Құдай берді, қазақ жеңді!

шахтер1

Айбары асқан «Астана-Аре­на» стадионында ине шан­шыр жер қалмады. Қазақтың «Шахтері» мен шотландияның «Селтигі»-нің кездесуінде «Шахтерге» шабыт беру үшін 30 мың жанкүйер бас қосты. Жалғыз Қарағандының өзінен жерлестеріне қолдау көрсетуге 10 мыңнан астам адам Астанаға арнайы ат басын тіреді. Екі жыл қатарынан елімізде ешкімге тізгін бермей, чемпион ата­нып келген «Шахтер»-дің оңайлықпен берілмейтініне жанкүйерлер сенімді еді. Кейбіреулер жерлестеріміздің жеңісіне алдын-ала болжамдар да жасады.

Кездесу тартысты басталды Еуропа серкелері бірден шабуылға көшіп, қазақтарды ықтырып алуға тырысқанымен, қасиетті жердің қожайындары қонақтардың еңселі елде еркінсуіне жол бермеді. Ойынның 12-ші минутында-ақ туған жері мен текті елінің қызу қолдауына қанаттанған «Шахтер»- дің капитаны Андрей Финонченко қонақтардың қақпасының кілтін тапты.

Ойы онға бөлініп, сезімі сергелдеңге түскен «Селтик»- тің бас бапкері Нил Леннон бы­лай деді: « Қазақ футболшылары қалыпты (стандартты) жағдайды шебер пайдаланады екен. «Шах­тер» британдық стилде ойнады. Бірақ, біз әлі жеңілген жоқпыз, өз жерімізде өтетін ойында мүмкіндікті тиімді пайдалануға тыры­самыз».

Қарағаныдылық аяқ доп қырандары ойынның екінші жартысын да сергек сеніммен бастады. «Селтиктен» сескенген кеншілерді көрмедік. Әрине, алыс- беріс, тартыс-қағыс күшейе түсті. Сөйтіп, қазақта киелі сан санала­тын ойынның 77-ші минутында Хижниченко есемізді молайтып, есебімізді түгендеді.

Не керек, Құдай берді, «Шахтер» жеңді! Қарағандының «Шахтері» маңызы айрықша жеңіске қол жеткізді. «Шахтер» Еуропа футболының тарихына жаңалық енгізіп, жаңа парақтар ашты. Өйткені, «Селтик» сынды әлемге әйгілі топ бұрын-соңды буыны қатпаған командаға тізе бүкпеген еді. «Астана-Арена» стадионындағы қарағандылық «Шахтер» мен шотландиялық «Селтиктің» кездесу нәтижесіне шетелдік мамандар жоғары баға беруде.

«Шахтер»-дің бас бапкері Виктор Кумыков шын қуанышын жасыра алмады: «Біз екі голды да қарымта шабуылда салдық. Сондықтан, Шотландияда өтетін ойын бізге оңайға соқпайды. Біздің басты мақсатымыз – топтық кезеңге жету үшін, тым болмаса, тең түсу»

Еуропаның азулы командала­рымен кездесу өткізіп көрмеген «Шахтердің» «Селтикті» тізе бүктіруі талайларды қайран қалдырды. Шетелдік басылым­дар қазақтардың жеңісіне таң- тамаша болып, оң бағасын беруде. Өз елімізде де кеншілердің ерлігі жан-жақты талқыға түсіп жатыр. Жұрт жерлестеріміздің жеңісін команданың ерекше тактикасы­мен, бапкердің біліктілігімен және сан мыңдаған жанкүйерлердің қызу қолдауымен байланыстыр­ды. Қонақтар болса, Глазго­да өтетін қарымта кездесуде есе қайтаратындарына сенімді.

«Шахтердің» «Селтикпен» ойыны – Чемпиондар Лигасындағы үшінші кездесуі. Бұған дейін қарағандылықтар Беларустың «БАТЭ»-сін және албаниялық «Скендербеуін» тізе бүктірген бола­тын. 28-ші тамызда Шотландияның Глазго қаласында өтетін қарымта ойында жеңіске жетсек, Чемпи­ондар Лигасының топтық кезеңіне жолдама алатын боламыз.

Мирас ШЕКБАЙ