Қазақстан тарихында алғаш рет паралимпиада ойындарының алтынын жеңіп алды
2016 ж. 09 қыркүйек
1878
0
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Паралимпиада ойындарының бірінші күні Қазақстан қоржыны алтын медальмен толықты. Бұрын соңды ел спортшылары мұндай жетістікке жетіп көрмеген.
Зульфия Ғабидуллина тек жеңіске жетіп қана қоймай, 100 метрлік қашықтыққа еркін стильде жүзуден жаңадан әлемдік рекорд орнатты.
Ол – әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия Паралимпиада ойындарының әрі әлемнің алты дүркін чемпионы. Жүзуден әлемдік рейтингте алдына қара салмайтын сегіз спортшының бірі. Айта кетейік, күн ілгері Рио-2016 паралимпиадасының салтанатты ашылуы болған еді. Сайыпқыран спортшымыз жарыстың алғашқы күндерінде-ақ Қазақстан құрамасының қоржынына алтын салып отыр.
Биыл Риода 22 спорт түрі бойынша 528 паралимпиада медалі сарапқа түседі. Қазақ елі алғаш рет биыл 5 спорт түрі бойынша 11 атлетті додаға қосып отыр. Оның ішінде - жүзу, дзюдо, пауерлифтинг, жеңіл атлетика және садақ тарту бар.