырушым бар, 1,5 сағат жүземін. 2015 жылы әлем чемпионаты алдында мен ауырып қалып, жүзуге бара алмадым. Соның кесірінен мен сайыстың соңына қарай шаршап жүрдім. Соңғы турда тіпті қатты шаршадым. Егер мені түн ортасында оятып мына ойынды қалай аяқтар едің десе, айтып берер едім, бірақ әлсіздіктен мен соңғы ойында қиналдым. Кофе де іштім, шоколад та жедім», - деді спортшы.
Жансая сонымен қатар, үлкен сайыстан кейін қалай демалатынын айтты.
«Мен үлкен сайыстан кейін шахмат туралы ойламауға тырысамын. Ән тыңдап, таза ауада серуендеймін», - деді ол.
Айта кетейік, Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясы Қазақстан чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алған. Аталған чемпионат 2018 жылдың 4-16 қаңтары аралығында Алматыда Қазақ-британ университетінде өтеді. Оған барлығы 500 спортшы қатысады. Сайысқа Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері Айша Закирова, Әмина Қайырбекова, Меруерт Камалидинова, Әмел Серікбай, Назерке Нұрғали сынды үздіктер қатысады.