Мақсат ҚИҚЫМОВ: ҚАЗАҚ КҮРЕСІН ДАМЫТУ – БАРШАМЫЗҒА ОРТАҚ ІС
2017 ж. 13 қазан
4014
0
Әлемдік жарыстарға жолдама алып, қазақтың атын әлемге танытып жүрген ұлттық спортымыз - қазақ күресі күн санап қанатын кеңге жайып келеді. Оған Алматы қалалық «Алатау» Қазақ күрес федерациясының да қосқан өзіндік үлесі бар екені белгілі. Күні бүгінге дейін қарқынды істер атқарып келе жатқан федерацияның жұмыс барысымен жете танысу үшін Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы, «Алатау» Қазақ күрес федерациясының вице-президенті Мақсат Қиқымовпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық.
– Мақсат Сәкенұлы, әңгімемізді «Алатау» Қазақ күрес федерациясының тыныс-тіршілігінен бастасақ...
– «Алатау» Қазақ күрес федерациясы құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да, қазақ күресінің дамуына шама шарқынша үлес қосып, бұл тұрғыда ауқымды істердің атқарылуына мұрындық болды. Ұлттық спортымыздың көсегесін көгерту жолында жүргізілген жүйелі жұмыстардың басы-қасында Алматы қаласының әкімі, «Алатау» Қазақ күрес федерациясының президенті Бауыржан Байбек жүргендігін айтуға тиіспіз.
Дегенмен, Алматыдай алып шаһарда қазақ күресінің жұмысын бірден дөңгелетіп әкету біз үшін де оңайға соққан жоқ. Қазақ күресі барша қазақтың рухын көтеретін спорт түрі болғандықтан оны ел ішінде кеңінен насихаттау біздің азаматтық борышымыз. Сондықтан да бұл бастамаға жауапкершілікпен қарадық.
Жүйелі жүргізілген жұмысымыздың бір парасы ретінде ҚР Президентінің жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне іріктеу жарысы – «Алматы Барысы – 2017» қазақ күресінің турнирін өте жоғары деңгейде өткізгенімізді атап көрсетуге болады.
Өте тартысты өткен белдесулерде балуандар жеребе бойынша кілемге шығып, үш айналымнан соң жартылай финалға төрт балуан шықты. Олар – Руслан Әбдіразақов, Әлімжан Жұмахметов, Виктор Демьяненко, Дәурен Нұралинев. Жартылай финал белдесулерінің нәтижесі бойынша ақтық белдесуге Руслан Әбдіразақов (119 келі) мен Дәурен Нұралинев (130 келі) шықты. Балуандар алғашқы минуттардан ұпай бөліскен белдесудің ортасында қарсыласына «таза жеңіс» әдісін жасаған Руслан Әбдіразақов жеңіске жетті. 2017 жылғы «Алматы Барысы» атанған Р.Әбдіразақовқа бас жүлде – «Алтын белбеу» мен «Лада Гранта» автокөлігі берілді. Екінші орын алған Дәурен Нұралинев «Күміс белбеу» және 200 мың теңге ақшалай жүлдемен марапатталды.
– Қазақ күресі Азия ойындарының бағдарламасына енгенін білеміз. Өз кезегінде бұл айтулы жаңалық сіздердің жұмыстарыңызға жаңа леп әкелген болар...
– Күні кеше Түркіменстанның астанасы Ашхабад қаласында жабық кешенде өткен 5-жазғы Азия ойындарына әлемнің алпыстан астам елінің спортшылары қатысқаны белгілі. Он күнге созылған осынау додаға Азия құрлығының ғана емес, мұхит аймағындағы елдер де спортшыларын қатыстырды. Түркімен жеріндегі айтулы дода кезінде ұлттық спортымыз – қазақ күресінен бірнеше елдің балуандары бақ сынады. Бұл біздің еліміз үшін үлкен мәртебе, үлкен қуаныш.
Сонымен қатар, Азия ойындары – олимпиадаға басар баспалдақтың бірі. Әлем көз тіккен Ашхабадтағы дүбірлі дода барысында еліміздің намысын қорғаған балуандарымыз бізді жерге қаратпады. 70 келіде Қасымхан Төленбай, 90 келіден ауыр салмақ дәрежесінде Айбек Нұғымаровтар алтыннан алқа тағынып, абыройымызды асқақтатса, 90 келіде Әділжан Ыстыбаев қоланы місе тұтты. Бұл жеңіс біздің еліміз үшін үлкен мәртебе.
Қазақ күресі Азия ойындарына енді, келесі мақсат – Олимпиада ойындарына шығу. Бұл биік межеге қол жеткізу үшін де тындырымды тірліктер атқарылуда. Мәселен, Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығы 2004 жылдан бері қарай әлемнің 50-ге жуық елінде қазақ күресінің федерацияларын ашып, сол елдерде насихатталуына күш салып келеді. Жұмыс үдерісі осы қарқынынан таймаса, алдағы уақытта қазақ күресі де Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілуі әбден мүмкін.
– «Қазақ күресі» деген атау әлемдік жарыстарда біршама кедергі келтіретіндіктен, Дүниежүзілік қазақ күресі Федерациясының президенті Ислам Әбішев мырза ұлттық спорт түрінің бұл атауын ауыстыру қажеттігін айтқан болатын. Сіздің бұған деген көзқарасыңыз қандай?
– Бұл тұрғыда түрлі пікірлер айтылып жүр ғой. Бірі қазақ күресі деген өзінің дәстүрлі атауын құптаса, енді бірі жаңа атаумен алмастыру қажеттігін алға тартады. Ал мен көптен бері «Номад» деп атауды жөн көріп жүрмін. Бұл сөз көшпенділер деген мағына береді.
– «Алатау» Қазақ күресі федерациясының атынан ел намысын қорғап келе жатқан балуандарды тілге тиек етсеңіз екен...
– Біздің балуандар аз уақыттың ішінде көптеген турнир мен жарыстардың жеңімпаздары атанған болатын. Әрқайсысының жетістіктері – Алматы қаласының жетістігі деуге толық негіз бар.
Атап өтсек, өткен жылы балуандарымыз Тараз қаласында «Қазақ күресі федерациясының кубогы» турнирінде, 8 салмақ дәрежесінде бетпе-бет ережелеріне сәйкес тұңғыш рет түбегейлі жеңіске жетіп, 10 миллион теңгені қанжығасына байлады.
Сондай-ақ, командамызда Қазақстан барысы сынды танымал турнирде Алматының намысын қорғаған Бауыржан Қабай және «Көрермендер көзайымы жүлдесінің» иегері атанып, бір миллион теңге қанжығасына байлаған Виктор Демьяненко, қола және күміс жүлдегері атанған Руслан Әбдіразақов, Әлем чемпионы атанған ағайынды Қырғызбаевтар, Әлем кубогының және Ашхабадта өткен жабық Азия ойындарының жеңімпазы Түленбай Касымхан және т.б. балуандарымыз қазақ күресінің беделін көтеруге үлестерін қосуда.
Атап айтсақ, бұл жетістіктер командамыздың Келдіқұлов Ғани және Талип Бауыржан сынды бапкерлеріміздің арқасында. Бұл кісілердің жеңімпаз спортшыларды дайындауда сіңірген еңбектері зор.
Қазақ күресін жапонның дзюдосы секілді олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу үшін атқарар шаруа қыруар, арқалар жүк өте ауыр. Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығы атқарылып жатқан жұмыстарын дәл осындай қарқынды түрде жалғастыра беретін болса, қазақ күресі де Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілуі әбден мүмкін.
– «Алатау» қазақ күресі федерациясының алдағы жоспарымен бөліссеңіз...
– Жақында «Алматы арена» стадионында қазақ күресі бойынша студент-жастар арасында алғаш рет «Арландар сайысы» Республикалық ашық турнирі өтпек.
Турнирге Астана, Алматы қалалары мен 14 облыстан 96 күрескер қатысады деп күтілуде. Ашық турнир ережесіне сәйкес арландар сайысына 18 бен 29 жас аралығындағы ЖОО студенттері және спорт клубтарының жас спортшыларының қатысуына рұқсат етілген.
Спортшылар олимпиада жүйесі бойынша үш салмақ категориясында (-60 кг., -74 кг., +90 кг.) күреседі. Әр салмақ категориясының жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтар, медальдар және грамоталармен марапатталады. Сонымен қатар, - 60 кг салмағындағы спортшыларды көтеру және қолдау мақсатында жеңімпазға жеңіл автокөлік сыйға тартылмақ. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен 2017 жыл «Жастар жылы» деп жарияланған болатын. «Арландар сайысы» ұлттық спортты жастар арасында насихаттау арқылы патриоттық сезімді дамыту, халықаралық аренада қазақ күресінің беделін жоғарылату, орта және жеңіл салмақты күресшілердің шеберліктерін шыңдау мақсатында жүзеге асырылмақ.
Республикалық турнирдің ашылу салтанатында көрермендер назарына қазақ күресінің пайда болу және даму жолын сипаттайтын театрландырылған қойылым ұсынылады.
Алдағы уақытта әлемдік аренаға шығып, қазақ күресінің беделін шет елдерде көтерсек деген ойымыз бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Ақтолқын ТӘЖІКОВА
qazaquni.kz