Әбдімәжит СЫЗДЫҚБЕКОВ: "Қазақы шапанды Генамен бірге бүкіл қазақ шаршы алаңға шыққандай болды!"
2015 ж. 27 ақпан
3022
0
Бәріміз куә болғандай 21 ақпанда Монакода қазақстандық боксшығ әйгілі әлем чемпионы Геннадий Головкин бүкіл дүние көз тіккен жекпе-жекте британдық Мартин Мюррейді ойсырата жеңіп еліміздің еңсесін тағы бір көтеріп тастады. Кәсіпқой боксшы дәрежесінде бұл оның отыз екінші кездесуі болатын және соның бәрінде де жеңіске жетті. Бұл жолы да Гена қарсыласын бұрыштан бұрышқа қуалап жүріп көкала қойдай сабап, 11 рауында сойылмен соққандай сұлатып салды. Сөйтіп 29 кездесуін нокаутпен аяқтап, атақты темір Тайсонның ерлігін қайталады.
Ең бастысы Головкин бұл жолы жарысқа қазақтың ұлттық шапанын киіп шықты. Көпшіліктің ақ тілегін жеткізген қазақтың көк шапаны еліміздің мерейін өсіріп, Генаны жеңіске жетеледі, еліміздің көк туын Еуропа аспанында желбіретті. Оны арнайы тіктіріп, Еурапаға жеткізген отырарлық азамат Әбдімәжит Сыздықбеков болатын. Біздің "Қазақ үні" газеті және qazaquni.kz ұлттық порталы қасиетті қазақ шапанының кәрі құрлыққа жол тартқан күнінен бастап бірнеше мақалалар жариялап, насихаттап, жақсы жаңалықтың жаршысы болды. Әбекеңмен Парижжде, Монакода жүргенде тілдесіп, оқиға барысымен оқырманды алғаш таныстырып, жариялап отырды. Осы игі шараны жүзеге асырған белгілі кәсіпкер, қазақтың ұлтжанды азаматы Әбдімәжит Сыздықбеков өзі уәде еткендей туған жерге оралысымен де, қазақстандық басылымдар ішінде біздің газет тілшісіне бірінші сұхбатын берген болатын. Енді сол шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамамыз.
-Әбеке, Еуропа сапарыңыз сәтті болып, туған жерге аман-есен оралуыңызбен! Алған әсеріңіздің мол екенін аңғаруға болады. Осы бір шараны іске асыруға не түрткі болды? - Алған әсерімде, қуанышымда шек жоқ. Бұл да бір орайы келген іс болды. Жалпы, қандай да болса ұлтты ерекшелейтін өз тілі , өз мәдениеті, өз салт-дәстүрі мен киім үлгілері болады емес пе? Бүгінгі күні біз үшін бренд деп атап жүргеніміздің бірі – осы қазақ шапаны дер едім. Ол жағынан, Құдайға шүкір, қазақ халқы кенде емес. Спорт, оның ішінде бокс жанкүйері болғандықтан жарыстарды мүмкіндігінше босатпай көруге тырысамын. Оның үстіне біздің еліміз спорттың бұл түрінен әлем бойынша алдыңғы орындардың бірінде екенін мақтанышпен айтуымызға болады.Қазақтың талай былғары қолғап шеберлері өз кезінде де, қазір де әлем жұртшылығын таңдай қақтырып келеді. Головкиннің бұрынғы алаңға шыққан кездерінде киіп жүрген шапанының қазақ шапанына ою-өрнегі ұқсамайтынын байқайтынмын. Оны бір мен ғана емес, өзгелер де айта алады, айтып та жүр. Осыған байланысты өзіме атақты спортшымызға ерекше бір сый жасап, жеңіске жігерлендіру деген ой келгені рас. Еліміздің көк туына қазақтың көк шапаны да жарасып тұрмай ма, оның үстіне жеңіске жетіп жатсақ, мерейіміздің тасығаны емес пе! Идея өзімдікі болғанмен көп жұмыстың ауыртпалығы балам Даниярдың иығына түсті. Өйткені Данияр қазақ боксшыларының біразымен жақсы таныс, араласып тұрады. Головкинмен, оның менеджер сияқты басшыларымен байланысты сол жасап, бұл шараны іске асыруға айтарлықтай еңбек сіңірді. Бұрын байқамай өзбек шапанын киіп жүрген Генаға қазақ шапанын ұсынуымыздың мәнін "Реалдың" шабуылшысы "Барселонаның" формасын киіп жүргенмен бірдей" деп түсіндірдік. - Енді Еуропаға сапарыңыздан сыр шертсеңіз. - Мен шетелдерге, оның ішінде Еуропаға да талай рет сапарлаған едім. Бірақ бұл жолғы сапарымның жөні мүлдем бөлек, ерекше болды. Жарыс басталардан бір жұмадай бұрын жолға шықтық. Біріншіден, жол алыс, жат жер дегендей. Екіншіден, бүкіл әлем көз тіккен жарысқа кірудің өзі оңай емес. Оған қоса жарыс алдында спортшылармен кездесу де мүмкін емес екені бәрімізге белгілі. Жауапты кездесу алдында боксшының маңына жуытпасы анық. Оның әрбір адымын арнаулы күзетшілері мен менеджер сияқты жауапты қызметкерлері қатаң қадағалайды. Соған қарамастан онымен байланысып, сонау қазақ жерінен жеткізілген шапанымызды беріп жіберудің сәті түсті. Енді жарыс басталғанша сол шапанды киіп шыға ма деген қайдағы бір күдік те көлбеңдей бергенін жасыра алмаймын. Головкин мен Мюррейден бұрын үш кездесуді тамашаладық. Тамашаладық деген аты болмаса бар ойымыз, бар назарымыз Генаның жекпе-жегі жайында болды, тағатсыздана күттік. Ақыры көптен күткен сәт те келіп жетті. Алдымен рингке Мартин Мюррей шықты.Ол да атағы жер жарған спортшы екенін білесіздер.Түрі де сұсты,кімді болса да жеп жіберуге дайын сияқты көрініп кетті бізге. Бірақ, Головкиннің жеңісіне деген сенімімізді жоғалтқан жоқпыз. Біз жеңіс үшін ғана алыстан ат арытып келіп тұрмыз ғой. Бір кезде қазақтың көк шапанын киген Гена шаршы алаңға атып шықты. Біз орнымыздан тұрып кеттік, көңілді кернеген қуаныштан көзімізге жас келгенін де байқамай қалыппыз. Жарасып тұр, қазақы шапан киген Генамен бірге бүкіл қазақ осы бір шағын шаршы алаңға шыққандай боп көрінді маған. Шет жерде өз Отаныңның, өз ұлтыңның бір белгісін көрудің қандай ғанибет екенін түсіндім. Одан арғы көрініске өздеріңіз де, миллиондаған спорт жанкүйерлері де теледидар арқылы куә болдыңыздар, оны тәптіштеп айтпасам да болады. Айтарым - бұл ерекше кездесу болды. Атағы мен айбыны өзінен бір мысқал кем түспейтін Мюррейді құмқапты (груша) ұрғандай соққылағанын бәріміз тік тұрып көрдік. Бірнеше рет есеңгіретіп, 11 раундта есінен тандырып жықты. Көк туымыз желбіреп, біздің төбеміз де көк тіреді. Бізбен бірге сол керемет көріністі әлемнің түкпір-түкпірінен келіп тамашалаған жанкүйерлер де қол соқты. Жеңімпаздың үстінде қазақтың көк шапаны...Ерлерімізді қолдауға қашанда әзірміз
- Бұл ақжолтай шапан болды десек те болатын шығар. - Мәселе бір шапанда немесе менде ғана емес. Ол асып бара жатқан байлықтың белгісі емес, оны кез келген адам жасай алар еді ғой. Мен алдымен Генаның өз жеріне, Қазақстанға деген құрметіне қайран қалдым. «Әкем орыс, шешем кәріс, өзім қазақпын» деген өзінің айтқан сөзін осы жолы да бір дәлелдеп берді емес пе! - Дегенмен, бізде Құдайға шүкір бай адамдар жетерлік, бірақ олардың тарапынан осындай шараны көре алмай жүрміз ғой дегеніміз ғой. - Ол әркімнің өз ісі. Әркім әр жағдайға өз бигінен қарайды. Бірақ, ел даңқы, ел намысы сыналар шақта шет қалмағанымыз жөн деп ойлаймын. Бәрін айт та, бірін айт демекші, мен өз басым Генаның қарапайымдылығы мен Қазақстанға деген сүйіспеншілігі мен құрметіне риза болдым. Бұл да адам баласының бәрінде бірдей бола беретін қасиет емес. Тіпті өз қандастарымыздың кейбіреулері одан үйренсе де болады. Жекпе-жек өткен күннің ертеңінде батырымызбен кездесудің сәті түсті. Алдында айтқанымдай боксшымен кездесуге рұқсат алу оңай болмады. Біздің жерде бұл ретте әлдеқайда жеңіл болар еді. Ал, олардың өз заңы бар дегендей. Спортшылар орналасқан қонақүйге барып, Генаның менеджер және күзет басшыларымен сөйлесіп жолығуға рұқсат алдық. Өзінің бөлмесіне кіріп, біраз тілдесуге мүмкіндік туды. Бізге құшағы мен дастарқанын жайып, "аға" деп қуана қарсы алды. Алыстан арнайы қолдау үшін келгенімізге, сыйымызға алғысын айтып жатты. Біз де өз тарапымыздан оны жеңісімен құттықтап, осы бір шағын сыйымыз – қазақтың шапанында бүкіл қазақ халқының, барлық жерлестерінің таза тілегі бар екенін, алда да биіктерден көріне беруіне деген ақ ниетімізді жеткіздік. - Сіздің бастамаңыз әсер етті ме, ғаламтордан атақты боксшымыз Қанат Исламға арналып тігілген шапанның үлгісін көрдік. Оны өзіңіз де байқаған боларсыз. Сіз Қанатқа да бір шапан сыйлайды екен дегенді естіп қалғандай болдық. - Шынын айтсам, ол шапан үлгісін әлі көрген жоқпын. Өзімнің де Генаға шапан алып бара жатқанымды да тек санаулы адамдар ғана білетін. Серік Сейітманның "Гена шапанын ауыстыра ма?" атты мақаласын qazaquni.kz сайты жариялап жібергенде қатты қысылдым. Өйткені, Гена шапанды кие ме, кимей ме - әлі белгісіз еді ғой. Бір қуанарлығы, жаппай қолдап, интернетті, фейсбукты жарған халықтың тілегі қабыл болды. Мен Монакода жүргенде күнде хабарласып, Генаға кигізер ұлттық шапанды жарты әлемге жария ғып, жарнамалап, насихаттап жіберген сіздердің газет басшысы, ақын Қазыбек Иса бауырым: "Интернетте сіз Қанат Исламға да шапан сыйлай ма?" деген ел тілектерін айтып жатыр"- деді. "Құдай қаласа, Қанатқа да шапан тіктіріп қалармыз"-дегенмін. Оны уақыт көрсетеді ғой. Иә, Қанат бауырымыз да мықты боксшы, оған шын ниетіммен үлкен табыстар тілеймін. Оның да осылай биік-биік шыңдардан көрінгенін қалаймын. Несі бар, ерлеріміз елдің атын шығарып, әлемге әйгілеп жатса, несіне аянамыз. Оны да қолпаштап, сый-сияпатымызды жасауға, ерлерімізді қолдауға қашан да әзірміз. - Монако шағын, «ергежейлі мемлекеттер» қатарына жататынын сырттай білеміз. Жеңіске жетіп, көңіл жайланған соң қаланы аралап көре алдыңыздыр ма? - Ия, бұл мемлекеттің көлемі небары екі-ақ шаршы шақырымды құрайды. Бірыңғай тарихи құндылығы бар және жаңадан салынған керемет сарайлардан тұрады. Соған қарамастан жанбасына шаққандағы ішкі өнім 169 мың еуроны құрайды екен. Байлығымыз мол бізден бұл көрсеткіштері анағұрлым жоғары. Негізгі табыс көзі – туризм, қонақүй мен ойын бизнесі. Әрине, осы салалар бойынша олардан көп нәрселерді үйренуге болады. - Әбеке, сіз кәсіпкер ретінде бұдан басқа да игі істер атқарғаныңыздан хабардармыз. Шалғай ауылда «Алпамыс батыр спорт кешенін» салғызып, жерлестеріңіздің игілігіне ұсыныпсыз. Алда қандай жоспарларыңыз бар? - Алдын ала жоспар құра бермеймін. Кәсіпкер болған соң күнделікті жұмыс бірінші кезекте тұратыны белгілі. Сол күнделікті еңбегіміз жемісті болса, жұртқа жақсылық жасап тұрғанға не жетсін. Қазақ ұлты үшін жасалған шағын шарамызды қалың елге жеткізіп, күшті қолдау көрсеткендеріңіз үшін көп рахмет! «Қазақ үні» газеті мен qazaquni.kz ұлттық порталына зор алғыс айтып, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Ал мыңдаған оқырмандарына қолдау көрсеткендері мен ізгі ниеттері үшін разылығымды жеткізіп, жеңісті күндері көп болсын дегім келеді.Зейнолла Абажан
"Қазақ үні" газеті