Мәдениет және спорт министрі Олимпиада жеңімпаздарын құттықтады
2016 ж. 11 тамыз
3475
0
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Д. Баландин, Н. Рахимов және Жазира Жаппарқұлды Олимпиададаға жарқын жеңістерімен құттықтады.
Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан XXXI жазғы Олимпиада ойындарының бесінші жарыс күні Қазақстанға бірнеше жарқын жеңіс алып келді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандық жеңімпаздарға өзінің ең жылы лебіздері мен алғысын білдіре отырып, құттықтау хаттарын жолдады.
Ауыр атлеткада 69 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлде жеңіп алған Жазира Жаппарқұл – Олимпиада ойындарының жүлдесін жеңіп алған алғашқы қазақ қызы. Ауыр атлетика спортшысына жолдаған хатында мәдениет және спорт министрі Жазираға үлкен үміт артқанын жазды:
«Спорттың шыңы болып табылатын Олимпиада ойындарында айбынды аруларымыздың қызықты сайыстарына тәнті болған Қазақстан халқы әсіресе Сіздің табандылығыңыз бен қажырлығыңызға сүйсініп, шын жүректен жанкүйер болды. Барша халықтың сенімін ақтап, әлемдік ауыр атлетика мықтыларына намысты қолдан бермей, Қазақстанның абыройын көтеруде адал қызметіңіз үшін Сізге айтар алғысым шексіз!»
Ниджат Рахимовқа жолдаған құттықтауында Арыстанбек Мұхамедиұлы миллиондаған қазақстандықтар оның жеңісіне сеніп, шынайы жанкүйер болғандығын баса айтты: «Барлық қазақстандықтар бүгін үлкен қуаныш пен мақтаныш сезімдеріне бөленді. Бұған себеп – Сіз жанкүйерлеріңіздің сенімін ақтап, бізге алғашқы Олимпиада «алтынын» сыйладыңыз. Олимпиада ойындарындағы сіздің жетістігіңіз еліміздегі ауыр атлетика мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, миллиондаған қазақстандықтардың жүрегінде өз елі үшін мақтаныш пен патриотизм сезімдеріне от берді».
200 метр қашықтыққа брасспен жүзуде отандасымыз Дмитрий Баландиннің жеңісі нағыз әлемдік жаңалыққа айналды.
«Сізге тәнті бола отырып, Сізді Олимпиада ойындарындағы жарқын жеңісіңізбен аса мақтанышпен құттықтаймын! Төртжылдықтың басты жарысы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан мәртебесін абыроймен қорғай отырып, көрсеткен керемет өнеріңіз үшін алғысым шексіз. Өзіңізге тән шеберлігіңіздің арқасында Сіз Қазақстанның спорттағы зор потенциалын көрсете білдіңіз», - деп жазды Баландинге арнаған хатында Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Дереккөз: mks.gov.kz