Астана марафонына қатысуға мыңнан астам адам тіркеліп үлгерді
2017 ж. 22 тамыз
2098
2
«ЭКСПО-2017» аясында өтетін ШЫҰ мен АӨСШК халықаралық марафоны 2017 жылдың 27 тамызында таңғы сағат 07:30-да басталады. Бұл туралы ҚР Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Марафонның маршруты Астананың басты көшелерін қамтиды.
Ал, 10 шақырымға жүгіретіндердің старты сағаты 08:00-де басталады. Олар Mega Silk Way сауда орталығынан бастап, Қабанбай батыр, Ұлы дала, Мәңгілік ел, Керей және Жәнібек көшелерінің бойымен жүгіреді.
Сондай-ақ, 2017 метрге жүгіретіндердің старты 08:30-ға жоспарланған.
Еске сала кетейік, Астана халықаралық марафонына қатысушыларды тіркеу 15 шілде күні басталған болатын. Қазіргі кезде 1000-нан астам адам тіркеліп үлгерді. Тіркеу жұмыстары 26 тамызға дейін жалғасады. (http://scomarathon2017.com).
Қатысушыларға жүгірер алдында бастапқы пакеттер таратылып беріледі. Оның ішінде арқаға асатын сумка (рюзак), әрбір адамға жеке нөмірі көрсетілген жейде бар.
Сонымен қатар, 42 шақырымға жүгіретіндер 5 мың теңге, 10 шақырымға жүгіретіндер 3 мың теңге жарна төлеуі тиіс. Ал 2017 метрге жүгіретіндер, мүмкіндігі шектеулі жандар және зейнет жасындағы кісілерге қатысу тегін.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше,
42 шақырым 195 метр марафонының жалпы жүлде қоры 60 мың долларды құрайды. Егер спортшы аталған қашықтықты 2 сағат 20 минутта жүгіріп өтетін болса, 13 мың АҚШ долларына ие болады. Әйелдер бұл қашықтықты 2 сағат 40 минутта жүгіріп өтсе жеткілікті. Мәреге 2 сағат 20 минутта емес, одан сәл кешірек келіп, бірақ жеңімпаз атанатын болса, 7 мың долларға қол жеткізеді. Жалпы, 9 ер, 9 әйел спортшыға дейін ақшалай сыйақы қарастырылған. Ал 10 шақырым және 2017 метрге жүгіретіндерге демеушілер тарапынан бағалы жүлделер тағайындалған.
Еске сала кетейік, Astana EXPO-2017 көрмесі аясында өтетін халықаралық ШЫҰ және АӨСШК марафонына 5 мың адам қатысады деп күтілуде. Оның ішінде мың адам шетелден келмек. Сондай-ақ ШЫҰ-ның әрбір елінен 30 кәсіби спортшы тарту көзделген.
Марафонның бағдарламасы:
25 тамыз: 16.00 – 22.00 аралығында бастапқы пакеттер таратылады
25 тамыз: 14.00 – 20.00 аралығында бастапқы пакеттер таратылады
27 тамыз: 05:00-06:30 – бастапқы пакеттер таратылады
6.30 – 7.00 – аралығында кәсіби нұсқаушылардың қатысуымен бұқаралық жаппай жаттығу өтеді.
qazaquni.kz