ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ КЕМЕЛ ҒИМАРАТТАР АЛМАТЫДА
2017 ж. 07 қараша
5633
0
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан, спорттың бұқаралық сипатын дамыту - мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі» - деген болатын.
Әлбетте халықтың ойы сергек, дені сау болуы үшін спортпен шұғылдануды басты назарда ұстауымыз керек. Яғни спорттың қай түрі болсын, айнымас серігімізге айналғанда ғана біз салауатты өмір салтын қалыптастыра аламыз. Ол үшін әрине, спорт нысандары көп болуға тиісті.
ЕЛ АБЫРОЙЫН АСЫРҒАН «АЛМАТЫ АРЕНА»
Биылғы жылы Алматы төрінде өткен XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындары әсем Алматымызда жаңа нысандардың бой көтеріп, одан сайын ажарлана түсуіне жол ашты. Солардың бірі – «Алматы Арена» мұз сарайы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Алматы қаласына арнайы алдын ала келіп, жаңа нысандардың дайындық барысымен мұқият танысқаны да есімізде. Мұның барлығы өз кезегінде ауқымды шараға деген мұқияттылықты аңғартса керек-ті. Әлемнің назарын өзіне аудартқан Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты «Алматы Арена» мұз сарайында дүркіреп өтті. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген шетелдік спортшылар мен қонақтар және жер-жерден ағылған өз отандастарымыз әсем сарайдың сұлулығына таңдана қарасып, асқан ыждахаттылықпен тамашалады. Жұрттың барлығы аузының суы құрып таңдай қаққан, бүгінде еліміздің денешынықтыру және спорт аласының дамуына елеулі үлесін қосып келе жатқан ғимаратқа кеңірек тоқтала кетсек артық болмас. Осынау алып кешеннің жобасын отандық «Стройтекс» компаниясы» ЖШС жасаса, құрылысын «Базис-А» компаниясы жүргізді. «Алматы Аренаның» өзге нысандардан басты ерекшелігі – кешеннің ғимараты әдеттегі қолданыстағы ангарлық типтегі спорт нысандарына мүлдем ұқсамайтындығында. Сонымен қатар, қаланың, әсіресе, түнгі уақытта айрықша әсем көріктендірушілердің бірі болып табылатындығында. Сондай-ақ, сарайдың сәулеттік түпкі ойы әйнек пен бетонда ерекше көрініс тапқан. Атап айтқанда, кереге, көк мұз, мұздағы өрнектер сияқты көркемдік бейнелердің синхрондық үйлесімін бейнеуі көңілге ерекше бір сергектік сыйлайды. Оның мәніне тоқталар болсақ: «Кереге» – киіз үй конструкциясының бір бөлігі. Бұл көшпенділердің түсінігінше төрткүл дүниенің шағын көрінісі болып табылады. Сонымен қатар, халықтың әлемнің барлық құрылымына деген көзқарасын айғақтайды. Ал, мұз болса: қатып қалған судың динамикасы. Бұл рух беріктігі мен ниеттердің мызғымастығын білдірсе керек-ті. Мұздағы өрнектерге зер сала қарайтын болсақ, спортшылардың конькилерінен қалған іздерді байқайсыз. Көркемдік бейнелер осылайша тұтас бір мәдени-эстетикалық композицияға ұласып, мұз аренасының әдемі бір сәулетін құрап тұр. Кез-келген жанды таң-тамашаға қалдыратын бұл арена үш блоктан тұрады. Тарқатып көрсек, «А» блогы – 12 000 көрермен орындарына арналған әмбебап спорттық-көріністік мұз аренасы. Ал, «Б» блогы болса – дене шынықтыру-сауықтыру кешені орналасқан жаттығу мұз айдыны. «В» блогы – жүзу бассейні. Қазақ елінің абыройын асырған Универисада ойындарына Елбасымыздың өзі айрықша мән беріп қарағанын жақсы білеміз.Сондықтан болса керек шараға деген дайындық жұмыстары да тыңғылықты жүргізілді. Универсиаданың ең басты нысаны болған «Алматы Аренаның» құрылысы 2 жылда аяқталды. Бұл дегеніңіз рекордтық мерзім. Оның үстіне алып ғимарат жер сілкінісіне де төтеп берерлік қауқары бар бірегей қауіпсіз нысан болып табылады. Яғни, арена сейсмикалық тұрақтылық жағынан 10 баллға есептелген бірегей құрылым. Кешен іргетасының монолиттен жасалуы да ешқандай деформациялық жігі жоқ екендігі көрсетеді. Ару Алматының ғана емес, еліміздің маңдайалды әрі мақтанарлық бірегей нысаны ретінде «Алматы аренаны» тұрғызу барысында айрықша көңіл бөлінген-ді. Жобалау және жоспарлау кезінде «Айсберг», «Хартвалл арена», «Жаңа арена», «О2» секілді әлемнің озық үлгідегі заманауи спорттық нысандардың құрылыс жұмыстары мен қолданысқа беру тәжірибелері қолданылды. Универсиада үшін әдейілеп тұрғызылған бұл нысан халықаралық деңгейдегі ауқымды спорттық іс-шараларды өткізуге таптырмас орын. Тарқатып айтар болсақ, «А» негізгі блогында жаттықтырушылар мен жарыс төрешілеріне арналған арнайы орын қарастырылған. Ал, спортшылар үшін барлық мүмкіндіктер бар. Атап айтқанда, 14 киім ауыстыратын бөлме, допинг-бақылау сынамаларын тапсыру және сақтауға арналған бөлмелер бар. Сонымен қатар, сұлулықтың символына айналған спорт түрі мәнерлеп сырғанау қатысушылары үшін гримдеу бөлмелері жұмыс істейді. Мұз сарайы болғандықтан мұздың сапасы да басты назарда. Яғни мұнда мұздың жоғары сапасын 4 жоғары өндірістік мұз тазалайтын көлік қамтамасыз етіп тұрады. Кешен әлемдік масштабтағы ірі жарыстарды өткізуге арналғандықтан, әрбір шара сайын мұнда көрермендердің жалпы саны 1 миллиардтан астам адамды құрайтындықтан журналистердің жоғары сапада жұмыс істеуіне де қолайлы жағдай жасалған. Сарайдың жанында жылжымалы телевизиялық стансаларға арналған арнайы алаң орналасқан. Сонымен қатар, «Алматы Аренада» журналистерге арналған ложа, комментаторлық кабиналар, баспасөз орталығы және бірнеше микс-аймақтар жұмыс істейді. Алыстан көз тартатын еңселі ғимараттың солтүстік және шығыс жақтарында 2 аялдамалық кешен бар. Сондай-ақ, нысан көшелік және жерастылық тұрақтармен қаматамсыз етілген. Сонымен қатар, «Алматы Арена» қонақтарға да жоғары сапада қызмет көрсете алады. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Мұндағы әрбір келушіге қолайлы болуы үшін кешеннің үш қабатында да арнайы тамақтанатын орындар орналасқан. Мәселен, А блогында 2 футкорт, 4 буфет және 2 кафе, Б блогында 1 кафе, 1 буфет орналасқан. Көрермен орындары әртүрлі секторларға бөлініп жасалған. Олимпиялық отбасы секторы мұнда өткізілетін халықаралық спорттық шаралардың қатысушыларының отбасы мүшелеріне арналып әдейі жасалған. FISU және халықаралық спорт федерациялар басшылығының секторлары, VIP-секторлар кез-келген жанның талғамынан шығатын орындар болып табылады. Анығырақ айтқанда, барлық халықаралық талапқа сай салынған Алматы арена ең жоғарғы стандарт бойынша жабдықталған. Қауіпсіздік мәселелеріне аса қатты мән берілген бұл кешенді әлемнің ең жақсы өндірушілері концерттік дыбыс пен концерттік жарық орнатуды да басты назарға алған. Келушілер үшін жасалған мұндай жағдай спорттық іс-шаралардан ұмытылмас әсер алатындығын дәлелдей түссе керек. Спорт кешенінің басты ерекшелігі – оның көп функционалдылығында. Алматы Аренада болашақта мұз үстіндегі жарыстардан басқа да іс-шаралар өткізуге болатындай етіп жобаланған. Хоккей корты көптеген ойындарға яғни, волейбол, баскетбол, футзал, күрес, бокс және т.б жеке спорт түрлеріне өзгертіле алатындығында. Ол үшін мұз бетінде спорттық жабынның арнайы технологиясы қарастырылған. «Алматы Аренада» тек қана мұз ареналары емес, сондай-ақ, заманауи фитнес орталықтары да жұмыс істейді. Атап айтқанда, әртүрлі спорт түрлерімен айналысуға арналған 7 кең зал мен балалар мен ересектерге арналған екі бассейн бар. Өздері қалаған спорт түрімен қолайлы уақытта айналыса алатындығының өзі – Алматы қаласының тұрғындары үшін таптырмас мүмкіндік. Қала тұрғындары балалы отбасылар, жастар міндетті түрде өзіне ұнайтын спорт түрлері: конькиде сырғанау, хореография, би, бокс, күрес, үстел теннисі, жаттығу залдары, бассейндер, фитнес, СПА және басқаларымен айналысуларына әбден болады. Абонемент, бір рет қатысу, демалыс күнінің отбасылық бағдарламалары, ашық есік күндері және қолжетімді баға бойынша өздеріне қолайлы форматта таңдай алады. «Алматы Арена» мұз сарайы – функциясы мен техникалық жабдықталуы бойынша әлемдегі ең кемел құнды ғимараттардың бірі. Бұл, алматылықтар үшін ғана емес, барша қазақ жұрты үшін зор мақтаныш.«ХАЛЫҚ АРЕНА» – КӨП ФУНКЦИЯЛЫ СПОРТТЫҚ КЕШЕН
Алматыға Универсиаданың тартуындай болған келесі бір алып нысан – «Халық Арена» мұз сарайы. Аталған спорт кешені 3 мың орынға есептелген. Мұз Аренасы – көп функциялы спорттық кешен. Сонымен қатар, 300 орындық шағын арена да бар. Арена мұз жабындыларын алып тастап, волейбол, баскетбол, мини-футбол алаңдарына айналдыру мүмкіндігі ескеріліп салынған. «Халық Аренаның» аумақтық жалпы ауданы – 10,9295 га болса, құрылысының жалпы ауданы – 20 293,5 шаршы метр. Ал атлетикалық қалашығынан арақашықтығы – 18,5 км қашықта жатыр. Нысан Медеу ауданында Талғар даңғыл жолы мен Құлжа даңғыл жолының қиылысында орналасқан. Қазіргі таңда «Халық Аренаны» қалалық хоккей командаларының ойын алаңына, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, сондай-ақ тұрғындардың жаппай сырғанау орталығына айналған. Кешен концерттер, көпшілік мәдени іс-шаралар өткізуге лайықталып, қазіргі заманғы жарық және дыбыс құрылғыларымен толыққанды жабдықталған. Универсаиада алауы жағылардан бұрын Елбасы спорт ғимаратының қызметімен танысып, кешен аумағын аралап, көп функционалды мұз айдынының қолданылу перспективасымен толығырақ танысты. Мұндай алып нысандардың егемен еліміз үшін берері мол екендігін атап өтіп: «Қазақстан өзін спорт державасы ретінде таныта білді. Бұл жетістіктермен шектелмеу керек. Спорттағы еліміз бағындырған биіктердің деңгейін бұдан әрі көтере түсу қажет. Мемлекет халықтың денсаулығына баса көңіл бөліп отыр. Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындық барысында заманауи спорт ғимараттары салынды. Ол көпшіліктің, әсіресе балалар мен жастардың спортпен шұғылдануына қосымша серпін береді», – деді Мемлекет басшысы. Әлемдік додаларда жеткен жетістіктерімен, жоғарыда біз тілге тиек еткен алып ғимараттарымен біздің еліміз Елбасы айтқандай спорттық державаға айналып үлгерді. Ендігі жерде Қазақ елінің есімі бүкіл әлем жұртшылығына мәлім. Біздің түйгеніміз: Мемлекет басшысының осынау сөзі өскелең ұрпаққа тың серпін беріп, оларды спортқа қарай жетелей түсері анық. Спортпен шұғылдануға зор мүмкіндік сыйлап тұрған осындай алып ғимараттарды күн де көріп жүріп, оған бас сұқпайтын жан болмас сірә. Өз кезегінде бұл алматылықтарға берілген үлкен мүмкіндік. Осыны әрбіріміз тиімді пайдалана білсек нұр үстіне нұр болары анық. Ендеше елімізде спорт және денешынықтыру саласының одан әрі дами түсуіне өзіндік ықпалын тигізетін осындай алып нысандардың қатары күн санап көбейе берсін деп тілейік. Ақтолқын ОРЫСБАЙҚЫЗЫ qazaquni.kz