ҚАЗАҚ КҮРЕСІ ӘЛЕМДІК ЖАРЫСТАРҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ
2017 ж. 18 қыркүйек
2993
1
Қазақ балуандары Түркіменстан астанасы Ашхабадта басталған жабық кешендегі 5-ші Азия ойындарына кірісіп кетті. Мұнда ONOC (Океания Ұлттық Олимпиада комитеті) және Азия мемлекеттері өкілдерінің спортшылары тартысқа түседі.
Бұл жөнінде осынау дүбірлі жарыс алдында Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының бірінші вице-президенті Серік Түкеев мәлімдеген еді:
– Бұл «Ақ түйенің қарны жарылды» дейтіндей, аса бір қуанышты сәт, – деді Серік Адамұлы. – Қазақ күресін Азия ойындары құрамына кіргізу қаншама жылдардан бері асқақ арманымыз болатын. Міне, сол күнге де жеттік. Ал аталмыш сайыстардың «Океания – Азия» деген атының өзінен-ақ, мүнда тек көршілес мемлекеттер ғана емес, бүкіл әлем елдерінің спортшылары қатысатыны әйгіленіп тұр. Ашхабад ойындарына алпыс бес мемлекет өкілдері бас қосады деп күтіледі. Оның ішінде Австралия, Африка құрылықтарының сайыпқырандары да күш сынаспақшы. Шынын айтқанда, тартыстың оңайға соқпайтыны да түсінікті. Азия балуандары қашаннан өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүргені мәлім. Атап айтсақ, өзбек, тәжік, иран балуандары көптеген дүниежүзілік чемпилонаттарда жүлдені қолдан бермей келе жатқан елдер. Бұл жолғы жарысқа жапон балуандары да келмекші. Ежелден самбо, дзюдо күресінен ысылған жігіттер қазақ күресін өте тез игереді. Дегенмен, біз де осал емеспіз. Дайындығымыз жақсы, ел намысын бермей, жоғары деңгейден көрінетінімізге сенім мол. Біз бұдан он жылдан аса, дәлірек айтсақ, 2004 жылы Германияның Берлин қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығын құрғанбыз. Сондағы басты мақсатымыз – қазақ күресін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу. Осы межеге жету жолында қыруар жұмыс атқарылды. Қазақ күресінен Азия чемпионаты он бір мәрте өткізілді, Еуропа біріншілігін де бірнеше елде өткіздік. Әлем чемпионаты алты рет ұйымдастырылды. Африка чемпионаты да жоғары деңгейде өтті. Жастар мен жасөспірімдер арасында әлем біріншілігі өткізілді. Қазақ күресінің, ұлттық спортымыздың жанашыр азаматтарының арқасында, солардың игі жоспарымызды қолдап, демеуінің нәтижесінде осындай жарыстарды ұйымдастырдық. Бұл жағынан, президентіміз Ислам Әбішев келешекке де өте ауқымды жоспар құрып отыр. Келесі жылы жалпы Индонезияда Азия ойындары өтеді. Ал ең басты мұрат – 2020 жылы Жапонияда өтетін Олимпиадаға қатысу. Алдағы уақытта қанатты мейлінше кең жайып, Қазақ күресін әлемдік дәрежеге көтеруді көздейміз.
Жанпейіс Қобыланов, профессор:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бірде «Қазақ күресін қалайда дүниежүзілік деңгейге жеткізуіміз қажет!» деп тапсырма берген еді. Біздің бірінші міндетіміз сол межеден көріну. «Илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы дегендей», ұлттық мүдде қашанда ортақ. Жалпы, бұл бағытта жоспар көп. Жаңа біразын Серік Адамұлы жақсы айтып кетті. Әрине, қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң сәттер де болмай қалмайды. Оның бәрін үлкен сапар алдында айтып жатпай-ақ қояйық. Ислам Әбішев бастаған жетекшілеріміз бұл бағытта маңдай терді аяп жатқан жоқ. Ендігі басты міндет – Ашхабадта өтетін алдағы тартыста ойдағыдай нәтиже көрсетіп, көк байрақты биікте желбірету.
Әзиз Тастанбеков, профессор, Қазақстаның бірнеше дүркін чемпионы, қазақ күресінің жанашыры:
– Көкпар десе, Қазақ күресі десе айрықша рухтанып, тақым қыспайтын қазақ жоқ. Біз де әрдайым елеңдеп, рухтанып отырмыз. Күреспен бала кезден айналыстық. Еркін күрестен де, классикалық күрестен де, оның ішінде қазақ күресінен де спорт шебері болдық. Дегенмен, осы ұлттық спорт түрінің көптен кенжелеу қалып келе жатқаны рас еді. Баяғыда ел ішінде жылына бір мәрте жарыс ұйымдастырылса, қатты қуанатын едік. Иә, Қазақ күресі қақпайды көп көрді. Ертеректе, Оңтүстік Қазақстан облысында, Жетісайда Қазақ күресіне жанашыр ағаларымыз он-жиырма жылда бір рет болсын, жарыстар ұйымдастыратын. Соған ел ауыл-ауылдан ағылып келетін еді. Ол іс-шара үлкен тойға ұласатын. Енді сол бірталай теперішке түскен Қазақ күресінің бағын Ислам Әбішев пен мына Серік інілеріміз бастаған азаматтар ашып, ұлттық ойында әлемдік деңгейдегі дүбірге қоса бастады. Елім, халқым деген осынау еңбектері адал жігіттер аман болсын. Енді Қазақ күресін олимиадаға қосуды діттеп отыр. Ол күннің келетініне де кәміл сенемін...
Ал Ашхабадтағы 5-ші Азия ойындарына үш салмақ категориясы бойынша Қасымхан Түленбаев (70 кг), Әділжан Ыстыбаев (90 келі) және Айбек Нұғымаров (+90 кг) аттанды.
qazaquni.kz