Бүкіләлемдік ат спорты жарысына Маңғыстау өңірінің тұлпарлары қатысады
2014 ж. 27 тамыз
2715
0
Қазақстанның атынан жарыстар квалификацияларында чемпион атанып жүрген Маңғыстау өңірінің жүйріктері қатыстады. Отандастарымыз бұл ойындарға кіретін 8 ат спорты түрінің ішінде қазақтың ұлттық ат спорт түрі - аламан бәйгеге ұқсайтын «Endurance»-тан (ағылшын тілінен аударғанда - төзімділік, шыдамдылық) сайсықа түспек. Атап айтсақ, еліміздің намысын «Жезкиік» атты тұлпармен шабандоз Қойшиев Азат; «Дойдан» тұлпарымен шабандоз Наталья Долгих; Мықырбаев Бұғабайдың «Шабдарқасқасы», шабандоз - Мықырбаев Бектас; Бағдабаев Аманғалидің «Жасқанаты», шабандоз - Етреков Әбіш; Сергей Буйкевичтің араб тұқымдас «Арабы»; Ратов Сисеннің «Ойлысы», шабандоз - Қойшиев Есенаман сынды шабандоздар қорғамақ.
«Endurance» спорт түрі бойынша шабандоздар белгіленген бағытпен бір күн ішінде 160 шақырымға шабады. Әлбетте, мәреге алғашқылардың бірі болып жету тікелей арғымақтың денсаулығы мен бабына байланысты. Сондықтан дүбірлі додаға қатысатын тұлпарлардың денсаулығы ветеринар-дәрігерлердің қатаң бақылауында, деп хабарлайды ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығынан.