Жазира Жаппарқұл: Жүлдемді қазақ еліне арнаймын
2016 ж. 11 тамыз
2779
0
Жазира Жаппарқұл жеңісінен кейін тілшілерге алғашқы әсерімен бөлісті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол сондай-ақ жарыс барысында жіберген қателіктерін де жасырмады.
"Жұлқа көтеруде де, серпе көтеруде де қателіктерге бой алдырдым. Қай жерден қандай қателік жіберіп алғанымды жақсы білемін. Бірақ, өзімді тек медальға дайындап келгенімді есімнен шығарған жоқпын. Егер серпе көтерудегі үшінші мүмкіндігімді пайдалана алмағанда бұл жүлдеден қағылар едім. Соңғы салмақты көтергенде жарысты сәтті аяқтағанымды іштей сезіндім. О баста Олимпиададан жүлдесіз қалам деген ой болған жоқ. Менде елге тек медальмен оралуым керек деген мақсат қана болды. Міне, сол мақсатқа жеттім. Негізі алтын алуым керек еді. Қазақтың "күміс" қызы атандым, күміс те жаман емес", - деп ағынан жарылды Жазира Жапарқұл.
Естеріңізге сала кетейік, Жазира қоссайыстың қорытындысы бойынша 259 келіні бағындырды. Ол серпе көтеруде алдымен 140 келіге тапсырыс берді. Алайда оны бағындыра алмады. Екінші мүмкіндігінде ол осы салмаққа қайта ұсыныс беріп, екіншісінде еркін көтерді.
Ал үшінші мүмкіндігінде Жазира Жапарқұл 144 келіні бағындырды. Қос сайыстың қорытындысы бойынша жерлесіміз 259 келімен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері және қазақ қыздарынан тұңғыш Олимпиада жүлдегері атанды.
Бұл салмақта бас жүлде қоссайыстың қорытындысы бойынша қытай қызы Сян Яньмэйге бұйырды. Үшінші орынды мысырлық Сара Ахмет жеңіп алды. Сонымен бүгін Олимпиаданың бесінші күні қоржынымызға екінші күміс медаль бұйырды.