Илья Ильин Қазақстан ауыр атлеттерінің допинг дауына қатысты ойын білдірді
2016 ж. 07 қаңтар
3151
0
Тіпті Халықаралық ауыр атлетика федерациясына қарсы мәлімдеме де жасалмаған. Атлеттерге араша болмаса, биыл өтетін жазғы Олимпиадаға Жасұлан Қыдырбаев, Алмас Өтешов сынды басты фавориттер бармай қалуы ғажап емес.
Федерация Монреал зертханасының шешіміне қарсы мәлімдеме жасаудан бас тартқан. Тіпті маңызды нәтиже шығаратын Б сынамасын өткізбеуге өтініш беріпті. Себебі ол тағы да сол зертханада жасалады.
Федерацияның айтуынша, өз ішімізде комиссия тағайындап, жасалған сараптама нәтижесін халықаралық федерацияға жіберіп, нақты шешімді күтеді. Сондай-ақ атлеттердің қанына допинг басқа жолдармен түсуі мүмкін.
Аты шулы процеске екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин де пікірін білдірді.
“Менің ойым өзімізде тексергені дұрыс. Біздің басшылық қазір спорттан шеттету немесе үлкен көлемдегі айыппұл болмас үшін осы іспен дұрыстап айналысып жатыр. Себебі жас спортшыларды қорғап қалу керек”, – дейді Илья.
ҚР ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Омар Мұстафиннің сөзінше, елімізде заңдық білім бар, бізде мүмкіндік те бар. Отандық мамандар атлеттердің ағзасына допингтің қалай түскенін анықтайды.
Кейбір рұқсат етілген тағамдар мен дәрі-дәрмектердің құрамынан да шығуы мүмкін. Бұл спортшылардың кінәсі болмайды. Егер солай болса, минималды айып салынады.
Жағдай екі ұшты болып тұрғанмен, жарысқа қатысудан уақытша шеттетілген жігіттер жаттығу өткізіп, Олимпиадаға дайындықты бастап кетіпті. Өздерінің ақтығына, федерацияның іскерлігіне сенетіндей.
Ал ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Алексей Ни бірнеше зілтеміршілерінен допинг табылған Ресей тарабы да бұл мәселемен белсенді түрде айналысып жатқанын айтады.
Қазірдің өзінде допинг табылғаны үшін Қазақстанға 50 000 доллар айыппұл салынды. Халықаралық Ауыр атлетика Федерациясы егер зілтеміршілердің допингті әдейі қабылдағанын түпкілікті түрде дәлелдесе, онда Жасұлан мен Алмас екі жылға спорттан шеттетіп, Рио-де-Жанейродағы олимпиадаға бармайды. Ондай жағдайда еліміздегі беделді спорт түрі ауыр атлетика федерациясының абыройына нұқсан келері анық.
qazaquni.kz