Рамазан ПАЛИАНИ: Бекзаттың бейнесі көз алдымнан кетпейді
2014 ж. 16 мамыр
4546
1
Танымал былғары қолғап шеберінің биыл дүниеден өткеніне 14 жыл толған Бекзаттан бастап, бүгінгі күннің боксына қатысты да пікірін біліп едік.
Рамазан Палиани 1973 жылы, 31 тамызда Грузияның Местиа қалашығында дүниеге келген. Бокспен 13 жасынан бастап айналысқан.
Жас спортшының тұңғыш рет 1990 жылы танылды. КСРО, ТМД, Грузия, Ресей, Түркия құрамасы сапында 3 Олимпиадаға қатысқан. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (Барселона, 1992), әлем (2001), 3 дүркін Еуропа чемпионы (1996, 1998, 2000). Еңбек сіңірген спорт шебері.
– Рамазан, кейінгі кездері бокс жанкүйерлері сізді жоғалтып алды. Грузия құрамасының бас бапкері болып тағайындалғаныңызды естіп едік. Алайда көп ұзамай жылы орныңызды босатыпсыз. Бұған не себеп?
– Бокс қолғабын шегеге ілгеннен кейін АҚШ-тың Филадельфиясында балалар бапкері болып 3 жылдай қызмет еттім. 2009 жылы Грузияның әуесқой бокс федерациясы ұлттық құрамасының бас бапкері болуға шақырды, қуана келістім. Біраз жұмыстар жасалды. Көрсетіп жатқан нәтижеміз де жаман емес еді. Сол жылы Миланда өткен әлем біріншілігінде 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Кахабер Пхакадзе қола жүлдегер атанды. Бұл Грузия халқының 12 жыл күткен жүлдесі еді.
Бірақ белгісіз бір себептермен арадағы келісімшарт бұзылды. Содан кейін мені Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында өнер көрсететін «Баку оттары» командасы жаттықтырушы ретінде шақырды. Әзірбайжандықтар алдымен біліктілігімді сынап көрді. Содан кейін ғана жұмыс ұсынды. Қазір осы командада жұмыс істеп жатырмын.
– Қазақ халқы өзіңізді Сидней Олимпиадасының ширек финалында Бекзат Саттархановпен өткізген жекпе-жегіңіз арқылы таниды. Бір сұхбатыңызда «Мен Бекзаттан ұтылған жоқпын» деп айтыпсыз.
– Бекзат өте тегеурінді боксшы еді. Супербоксшы десе де жарасады. Бірақ сол кездесуде тамашалаған болсаңыз, менің жеңілмегеніме көз жеткізесіз. Меніңше, кездесу тең жағдайда өрбіді. Тіпті, сол сәтте 1-2 ұпай айырмашылығымен ұттым деп те ойлағанмын. Алайда төреші Саттархановтың қолын көтерді. Қарсыласын бағаламай, менсінбей шығатындардың қатарынан емеспін.
Сондықтан шаршы алаңда қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бұл өткен іс. Қазір бұған өкінбеймін. Ең өкініштісі, сондай талантты жастың бар-жоғы 20 жыл ғана өмір сүргені. Оның жұлдызды кезеңі енді ғана басталып келе жатқан. Қайғылы жағдай бүкіл қазақ жұртының қабырасын қайыстырғанын білемін. Әсіресе, ата-анасының қандай күй кешкенін ойлаудың өзі мұңды.
– Олимпиададан кейін Белфастта өткен әлем біріншілігінде чемпион атаңдыңыз. Сол жолы ақтық сында тағы бір қазақстандық боксшы Галиб Жафаровтан басым түстіңіз. Бұл боксшы жайлы не айта аласыз?
– Галиб те өзім жоғары бағалайтын боксшылардың қатарынан. Осы әлем чемпионатының алдында Қазақстан құрамасымен бірлескен жаттығуға қатыстық. Бұл боксшыны сол кезде көрдім. Тіпті, екеуміз спарринг өткізгенбіз. Өте дарынды спортшы. Белфаста менен ұтылып, күміс алғанымен, 2 жылдан соң Таиландта бас жүлдені ешкімге берген жоқ. Қазақта үздік боксшылар көп қой. Галиб те, Бекзат та білікті қарсылас бола білді. Бірақ мен үшін Бекзатпен болған жұдырықтасу өте қиынға соқты.
– Жалпы, маман ретінде бүгінгі қазақ боксының деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
– Қазақстанның көп боксшысын жақсы білемін. Ұлттық құраманың бас бас бапкері Мырзағали Айтжановпен де сәлеміміз түзу. Қазақ боксын қалт жібермей қарап жүрем десем, артық айтқандығым емес. Былтырғы күзде Алматыда өткен әлем біріншілігінде қазақ боксшылары дүние жүзін тамсандырды. 4 бірдей алтын медаль жеңіп алдыңыздар. Әлемде қазақ боксының беделі жоғары. Бұрын мұндай жетістікке Куба, Ресей, Украина ғана қол жеткізген еді.
– Сіздің тағдырыңыз өте қызық. 1992-1998 жылдар аралығында төрт бірдей құраманың намысын қорғадыңыз. Мұндай тұрақсыздыққа не себеп? – Негізі төрт емес, үш ұлттық құраманың атынан сынға түстім. 1992 жылы 18 жасымда Грузия атынан жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатына қатысып, чемпион атансам, артынан ТМД құрамасында Барселона Олимпиадасына жолым түсті. Сол кездегі бас бапкердің мені тандағаны күтпеген жаңалық болды. Соның алдында ғана ТМД кубогының финалында қарсыласымнан ұтылып қалған едім. Олимпиадаға барған боксшылардың арасында ең жасы болсам да, құраманың қоржынына түскен 2 медальдің бірі маған бұйырды: 57 келіде қола жүлдеге ие болдым. Төрешілер жолымды бөгемегенде, финалға шығып, чемпион атануға мүмкіндігім бар еді. Жартылай финалда шаршы алаң иесі Фаустино Рейеспен жолым түйісіп, жеңіс испандыққа берілді. Сол кезде «Советский спорт» газеті былай деп жазды: «Палиани испандықты өлтіріп қоя жаздады, сонда да төреші қарсыласының қолын көтерді». Бірақ бұған таңданудың қажеті жоқ. Өйткені, бұл кездесуді Испания королі Хуан Карлостің өзі келіп тамашалаған. Ал испандықтар арасынан жартылай финалға дейін жеткен жалғыз Рейес болатын. Келесі жылы мамырда Грузия құрамасы сапында Тамперде өткен әлем чемпионатында тағы да қола жүлдегер атандым. Бұл жолы жартылай финалда 1991 жылғы әлем чемпионы кубалық Энрике Каррионға шамам жетпеді. Одан соң қыркүйекте Түркияда өткен Еуропа біріншілігінің финалында өнер көрсеттім. Бұл жолы ақтық сында Еуропаның екі дүркін және әлем чемпионы болгар Серафим Тодоровқа есе жібердім. Сол кезде құрамадағы әріптесім Паато Гвасалия Ресейге ауысуыма ұсыныс білдірді. Бұл негізі Ресей құрамасының бас бапкері Николай Хромовтың жоспары екен. Осылайша құрдасым Паато екеуміз Ресейдің атынан өнер көрсете бастадық. – Атланта Олимпиадасы аяқталғаннан кейін Грузияға аттандыңыз. Сол кезде Хромов сіздің демалу үшін ғана кеткеніңізді айтқан. Алайда Мәскеуден біржола кетіп, Грекияны тандадыңыз. Сонда Ресейге қайта оралмайтыныңызды алдын ала білдіңіз бе? – Білдім. Шыны керек, Грекияға бару менің жоспарымда болмаған. Өйткені Грузия құрамасы сапында өнер көрсеткім келіп еді. Ал Ресейден кетуімнің себебі, біріншіден, жатақханада тұрудан шаршадым. Ай сайын 100 доллар стипендия аламын. Бұл жағдай Еуропа чемпионатында жеңіске жеткен соң да өзгермеді. Сондықтан Ресейде әрі қарай қалудың реті жоқ деп таптым. Грекияға да сол материалдық қызығушылықпен бардым. – Үлкен ағаңыз марқұм Зураб Палиани сол кездері Грузия бокс федерациясын басқарды. Ал сіз Грекия атынан өнер көрсетіп жүрген спортшысыз. Қасыңызда екінші ағаңыз Шалва Палиани де болды. Шалва 63,5 келі салмақта Грузия чемпионы атанып, бәсекелерде топ жарып жүрген талантты боксшы. Екі інісінің өзге елдің намысын қорғап жүргеніне үлкен ағаңыз Зураб қалай қарады? – Зураб менің Грузиядан кетуіме қарсы болды. Бірақ әркімнің өз өмір жолы бар. 2 жыл Ресейде жүріп, Тбилисиге қайта оралғанымда, боксшы ретінде болашағымды көре алмадым. – Ресейде, Грузияда, тіпті, Грекияда да сіздің боксшы ретінде жұлдызыңыз жанған жоқ. Мұндай сәтсіздіктердің себебі неде? – Шалва бізді Афинаның «Арис-Никия» клубына шақырғанда, барлық жағдайымыз қарастырылған еді. Қай жерге барсақ та виза дайын, қала ортасынан 3 бөлмелі үй, тамағымыз тегін, не ішіп, не киеміз деген уайым болған жоқ. Тек Грекия азаматтығын алу жайлы өтінішіміз кешеуілдеді. Осы кезде ағамыз екеумізге Түркия тарапынан ұсыныс түсті. Біз көп ойланып жатпадық. Оның үстіне бұл ұсынысты Түркия Бокс федерациясының президенті, АИБА және ЕАБА-да беделі бар тұлға Канер Доганелидің өзі жасады. 1998 жылдың мамыр айында Минскідегі Еуропа чемпионтына Түркия құрамасының атынан қатысып, чемпион атандым. Өзіме артылған сенімді ақтап қана қоймай, Берлинде неміс Фалька Хустеденге кеткен есемді де қайтардым.– 2001 жылы Түркия құрамасымен бірге әуесқой бокстағы ең ірі жүлдеңізге қол жеткіздіңіз. Осы жеңісіңізден кейін Түркия мемлекеті қандай құрмет көрсетті?
– Біріншіден, менде супертанымалдылық пайда болды. Бұл танымалдылық әлі күнге дейін бар. Екіншіден, Тампердегі жеңісімнен соң Анкарадан пәтер берді. Ал Белфаста алтын алғанда, 40 мың доллар сыйақы табыс етті.
– 2001 жылы әлем чемпионы атанғаннан кейін әуесқой бокстағы карьераңызды аяқтадыңыз. Ерте кеттім деп ойламайсыз ба?
– Жоқ. Сол жылы Жерорта теңізі жағалауы елдерінің чемпионатында жеңіске жеттім. Осыдан соң АҚШ-қа қоныс аударып, өзімді кәсіпқой бокста сынауға бел будым. Ол кезде менің жасым 28-де болатын. Түркия тарапы бұл шешіміме түсіністікпен қарады. Ешқандай алауыздық болған жоқ. Доганели: «Егер Америкада жолың болмай жатса, кез келген уақытта қайтып келуіңе болады» деп өз ризашылығын берді. Осыдан соң Филадельфияға тартып кеттім. Ол жақта орнығып кетуіме достарымның көмегі тиді. Кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуімді 2002 жылдың 21 қарашасында америкалық Роберт Соуверспен өткізіп, ұпай саны бойынша басым түстім. Жалпы, кәсіпқой бокста 16 жекпе-жек өткізіп, оның 14-інде жеңіске жетіппін, 8 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтадым.
– Қазір «Баку оттары» клубында жұмыс істеп жүрсіз. Әзірбайжан командасымен келісімшартыңыз қандай мерзімге жасалды?
– Мұны уақыт көрсетеді. Бұл клубтың алдағы жоспарына байланысты. Қазір WSB додасында топ жару үшін көптеген шаруалар атқарылып жатыр. Бас бапкер Ризван Нурипаша Талыбов – білікті маман. Менің бұл азаматтан үйренерім көп.
– Қателеспесем, бұл сіздің Астанаға жасаған алғашқы сапарыңыз. Елордамыз сіздің жадыңызда несімен есте қалуы мүмкін?
– Иә, Астанаға бірінші рет келіп отырмын. Қала өте ұнады. Адамдары ақжарқын, көңілді. Әсіресе, ғимараттары көзтартарлық. Бір-біріне ұқсамайды, әрқайсына тән өзіндік ерекшелік бар. Сондай-ақ жаңа бокс залының қабырғасынан Бекзат Саттархановтың суретін көріп, Сиднейдегі керемет кезеңдер есіме түсті.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Бек Төлеуов, "Жақсы" порталы