Елдің намысы – ердің намысы
2013 ж. 11 қараша
54816
29
Намыс... Адамға абырой әкеліп, азаматтығыңды айқындайтын қасиет. Ер-жігіттің басын идірмейтін де, үмітін сөндірмейтін де – намыс. Ал оның туын түсірсең, заңғар көрінген тауың шағылады, жалған ұраның жарға жығылады. Осы сөздердің мағынасын мақсатына жаратқан. Әр сөзінде «Алласы» мен «Алашы» ұмытпаған Құттықожа перзенті, талай сақа спортшының сағын сындырған оғлан, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаровпен әңгімелесіудің сәтті түсті.
– Ардақ аға, әңгіменің әлқисасын туған жеріңізден бастасақ? – Алматы облысының тумасымын. Кіндік қаным 1980 жылы Райымбек ауданының Қапақ ауылына тамған. Сол мекенді еміп өстім, сол топырақта бұғанам бекіді. Қарапайым отбасыда дүниеге келдім. Анам алты құрсақ көтерген. 5 ұл, бір қыз. – Спортқа келуіңізге кім ықпал жасады? – Спортқа деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Әуелде көптен көрген жаттығуларға бой үйреттім. Кейіннен дене шынықтыруға шындап кірістім. Тау жағалап, табан күстедім. Өзен кешіп, шақырымдап жүгірдім. Ойын баласының спортқа деген мұндай талпынысын ең алғаш анам байқапты. Ең алғаш етек жеңімізді жинап, қазақ елі егемендігін алған кезде анам мені күрес мектебіне алып барды. Өзімнің нағашы ағам Сарқытбек Батырхановтың қолында жаттығып, «грек-рим» және «еркін» күресті менгердім. Сол кісінің тәрбиесінде болдым. Бірақ, спорт жолына келуіме анамның ықпалы көп болды. Менің спортқа деген қызығушылығым сол кезден бастау алды. – Метепті бітірген соң, спортты қоя тұрып басқа маман иесі атансам деген ой болмады ма? – Қабырғам қатпай жатып, белдесуден бекзат өнерге тыңғылықты ден қойып, Алматыға келгенде де сүйікті ісіммен айналысуды шет қалдырмадым. Жаттығуларымды үдете түстім. Бойымдағы бар жігерімді салып, тәлімгер шағымда өзге мемлекеттен ағылған ұрыс өнерлерін меңгеруге ден қойдым. Ал, біраз уақытта байрақты бәсекелерде топ жардым. Бойымда қағілездік пен қажыр-қайратым болғандықтан, өзімнің алдағы өмірімді спортқа арнадым. Жарғақ құлағым жастыққа тимей, жаттықтырушы маңынан бір елі ұзамадым. Ұрыстың соңғы тәсілдерін кеңінен меңгердім, белдесудің айла-амалдарын санама тоқыдым. – Ең алғаш рет ұрыс алаңына шыққаныңыз есіңізде ме? – Ең алғаш Талғар қаласында «грек-рим» күресінен бағымды сынадым. Алла қалап, бірінші күресімде-ақ жеңіске қол жеткіздім. Жарыстың жеңімпазы болғандығыма арнап үлкен сағат тарту етті. Ол сағат мен үшін өте қымбат. Себебі, өнер жолындағы ең алғашқы сыйлығым, күресте тапқан алғашқы табысым. Кейіннен 1999-2001 жылдар аралығында Джиу-Джитсудан көптеген халықаралық жарыстарда көк туымызды желбіреттім. Ал, 2001 жылдың желтоқсан айынан бастап, ережесіз жекпе-жекке толықтай бас қойдым. – Ардақ аға, ең алғаш әлемдік жекпе-жекке шыққанда қандай күйде болдыңыз? – Ең алғаш өз бойымдағы күш-қуатты, қазақ жігіттіне тән жігерді көргім келді. Әрбір додада өзімді сынға алып отырдым. Алла сәтін салып, әлемдік додаларға шыққан кезде мен өзім үшін емес, қазақ елінің абыройын арқалап шыққанымды түсіндім. Алты алаштың абыройы менің қолымда болды. Әлемдік ареналарда қазақтың көк байрағын арқалап шығамыз, жеңсең қазақтың абыройын асқақтатқаның, қазақтың кім екенін төрткіл дүниеге танытқаның. Өзімді ешқашан аяғаным жоқ... – Ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионысыз. Осындай дәрежеге жету қаншалықты қиын болды? – Бірінші – Алла, екінші – елімнің арқасында жеңіске жеттім. Дегенмен, «ұлтым» деген намыс – қандай бәсеке болмасын ел абыройын үстем етуге жетелейді. Сол талпынысыммен тектілердің тұяғы, қайсар бабалардың ұланы екенімді дәлелдедім. Бүгінде ережесіз жекпе-жектен 3 дүркін әлем чемпионы және әлем кубогінің иегері, Еуразияның екі дүркін жеңімпазымын. Бұл ересен еңбектің, қажырлылығым мен табандылығымның айғағы. – Жеңіске жету үшін адам өзін қалай тәрбиелеу керек? – Адам жеңіске жету үшін, ең алдымен, өзін жеңе білу керек. Мен үнемі достарыма, бауырларыма: «Біреуді жеңбес бұрын, алдымен, өзіңді жеңіп ал!» – дегенді айтып отырамын. Өйткені, адамның өз нәпсісін жеңуі оңай емес. Себебі, көптеген жиын-тойлардан, әдемі отырыстардан, көңіл қалауларынан бас тартуға тура келеді. – Қазір қолға алып жатқан бастамаларыңызбен бөлісе отырсаңыз? – Жақында өзімнің бапкерім Сағатбек Мұсахановтың батасын алып, өз алдыма жеке мектеп аштым. Ондағы мақсатым – қазақтың мұқалмас қажыр иесі, қара күштің атасы екендігін дәлелдеп, қазақтың қарадомалақ балаларын әлемге таныту. Мектептің атын «Әлем Файтерс» деп қойдық. – «Әлем Файтерс» деген қандай мағына береді? – «Әлем Файтерс» – деген әлем жауынгерлері деген мағынаны білдіреді. Біздің алға қойған мақсат – төрткіл дүниеге Қазақ елін таныту. Әр елге барған сайын көк туымызды көтеріп, ән-ұранымызды шырқату. Бұл менің ашқан мектебімнің басты міндеті. Қазіргі таңда Қарағанды қаласында ашылды. Осы мектептердің жалғасы ретінде, Алла қаласа, Атырау қаласында ашылмақ. – Қазіргі таңда жекпе-жек қаншалықты даму үстінде? – Жалпы, ережесіз жекпе-жек ХІ ғасырдың спорты. Бокстан әлем чемпионы Майк Тайсонның айтқан мынадай сөзі бар: «Кімде-кім УФС қарамаса, ол нағыз жігіт емес», – деген. Бүгінгі таңда жекпе-жек ойындары әлемге құлашын кеңінен жайды. Қазір Жапонияда, Бразилияда, Голландияда, тіпті, мынау көршілес Ресейдің өзінде дамып жатыр. Қытайдың өзінде жекпе-жекке жастарды баулу үшін қомақты қаржы бөлініп отыр. Қазақстанда да бұл спорт түрінен кенже қалмады. Ауыз толтырып айтатындай жеңістеріміз болмаса да, жігіттеріміз көштен қалмай өнер көрсетіп жүр. Ондағы мақсат – халықтың рухын көтеру, жастарды спортқа баулу. – Қазақ жігіттерін әлемдік аренаға шығарып, ел мерейін үстем ету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Қазіргі таңда көрші елдерден көптеген ұсыныстар түсуде. Шетелдік промоутерлік компаниялармен, Еуропамен, Тайландпен, Қытай елімен тығыз байланыс жүргізіп жатырмыз. Таяуда Пекин қаласында «Урнифул» деген әлемге танымал үлкен версияға келісім-шартқа отырып қайттық. Қазіргі сәтте біз 3 бағытта жұмыс жасап жатырмыз. «Муай тай» және «К1» түрі бойынша. Сонымен қатар, кәсіпқой бокс түрімен де жаттығу үстіндеміз. Алдағы күндерде таэквондо, бокс, күрес, каратэ, дзюдо түрлерінің барлығын қосамыз. Біздің басты мақсатымыз – қазақ жігіттерін Америка төрінде атой салдыру. Қазірдің өзінде 300-ге тарта жігіттер Қарағандыда дайындалып жатыр. Бүгінде біздің жолымызды қуып, тай тұяғын құлын басып жүрген талантты жастар таныла бастады. Келешектерінен кемел үміт күттіреді. Қазір сол оғландар қазақтың қанына өтіп, сүйегіне сіңген текті өнердің салмағын түсірмеу үшін аянбай тер төгу үстінде. Ата-баба аманатын арқалап, арды атақтан биік қоятын, зілбатпанды көтеріп, белі қайыспай алшаң басатын қазақтың марқасқа жігіттері аз емес. Нық басылған әр қадам – биік тұғырға жетелейді. Сол мұзартқа қона білсең, ел мерейі үстем болады, туған халқың төрткүл дүниеге мәшһүр атанады. Өйткені, қашанда елдің намысы – ердің намысы. Ардақтың армандары асқақ. Ол алдына әлемнің 5 дүркін чемпионы болу дейтін меже қойып, аянбай тер төгуде. Тілегіміз – шартарапта көк байрақты тік көтеріп, қазақ атын асқақтата берсін!
Назым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ