ХХІІ қысқы Олимпиада ойындары Сочиде басталды
2014 ж. 09 ақпан
3973
0
8 ақпан күнi Ресейдiң Сочи қаласында XXII Қысқы Олимпиада ойындарының алауы жағылды. Төрт жылда бiр келетiн дүбiрлi доданың ашылу салтанаты "Фишт" стадионында Мәскеу уақытымен 20:14 сағатта басталған болатын.
Олимпиада алауының ақтық Эстафетасына атақты ресейлiк спортшылар - жазғы және қысқы олимпиадалардың чемпиондары Мария Шарапова, Елена Исинбаева, Александр Карелин және Алина Кабаева қатысты.
Ал Олимпиаданың алауын тұтату құқығы Роднина мен Третьякке бұйырды. Ашылу салтанатының оқиға сценариi кiшкентай орыс қызының айналасында өрбидi. Оны батпырауық саяхатқа ұшырып әкетiп, табиғаты сан алуан Ресейдiң кең жерiн шолып шығады. Көрермендерге қарапайым орыс деревнясы, Орал өңiрiндегi жанартаулар, Қап таулары, Чукотка жерлерi көрсетiлiп, әр өңiрдiң ұлттық әндерi шырқалды.
Кейiн 180 ұлттың өкiлдерi ортаға шығып, елдiң бiртұтас бiрлiгiнiң мызғымастығын, бұл олардың тарихи мекені екендігін көрсетуге, оны ежелден мекендеген тайпалардың рухани мұрагері тек орыстар болмағандығын танытуға күш салғандығы байқалады. Осыдан соң Ресей әнұраны орындалып, ұлттық байрағы көкке көтерiлдi. Көп кешiкпей, әлемнiң 90-ға тарта мемлекетiнен келген ұлттық құрамалардың шеруi басталып кеттi.
Қазақстан құрамасын шаңғышы Ердос Ахмадиев бастап, елiмiздiң Көк туын шеруде алып, алаң бойымен жүрiп өттi. Бұл шараны ҚР Президентi Н. Назарбаев та стадионнан тамашалап отырды.
Ендi бүгін спорт әлемі үшін үлкен мерекеге айналатын Сочи-2014 Олимпиадасында спорттың 15 түрінен 98 медаль ойнатыла бастайды.
Сочи Олимпиадасында Қазақстан намысын аталмыш дүниежүзілік додада спорттың он түрі бойынша 52 спортшы қорғауға аттанғаны белгiлi. Олардың әрбiр жетiстiгiн бiздiң агенттiк хабарлап отыратын болады. Қазақстан құрамасы өз тарихында Қысқы Олимпиада ойындарына осымен алтыншы рет қатысуға бел буып отыр.
Өткенге көз жүгіртсек, жалпы Тәуелсіздік жылдарында қазақ спортшылары қысқы олимпиада ойындарының 7 медалін ел қоржынына салыпты. Оның ішінде 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль бар.
Еліміздің қоржынына ең көп жүлде салған спортшы - Владимир Смирнов. Ақша қар үстіне шаңғысымен мәңгілік із қалдырып, Тәуелсіз қазақ еліне 1994 жылы Лиллехаммерде өткен Олимпиада ойындарында алғаш рет Олимп алтынын сыйлап еді. Жалпы ол 4 Олимпиада ойындарында 7 мәрте жүлдегер атанған. Солардың төртеуі егеменді Қазақстан елінің еншісіне жазылды: бір алтын, екі күміс, бір қола.
Қазақпарат