Қазақстаннан кетіп, өзге елдің байрағын көтеріп жүрген спортшылар кім?
2014 ж. 24 қараша
2311
0
Шетелге кеткен қазақ балуандары ұлттық құрамаға кіре алмағандықтан, халықаралық жарыстарға бару құқығынан айырылған. Олар енді өзге елдердің ұлттық командаларында әлемдік жарыстарда жүлде салып жүр.
Тіпті медальға таласқан сәттерде Қазақстан спортшыларының жолын кескен деп хабарлайды Азаттық.
Беларусьтегі балуан 27 жастағы Ербол Қалабаев (60 килограмм, Ақтөбе) 2009 жылы грек-рим күресінен Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін алған. Оған дейін екі рет (2007, 2008) жастар арасында Қазақстан чемпионы атанған. Ол 2010 жылы грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасына алынып, Бакудегі Гран-при жарысына қатысты. Бірақ жүлделі орынға ілінбеді.
Кейін Қазақстанда грек-рим күресінде 60 килограмм салмақ категориясы бойынша ішкі бәсеке күшейіп, Ербол Қалабаев ұлттық құрамадан шығып қалды. Ербол Қалабаев.Ербол Қалабаев. Одан соң бұл салмақта ірі жарыстарға әлем чемпионатының қола жүлдегері Алмат Кебіспаев пен Азия чемпионы Ербол Қоңыратов барып жүрді.
Қалабаев Қазақстан құрамасынан шығып қалған соң, Беларусьтен түскен шақыртуды қабылдайды. Шетте жүрген қазақ балуаны Азаттық тілшісіне: - 2010 жылы Белоруссиядан ұсыныс түсіп, бір жылдан соң сол елдің азаматтығын алдым. Қазақстан күрес федерациясы қарсы болған жоқ, рұқсаттарын берді. Мені бұл елге Сеул олимпиадасының чемпионы, Беларусь ұлттық құрамасының бапкері Камандар Маджидов шақырды, - дейді.
Қалабаев 2011 жылы Беларусь чемпионатында - қола, 2013 жылы алтын алды. 2013 жылы Тюменьде (Ресей) өткен әлемдік Гран-при жарысында қола жүлде иеленді. Осы жылы Будапеште өткен әлем чемпионатына қатысып, ширек финалға дейін барды.
Өзбекстандағы балуан Грек-рим күресінен қазақ балуаны 23 жастағы Елмұрат Тасмұратов (60 килограмм, Шымкент) - Қазақстан ұлттық құрамасына алынатын кандидаттардың бірі болған еді.
2008 жылы ол Дәулет Тұрлыханов атындағы турнирде жеңіліп, бұл мүмкіндіктен айырылды. Спортшы Азаттық тілшісіне Өзбекстанға 2010 жылы кеткенін айтып: - Шымкенттегі Саттарханов мектебінің түлегімін. Оқушы кезімнен Азия чемпионаттарына, әлем біріншіліктеріне баруды армандадым. Бірақ Қазақстан құрамасында орын табылмағандықтан, Өзбекстан азаматтығын алып, осы елдің чемпионатын ұтып, ұлттық құрамасына қабылдандым, - дейді. Елмұрат Тасмұратов.
Қазақ балуаны Өзбекстан атынан 2012 жылы Лондон (Ұлыбритания) олимпиадасына қатысты. Бірақ жүлдеге ілінбеді. 2013 жылы Делидегі (Үндістан) халықаралық жарыста алтыннан жүлде салды.
2013 жылы Будапеште өткен әлем чемпионатында ол Қазақстан ұлттық құрамасының балуаны Алмат Кебіспаевты жеңіп, қола медаль алды. 2014 жылы Астанада Азия чемпионы болды. Тасмұратов биыл Ташкентте өткен әлем біріншілігінде де жүлдесіз қалмады - қола медаль ұтты. Ташкентте өткен бұл чемпионатта Қазақстан құрамасы жүлдеге жете алмай қалды.
"Ата-анам Астанада тұрады. Мен де Қазақстанға қайта оралармын. Бірақ қазіргі мақсатым – Рио-де-Жанейро олимпиадасы. Соған дайындалып жатырмын", - дейді Өзбекстан құрамасындағы қазақ балуаны.
Кентау қаласында туған 38 жастағы Асқар Сәрсенбаев (Көкшетау) қазір бокстан Финляндия құрамасының бас бапкері. Ол студент кезінде, 19 жасында (90-жылдардың ортасында) Финляндия азаматтығын алып, сол елге қоныс аударған.
"Финляндия атынан Еуропадағы бірнеше жарысқа қатыстым. Бес жылдан бері осы елде бапкерлікпен айналысамын. Алдымен жасөспірімдер құрамасын жаттықтырдым. Кейін ерлер және әйелдер құрамасын маған берді", - дейді маман.
Асқар Сәрсенбаев баптаған фин құрамасының боксшысы Вилле Хукканен екі рет Еуропа чемпионатының қола медалін алған. Қазір қазақ бапкері жаттықтыратын Финляндия құрамасы 2015 жылы Софияда (Болгария) өтетін Еуропа чемпионатына дайындалып жатыр.
49 жастағы қазақстандық маман Владимир Чебурин (Қарағанды) – бүгінде Литваның "Круоя" футбол командасының бас бапкері. Чебурин "Круоя" командасына биыл ақпан айында кеткен еді. Бірақ ол әзірге азаматтығын ауыстырмаған. Чебурин жаттықтыратын футбол клубы Литва чемпионатында қазір 2-орында тұр.
Бүгінде Қазақстандық бірнеше спортшы қазір Ресей, Катар, Австралия атынан жарысқа қатысып жүр. Дамир Буданбеков - бокстан Ирак құрамасын, Берікбол Қасымханов бокстан Мьянма құрамасын баптайды.