Елдің ертеңін ойласақ
2011 ж. 22 ақпан
1558
0
Спорт – халықаралық достықты жақындататын, елдің экономикалық қуатын әйгілейтін, абыройын асқақтататын, халықтың денсаулығы мен сапасын көрнектілендіретін, ұлттың рухын көтеретін мәдени, рухани шаралардың бірі.
Еліміз 7-кезекті қысқы Азияданы қабылдап, оны жоғары деңгейде өткізу арқылы жас та жарқын еліміздің тамырын тереңге жайған тарихын, бай да мазмұнды мәдениетін, экономикалық күш-қуатын, салауатты өмір салтына деген құлшынысын, әлемдегі озық елдер қатарына қарай беттеген ұмтылысын күллі әлемге жар сала жарнамалады. Сөйтіп азияданы жоғары деңгейде ұйымдастырып, құрылғылары мен спорт алаңдарын заманға сай жабдықтап, жарыс барысында жоғары өреде өнер көрсетіп, өзін әлемге әйгілеп, әлем назарын өзіне аудара білді. Оған Азиада олимпиадалық комитетінің басшысы Шейх Ахмад Әл Сабах Әль Фахад мырза мен халақаралық олимпиадалық комитетінің басшысы Жак Роггенің елімізде өткен осы кезекті Азиадаға қатысуы және оған жоғары баға беріп, 2020 жылдар ішіндегі қысқы Олимпиаданы өткізу мүмкіндігінің бар екендігін айтуы айғақ. Бұл сөзсіз өзін қазақпын деп санайтын әрбір азаматтың жүрек түкпірінде сақталатын шаттық жыры, еліміз тарихында алтын әріптермен жазылатын абыройлы шаруа. Мен еңбек жолымды спорт журналисі болып бастағандығым себепті еліміз спортшылары қатысқан ірі-ірі жарыстарды экран алдында мүмкіндігімше қадағалай қарап, спортшыларымыздың әттеген-ай, мүлт кеткен кездеріне сан соғып, жетістіктеріне желпініп, қолыма қалам алатын қарапайым көрерменмін. Айта кетсем, сонау Сидней Олимпиадасында еліміздің әнұранын асқақтатып, көк туын Сидней көгінде желбіреткен інілерім Ермахан Ибрагимов пен Бекзат Саттархановтарға: Ермаханым, Бекзатым қос қанатым, Жасадыңдар сендер ерлік дара тың. Тастан қашап салдыңдар-ау сара жол Олимпикке інілерің баратын, – деп жүрегім жарыла қуандым. Ережесіз бокстың жекпе-жегі Марат Мәзімбаев Алматыда өткен Кубалық боксшымен жекпе-жекке шығып оны күрзідей ауыр жұдырығымен сұлата жыққанда: Маратым, марапатым, мақтанышым, Өзіңмен нұрлы елімнің ақ таңы шын. Қазақты тағы әлем бір таныды-ау, Алдыңда жекпе-жегің жатқаны үшін. Сыйлайды ер еңбегін сыйласа адам, Аз шығар адам берген сый да саған. Орныңнан тік көтеріп үй сыйлады, Ұлт жанды нән жүректі Имаш ағам, -деп Марат ерлігімен қоса ұлттың рухын көтерген, ер еңбегін елеусіз қалдырмаған шенеуніктеріміз Иманғали Тасмағанбетовтың да алтын жүректі азамат екеніне шынайы сүйсіндім. Халқымыз тағдыр талқысына түсіп, тарыдай тарап кеткен ұлттардың бірі. Шеттегі көп бөлігінің бірі Қытай Халық Республикасында. Ондағы қандастарымыз сол елде елдің заң жарлықтарына саналы түрде бойсынып, өздерінің тілін, ділін, дінін, болмысын сондағы басқа халықтармен береке-бірлікте өмір сүре жүріп, таза күйінде сақтап келеді. (Әрине соңғы мезгілдегі ұлттық мектептерді қос тілге көшіруді есепке алмағанда). Олардың тағдыры дүниенің түкпір-түкпіріндегі қандастарының тағдырымен біте қайнасқан. Әсте ұйғыр зиялысы Қаһарман Қожамбердінің шеттегі қазақ пен іштегі қазақтың ортасына от тастап: «...Қытайда 1.5 млн қазақ бар. Барлығы қазағым деп жанын бермейді. Олардың ішінде де сатқындар бар. Қытайға жұмыс істеуі мүмкін» дегеніндей емес. Оның дәлелінің бірі 2010 жыл Бейжіңде өткен Олимпиядадағы қытайлық қандасымыз Қанат Сламұлының Бақыт Сәрсекбаевтың чемпиондығын өзінің чемпиондығындай қабылдап, оны шын жүрегімен құттықтауы еді. Осы көріністі экран алдында отырып сол сәттің өзінде: Қанатың келді қасыңа сені құттықтап, Қуанып келді: − Ұттық қой қазақ! Ұттық!-тап. Тебіреніп кетіп өлеңмен тілек тіледім, Басыңа қонсын баянды болып нық құт, бақ! -деп екі арысымыздың тамырларындағы лүпілдеп соққан қазақы қандары арқылы миллиардтар арасынан бірін-бірі адаспай тапқан достығын өлеңмен өрнектедім. Менің айтпағым бұл емес еді. Айтпағым елімізде өткен осынау дүбірлі додада жеңіс тұғырында кілең өз қандастарымыз, қара көздеріміз тұрса, оны бүкіл әлем тамашаласа, әлемдегі қазақтар солар үшін қуанса деген арманмен араласқан ой еді. Өкінішке орай, бұл жолғы Азиадаға қатысқан 168 спортшының ішінде ұлты қазақ спортшылар саусақпен санарлық қана болды. Ал оның ішінде жеке түрлерде алтын медаль тұғырына көтерілген бірде бір қазақ болмады. Сонда деймін ау біздің халқымыз қайда жүрген? Бұл, ұрпағын спорт саласына жібермеген халқымыздан ба? Жоқ әлде олар таңдап баптаған бапкерлердің бүйрегінің бізге бұрмауынан ба? Немесе туризм және спорт саласындағы бауырларымыздың кім болса да бәрі бір, деп қарайтын немқұрайлылығынан ба? Бүгінгі үздік спортшылар ертеңгі бапкерлер. Олар ертең қандай түлектерге бапкерлік жасайды? Қол ішіне иілмейді дегенге кім кепіл болады? Спорт жапалы жаттығудың, ершімді еңбектің, тынымсыз ізденістің жемісі. Сондықтан чемпиондық тұғырға көтерілгендер сөзсіз осы басқыштарды басып өтті. Бүгін міне соның жемісін көріп отыр. Оған талас жоқ. Біз оған қызғанып та отырғанымыз жоқ. Десе де тағы бір жақтан қарағанда спорт бизнес, мол табыстың көзі. Олай болса бұл табыс кімнің қалтасына құйылып жатыр. Біз аузымыздағы наннан айырылып жатқан жоқпыз ба? Чемпиондардың бір бөлімі жоғарыда айтқанымыздай осы салада қалса, енді біреулері ертеңгі алпауыт бизнесмендер болмақ. Біз олардың жұмысын жүргізушілеріне айналамыз. Сөйтіп қазақ қоғамы алпауыттарындағы жат жұрттықтардың үлесі бүгінгілерден де арта түспек. Елдегі алпауыттар сол елдің саясатына да ықпал етеді. Бұл қауіпті емес пе? Сондықтан бүгіннен бастап қай-қай салада да өз ұлтымыздың мүддесін назардан тыс қалдырмауға тырысуымыз керек. Менің айтпағым міне осы еді. Әйтсе де, жетістік деген – жетістік. Оған қалай қуанбайсың! Қалай шаттанып, шабыттанбайсың!Әбдібек Әбдіманапұлы