Футболдан «Астана» мен «Галатасарай» арасындағы матч тең аяқталды

Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде елордалық “Астана” командасымен «С» тобында шеберлік сынасып жатқан Түркияның “Галатасарай” командасының арасындағы матч 2:2 есебімен аяқталды.

match_ast_gal

Есепті алғаш болып Ыстамбул құрамасы ашты. Ойынның 31-минутында «Галатасарай» аяқдопшысы Біләл Кыса тепкен доп «Астана» қақпасынан табылды. Түркиялық команданың футболшысы Хакан Балта ойынның 77-минутында өз қақпасына гол салды.

Ал ойынның 86-минутында қазақстандық команданың қақпашысы Ерич өз қақпасына гол салып, «Галатасарайды» 2:1 есебімен алға шығарып берді. Бұл тартысты ойындағы екінші автогол болатын.

Ал ойынның 89-минутында колумбиялық легионер Рохер Каньяс таразы басын теңестірді. Осылайша «Астана» Чемпиондар лигасындағы топтық кезеңнің алғашқы ұпайларын қоржынына салды.

Айта кетейік, бұл жергілікті құраманың Кәрі құрлықтағы ең беделді футбол додасының топтық кезеңіндегі екінші ойыны болатын.

Еске сала кетсек осыған дейін букмекерлер матч 1:1 есебімен тең аяқталады деп болжаған еді.

Дереккөз: 24.kz