Қазақстандық спортшы Олимпиада ойындарының әділетсіздігіне наразы
2014 ж. 11 ақпан
1966
1
Қазақстандық могулист Юлия Галышева кезекті Олимпиада ойындарына қатысу жоспарымда жоқ деп отыр. Ол бұл туралы BNews.kz-ге берген сұхбатында мәлім етті.
Көрермендер арасында қазақстандық спортшы Юлия Галышеваның көрсеткен өнерін бағалауға қатысты көптеген пікірлер мен келіспеушіліктер туындады. Бірақ, спортшы қыз өзінің жақсы өнер көрсеткеніне сенімді. Себебі, тіпті, өзге елдің жаттықтырушылары келіп, оның жетінші орыннан жоғары болуы тиіс деген пікірлерін білдіріп жатты.
"Негізі, үш пен алтыншы орынның аралығында болам деген жоспар бар еді. Оны жүзеге асыруға сәл ғана жетпей қалды. Бірақ жетінші орын да жаман емес деп ойлаймын", - дейді Юлия Галышева.
Отандық спортшы жарыс барысында америкалық, канадалық спортшылар үздік деп қалыптастып қалған қағиданың кедергі келтіргенін де жасырмады. Оның пікірінше, төрешілер әр стартта ресейліктерді болсын, қазақстандықтарды болсын, тым төмен бағалаған. Алайда оны дәлелдеу мүмкін емес.
Юлия Галышева келесі ойындарда үздік үштікке ілінетініне күмән келтірді. Себебі спортшы бірнәрсе өзгере қоюы қиын екенін алға тартады. Соған қарамастан, Юлия қолдау білдірген барша жұртқа алғысын айтты. Ол Сочиге көп жанкүйер келеді деп ойламағанын баяндады.
"Трибунада Қазақстан туын ұстаған жерлестерімді көргенде қатты қуанып қалдым. Жанкүйерлердің ұрандарын естіп, олардың ыстық ықыласынан қуат алдым", - дейді қазақстандық могулист.
Юлия Галышева әңгіме барысында өзінің келесі Олимпиада ойындарына қатыспайтынын жеткізді. Бірақ, ол спорттан біржола қол үзу туралы нақты шешім қабылдамағанын айтты. Спортшы қыз Сочиде Вакувермен салыстырғанда анағұрлым жақсы екенін де тілге тиек етті. Баспана мен тамақтану жағынан Сочи көбірек көңілінен шығыпты.
Ал трасса жағынан Ванкувердегі жол жақсы әрі жайлы еді, мұнда трасса аса қатты болды", - дейді қазақстандық могулист.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық фристайлер Юлия Галышева могулде Олимпиада ойындарының финалына өте алмай, 21,21 ұпаймен 7-орынға табан тіреген болатын.
Bnews.kz