Қазақстандық спортшылардың демеушілері кімдер?
2015 ж. 07 желтоқсан
4751
1
Үлкен спортта жақсы нәтиже көрсеткен спортшыларды қамқорлығына алып, сый-сыяпат көрсетіп жүрген азаматтар елімізде баршылық. Әсіресе, ірі додаларда топ жарған спортшыларға лауазымды тұлғалар мен қалталы адамдардың демеушілік танытатынын жиі байқауға болады.
Тимур Құлыбаев, Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы, қоғам қайраткері
Тимур Құлыбаевты қазақстандық боксшылардың басты жанкүйері десек, артық емес. Қазақстан бокс федерациясының президенті қызметін атқаратын ол отандық былғары қолғап шеберлеріне барлық жағдайды жасап берді. AIBA-мен (Халықаралық әуесқой бокс федерациясы) оңды байланыс орната білген Құлыбаев аталған ұйым президенті Чинг Куо Вумен де жақсы байланыста.
Әрбір ірі жарыстардан оралған Қазақстан құрамасының боксшыларын қомақты сыйақымен қуантатын Тимур Асқарұлының сүйікті боксшысы деп Данияр Елеусіновті атауға болады. 69 келі салмақта жұдырықтасатын Елеусіновке қаржылай қолдаудан бөлек, 2013 жылғы әлем чемпионатындағы жеңісі үшін шетелге демалу жолдамасын да сыйға тартқан болатын. Бокс жанкүйерлерінің арасында Данияр тек Тимур Құлыбаевтың ғана емес, АIBA президентінің де сүйікті боксшысы да ақпар бар.
Кеңес Рақышев, Дзюдо федерациясының президенті, кәсіпкер
2012 жылғы Лондон Олимпиадасында ел дзюдошылары өте төмен нәтиже тіркеген соң, аталған спорт түріне ерекше көңіл бөліне бастады. Бапкерлер құрамы ауыстырылып, басшылық құрамда да өзгеріс орын алды. Қазақстан дзюдо федерациясының президенті болып Кеңес Рақышев тағайындалды.
Осыдан соң, еліміздегі дзюдо спортының тамырына қан жүре бастады деуге негіз бар. Спортшылардың көрсеткіштері жақсарып, әлемдік жарыстардағы жүлделер саны көбейді. Ал әлем чемпионы атанған Елдос Сметов пен 2013 жылғы күміс жүлдегер Азамат Мұқановты Рақышев ірі көлемдегі сыйақымен қуантты.
Бауыржан Оспанов, “Жер-су” корпорациясының президенті, меценат
Қазақ спортшыларына ерекше қолдау көрсететін тұлғалардың бірі – Бауыржан Оспанов. Танымал кәсіпкер бүгінде Қазақстан күрес түрлері федерациясында қызмет етуде. Бұдан бөлек, еліміздегі танымал боксшыларды өз қамқорлығына алған.
Атап айтар болсақ, меценат Қытай құрамасының сапында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Қанат Исламның Қазақстанға оралуына септігін тигізді. Боксшы өз сұхбаттарында Алматы маңынан үй алуына да Бауыржан Оспановтың көмектескенін айтып жүр. Оспановты Қанат Исламның кәсіби боксқа ауысып, елеулі табысқа жетуіне үлес қосқан басты тұлғалардың бірі десек, артық емес.
Қанаттан бөлек, бокстан 2013 жылғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен кәсіби боксшы Жанқош Тұраров та Бауыржан Оспановтың қолдауын сезініп жүрген спортшылар.
Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі
Бүгінде Павлодар облысын басқаратын Қанат Бозымбаев Жамбыл облысының әкімі қызметінде жүргенде балуан Бейбіт Ыстыбаевқа ерекше қолдау көрсеткен жандардың бірі. Бозымбаев тек жеңіске жеткенде ғана емес, Ыстыбаев жеңіліске ұшыраса да көмегін аяған емес.
Мәселен, Қанат Бозымбаев 2013 жылғы “Қазақстан Барысы” бәсекесінде даулы жекпе-жектен соң жеңіліп қалған Бейбітті ұтылғанына қарамастан, Таразда қымбат көлікпен қарсы алған болатын. Бүгінде әкім басқа облысты басқаруға кетсе де, Бейбітпен байланысын үзген емес.
Бұдан бөлек, елімізге танымал балуан өзіне жеңісте де, жеңілісте де қолдау көрсетіп жүрген Бағбан Тайымбетов, Азамат Мелдібеков, Айдос Майлытаев, Дәурен Серікұлы және Ғалымжан Сағынтаев секілді жомарт ағаларының барын да жасырмады.
Данияр Қасқарауов, “Алаш прайд” клубының президенті
Еліміздегі ережесіз жекпе-жек спортын бір ізге түсіріп, “жауынгер” спортшыларға қолдау көрсетіп келе жатқан тұлғалардың бірі – Данияр Қасқарауов. “Алаш прайд” клубын ашып, отандық спортшылардың бәсекелерін ұйымдастырып жүрген ол Қайрат Ахметов, Арман Оспанов сынды танымал балуандарды өз қамқорлығына алған.
Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев та спортшыларды жиі қуантып тұрады. Жақында ғана ол ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанған Александр Зайчиковке үш бөлмелі пәтер сыйлаған болатын.
Енді жас мәнерлеп сырғанаушы, Мәскеуде туылған этникалық қазақ спортшысы Элизабет Тұрсынбаеваға қолдау көрсетіп жүр. Жақында отандық сайтқа берген сұхбатында Элизабеттің әкесі Байтақ Тұрсынбаев Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен қызының Қызылорда облысы атынан сынға түсіп жүргенін, әкімнің үнемі қолдау көрсетіп тұратынын айтқан.
Марат Тұрлыханов, бапкер, әнші
“Икан” лақап атымен танылған әнші Марат Тұрлыханов грек-рим күресіндегі балуандарға, әсіресе, Нұрмахан Тінәлиевке қолдау көрсететінімен танымал. Тұрлыханов әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарына дайындық кезінде Нұрмахан Тінәлиев пен Әсет Мәмбетовті Мәскеуде бөлек жаттықтырып, олардың пәтерақысына дейін өз қалтасынан төлегені туралы жаттықтырушылардың бірі баяндады.
Ал ауыр атлет, 2 дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин мен мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Тенді “Астана” кәсіби спорттық клубы өз қарамағына алған. Осы орайда, Илья Ильинді президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйікті спортшысы деп атауға болады.
Себебі, Бейжің Олимпиадасынан соң бапкерлермен келіспей, басы дауға қалған Ильяға қолдау көрсетіп, тек дайындықты ойлау керектігін президент айтқан болатын.
2014 жылғы әлем чемпионатында Ильин төртінші рет әлем чемпионы атанған сәтте, спортшыны президенттің өзі арнайы құттықтады.
Дереккөз: NUR.KZ